Айтайын дегенім…

Наурыздағы наз

Наз деген әркімнің көңіл түйткілінің жеңіл бір түрі ғой. Наурызға орайластырып, солай деп жатырмыз. Әйтпесе, редакциямызға жеке кәсіпкер Серікбай Сағындықовты алып келген мәселе жеңіл-желпіден емес. Билік басындағылар ойланса, түсіп алған соқпағымен кете бермей, өз ұлтының жоқ-жітігіне, тілек-бұйымтайына жете көңіл бөлсе дейміз.
Осы бертін облыс орталығы Көкшетау қаласында грант арқылы қаржыландыруға конкурс өткен. Сол конкурсқа біз атаған азамат та қатысып, «құйрық бауыр» деген жобасына грант ұтып алмақшы болады.
Шіркін, құйрық бауыр қазақтың төл сөзі емес пе. «Құйрық бауыр» десең, қазақтың құдалығы еске түседі. Тоқ ас, сыйлы ас, құда мен құданы мың жылдыққа айырылмас туыс етіп жіберетін жөн-жобалы ас. «Құйрық-бауыр жестік, құда-бауыр дестік» демей ме. Осы отырғанда да аузыңа тіл үйірер алабөтен дәмі келіп қалады. Сондықтан, орыстың бутерброды сияқты қазақтың да құйрық бауырын елге ұсынамын, көпке танытамын деген кәсіпкерде жазық жоқ. Жазық соны түсінбей, керек қылмай, күлкі қылып, артықшылықты күнде көріп жүрген блиныға берген комиссия мүшелерінде. Оған:
– Осы бір танымал тағамға соншалықты көңілім ауып, грант алғым келіп еді. Өйткені, шикізат, тоңазытқыш, вакумды орама сияқты керек-жарақтарға қаржы керек болатын. Бірақ, комиссия отырысында маңдайым тасқа соғылғандай болып, ұлттық тұрғыда ешкімге ештеңе керек жоқтай әсерде қалдым. Ықылас білдіріп, жөнді бір сұрақ та қойған жоқ. Тек бар сұрағандары «жобаңды қалай атайсың?» деді. «Құйрық бауыр» деп едім, күлді. Өздері соны жүз граммен талай сүйсініп асады ғой. Енді мен соны өндірістік жолға қойып, кәдімгі өзінің бар жөн-жосығымен өзгелерге де қасиетін білгізсем, несі айып екен?! Онсыз да айналамызда сендвич, бургер, хот-дог дей ме, басқалардың шекара асып келген өнімі қаптап тұр ғой. Солардың арасында қойдың құйрығы мен бауырынан әдемі етіп кесілген, көз тартып, тәбетіңді ашар, емдік қасиеті де жоқ емес біздің өніміміз тұрса артық па? Жұрт оған да көз салып, өз керегін таңдасын. Әрбірден соң бұл біле білсек, келімді-кетімді туристерге де таңсық ас,–деп қынжылған кәсіпкердің өз сөзі де дәлел.
Әрі қарай не айтайық. Конкурсқа алғаш үкілеп қосқан құйрық бауырдан да блиныдың жолы болғанының өзі бізсіз-ақ көп жайды аңғартқандай.
–Әйтпесе, кейін ысыратын жоба ма?! Бізде керексіз болса да, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында қолға алып жатыр. Беттің қайтқаны осы,–деп қояды тағы Серікбай бауырымыз.
Осы Көкшетауда айтпақшы, түрік, өзбек, армянның қоғамдық тамақтандыру орындары бар да, қазақтың бір ұлттық асханасын таба алмайсыз. Мұның бәрін айта берсең, «Наурыздағы наз» емес, «Наурыздағы мұң» болып кетеді…
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар