Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шоқан Уәлиханов – 185 - АРҚА АЖАРЫ

Шоқан Уәлиханов – 185

Әлем мойындаған жарық жұлдыз

2020 жылы қараша айында қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, ғалым, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың туғанына 185 жыл толады. Ш.Уәлиханов – дүние жүзі ғылымына қомақты үлес қосқан, әлемге танылған алғашқы қазақ ғалымы. Оның шығармалары мен еңбектері күні бүгінге дейін ғылыми, жаңашыл құндылығын жойған жоқ.

Құйрықты жұлдыз секілді,
Туды да, көп тұрмады.
Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады, –
дейді хакім Абай. Бұл сөздер құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, ғылым мен әдебиет саласында жаңашыл көзқарас пен ғылыми жаңалықтар тудырған, әлем мойындаған дара тұлға Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановқа арналған еді. Шығыстану көгінде, халқымыздың тарихи болмысының биігінде мәңгілікке жарқырап тұрған жарық жұлдыз Шоқан Уәлихановтың туғанына (1835-1865 ж.ж) биыл 185 жыл. Шоқан жас балауса шағын өткізген Сырымбет күллі қазақ үшін қасиетті мекен.
Шоқан Уәлиханов – ұлы ағартушы, демократ, қазақтың ғұлама ғалымы, шығыстанушы, тарихшы, этнограф, фольклорист, яғни, энциклопедист ғалым. Ол аз ғана өмірінде Орталық Азия халықтарының тарихына, географиясына, фольклорына және қоғамдық-саяси құрылысына арналған көптеген құнды еңбектер қалдырған. Оның осындай мұрасының бір бөлігін бейнелеу өнері саласындағы еңбектері құрайды. Ол негізінен портрет, пейзаж салу және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеу жанрымен айналысқан. Артында 150-ге тарта суреті қалған.
«Оның бойында тарихшының, географтың, әдебиетшінің, тіл білімін зерттеушінің және жауынгердің таланты үйлесім тапты. Пенде атаулыда сирек кездесетін ұлы талант оған шынайы дос-
тарды сыйға тартты», – деп жазады Олжас Сүлейменов. Осы орайда, ғалымның тарих саласына қосқан үлесі орасан зор еді. Туған елі мен жеріне деген патриоттық сезіммен өрілген махаббат Шоқанның қазақ халқы тарихының ғылыми негізін қалауына жол ашты.
Ғалымның этнографиялық жазбалары, тарихи зерттеулері күні бүгінге дейін құндылығын жойған емес. ХІХ ғасырда «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған ірі ғалым
Ш.Уәлихановтың еңбегі елеулі. Кейін бұл мұралар Г.Потаниннің кітаптарында жарияланған. Ш.Уәлиханов еңбектерінде Есім хан, Тәуке хан, Сәмеке мен Әбілмәмбеттің ұрпақтарына қатысты шежірелер туралы айтылады. Шоқан жазған шежірелік шығармалардың ең әйгілісі – «Абылай», «Қырғыз рулары», «Ұлы жүз туралы», «Ұлы жүздің аңыз-әпсаналары», «XVIII ғасырдағы батырлар жыры», тағы басқалары. Қазақ ғалымы Шоқан ұлттық шектеушілікке ашықтан-ашық қарсы болды. Халықтар достығы бастамасын қолдап, қорғады.
Ғұлама тұлғаның 185 жылдығына орай, өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шаралар Қазақстанның білімі мен ғылымының алдыңғы шебінен орын алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Рухани жаңғыру» жобасы аясында барынша аталып өтіп жатыр. Студенттер мен оқытушы-профессорлар қауымы ол шараларға белсене ат салысуда.
Бүгінгі таңда Шоқан Уәлихановтың бастамасы, яғни, көрегендік идеясы еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізген ішкі және сыртқы саясатында нақты көрініс тауып, іске асырылуда деп сеніммен айтуға болады. Ғалымның қысқа ғұмырында атқарған ерен еңбегінің тағылымы тек Қазақстан үшін емес, сонымен қатар, Орта Азия мен Еуропа елдері үшін де өшпес рух, өлмес мұра.

Ф.ҚОЗЫБАҚОВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, ғылыми жоба жетекшісі.
Кәмила ҚҰРМАШ,
филология және әлем тілдері факультетінің студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар