Оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары табиғат аясында демалуға жазғы лагерьлерге баруға асығады. Жайраңдаған жаздың қуаныш пен шаттыққа толы ұмытылмас сәттері балалардың осындай жазғы демалыс лагерінен бастау алары сөзсіз. Осыған орай, Зеренді ауданындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы (спорттық сауықтыру кешені) балалардың жазғы демалыс лагері маусым айынан бес ауысым бойынша жұмыс істейді.
Бүгінде жазғы демалыс орнында 100 балдырған уақыттарын көңілді өткізуде. Олардың ішінде көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары бар. Қазіргі демалыс лагерінде төртінші ауысымда барлығы тоқсан бала демалыстарын алаңсыз өткізуде.
– Аудандық мешіттен әлеуметтік жағынан аз қамтылған балалардың тізімін алып, 20 балаға лагерьдің атынан тегін жолдама ұйымдастырдық. Мұндағы демалушылардың денсаулықтарын дәрігер күнделікті тексеріп, олармен сауықтыру іс-шараларын жүргізеді. Бізде балалардың жаз мезгілінде тынығуына барлық жағдай жасалған, – дейді лагерь басшысы Қадиша Жапарова.
Жазғы лагерьде балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмаған. Арнайы бекітілген ас мәзірі бойынша балаларға бес мезгіл тамақ беріледі. Олардың емін-еркін ойнауына арналған арнайы алаңдар, бөлмелер жабдықталған, демалушылар ойын-сауық құралдарымен толық қамтамасыз етілген, музыкалық, спорттық, шығармашылық және интеллектуалдық сайыстарға да белсене қатысады. Әртүрлі мәдени іс-шаралар, спорттық ойындар өткізіп жүрген тәрбиешілер мен жаттықтырушылар, музыка жетекшілері «Көкше» академиясы мен Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж студенттері. Олар лагерь демалушыларына түрлі ойындар ойнатып, дойбы, шахмат жарыстары, тақырып бойынша тапқырлық, сөз жұмбақ сайыстарын ұйымдастырып тұрады. Бір мезгіл балдырғандар сурет салып, тақпақ жаттап, ән салады. Күнделікті жоспар бойынша таңертеңгілік жаттығулар, ертеңгіліктер, сайыс-тар өтеді. Тәрбиешілер әр күнге белгіленген түрлі мерекелік іс-шараларды ұйымдастырып, балғындардың демалысы қызыққа, қуанышқа толы болуына күш салуда. «Көңілді старт», «Джунгли», тағы басқа сайыстарға оқушылар қызығушылықпен қатысады. Әдеп туралы әңгіме, әсемдік жайлы мақал-мәтел жарыстары да өткізіліп тұрады екен. Балалардың көңілді демалып жатқандығы жүздерінен-ақ байқалып тұр.
Қадиша Құмарқызы да келгендеріне аз уақыт болса да, әр отбасынан, әр мектептен жиналған балалар бір үйдің баласындай, бір-біріне бауыр басып үлгергенін де мақтанышпен жеткізді.
Иә, қай баламен әңгімелессең де, жаз мезгілін жыл сайын асыға күтетінін, балалардың жазғы лагерьге келу арқылы көп дос табатынын, түрлі іс-шараларға қатысып, көңіл көтеретінін айтып мәз-мейрам болысады. Лагерьдегі әр күндері мәнді де сәнді өтуде. Бұл тұста балалардың демалыс күндерін қызықты өткізуге үлес қосқан тәрбиешілердің еңбектері де бір төбе. Олар лагерьдегі іс-шаралардың қызықты, көңілді өткізілуіне мол өз үлестерін қосқаны байқалып тұр. Осылайша, зерлі Зеренді көлінің жағасында орналасқан Мәлік Ғабдуллин атындағы спорттық сауықтыру кешені оқушылардың көңілінен шыққаны соншалық, демалыстары аяқталып, үйлеріне қайтар сәтте қимай қоштасып жатты.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ