Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үйде отырмыз ғой! Баламыздың тәрбиесіне де көңіл бөлейікші! - АРҚА АЖАРЫ

Үйде отырмыз ғой! Баламыздың тәрбиесіне де көңіл бөлейікші!

Алғаш Қытайдың Ухань қаласында анықталып, әлемге тарап кеткен Сovid-19 коронавирус ауруы баршамызды әуре-сарсаңға салып жатыр. Бұл ауру ауа тамшылары және кез-келген заттар арқылы жұғып, адамның өкпесіне тікелей барып, тыныс жолдарын зақымдайтындықтан, адамзат үшін өте қауіпті.

Сондықтан, төрткүл дүниеде бұл дертпен күресу жолында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Осы дертке тосқауыл қою мақсатында бүгінгі күні елімізде карантин жарияланып, адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылды. Кейбіреулерінің бизнесі тоқтап, енді біреулері ақы төленбейтін демалысқа шықты. Өз басым, қазіргі сәтті бала тәрбиесіне көңіл бөлу үшін таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Себебі, бала-бақша жабылып, мектеп оқушылары мен студенттер толығымен қашықтықтан оқуға көшті. Демек, ата-ана да, бала да үйде отыр. Бұл дегеніміз, ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлуіне уақыты жетерлік.
Жуырда дамыған 73 мемлекеттердің арасында «Балаларды тәрбиелеудегі үздік елдердің рейтингі» жаһандық сауалнамасы жүргізілген екен. Оның нәтижесі US News басылымында жарияланыпты.Сауалнамада көрсетілген мәліметтерге сәйкес, Қазақстан бала тәрбиесі жағынан 73 елдің ішінде соңғы орынға жайғасыпты. Меніңше, «неге бұлай?» деген сауал төңірегінде қоғам болып ойлануымыз керек.
Өйткені, біздің мемлекетте жасөспірімдердің арасында суицид, нашақорлық сияқты келеңсіз жағдайлар етек жайып келеді. Ерлі-зайыптылардың арасында ұрыс-керіс, дау-дамай жиі орын алып, ақыр соңында ажырасу деректері жыл санап көбейіп барады. Осының барлығынан ең көп зардап шегетіндер балалар екенін ұмытпайық.
Біз қоғам болып бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, оны терең зерттеуіміз керек. Бұл қиындықтардың туындау себептері өте көп. Соның ішінде, қаражаттың жетіспеушілігі, жастардың отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінбеуі, жас жұбайлардың бір-біріне жеткілікті түрде көңіл бөлмеуі және тағы басқа мәселелер бар. Біз қандай да бір оғаш әрекет жасағанда, арада бала бар екенін және ол бізге қарап өсетінін ұмытып кетеміз. Жоғарыда айтып кеткен мәселелердің туындауының басты себебі, тұрмыстық ахуал деп ойлаймын. Өйткені, біз отбасымызда атқарылатын өз міндеттерімізді ұмытқан сияқтымыз. Ер азамат отбасының тірегі, асыраушысы болса, әйел адам бала тәрбиесіне көңіл бөліп, ерінің жағдайын жасап тұруы қажет.
Өкінішке орай, қымбатшылықтың, жалақының жетіспеуінің салдарынан ерімен бірге әйел де жұмыс істеуге мәжбүр. Әйел адамға бала күтіміне байланысты берілетін демалыс мерзімі үш жыл болғанымен, оның бір жылына ғана жәрдемақы беріледі. Сондағысы жәрдемақы көлемі мардымсыз, олай тартсаң да, былай тартсаң да жетпейді. Соның салдарынан әйелдер баласы жасқа толар-толмаста жұмысқа шығуға бел буады. Ал, баласы болса, біресе анау туысының, біресе мынау туысының тәрбиесін алып жүреді. Туыс болса, жақсы ғой. Кейбіреулерінде ол да жоқ, сөйтіп, бала күтуші жалдайды. Осылай бала әркімнің тәрбиесін алып, ата-ананың мейіріміне зәру болып өседі және жаман әдеттерге бейім болады. Осының салдарынан бала бетімен кетіп, қылмыс жасап, болашағына балта шауып жатады.
Елімізде енгізілген карантин бір жағынан Жаратушының жіберген сынағы болса, екінші жағынан балаға көңіл бөлуге таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын. Қашықтықтан жұмыс істеуге көшкен ата-ана балаға көңіл бөліп жатыр. Бала да ата-ананың мейіріміне бөленіп, уақытын тиімді өткізуде. Мен де үш баланың анасымын. Мектеп оқушылары қашықтықтан білім алуға көшкендіктен, балаларымның сабағына көмектесудемін. Қазіргідей қиын жағдайда барша жерлестеріме үйде қалыңыз, балаңызға көңіл бөліңіз дер едім. Тәрбие тал бесіктен демекші, осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сәл де болса, бала тәрбиесінде жіберген олқылықтардың орнын толтырайық, ағайын!
Жанерке РАМАЗАНҚЫЗЫ.
Талапкер ауылы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар