Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жетісудан жеткен достық көш - АРҚА АЖАРЫ

Жетісудан жеткен достық көш

Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы аясында құрамында этно-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері бар Алматы облысының делегациясы Көкше жеріне табан тіреді. Алыстан ат арылтып келген  құрметті қонақтарды ақмолалықтар шашу шашып, арнау айтып, бар сән-салтанатымен қарсы алды.

  Достық үйінде «Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асырудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында олар ұлттар арасындағы достықты нығайту бағытындағы өз тәжірибелерімен бөлісті. Жиынды Қазақстан халқы Ақмола ассамб-леясы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттағы «Достық» депутаттық тобының жетекшісі Елена Мащинская ашып, бейбітшілік пен келісімнің баға жетпес құндылық екенін сезіндірер мұндай шаралардың маңызына тоқталып өтті. Мемлекет басшысының өзі ашып берген аталған достық ордасын, онда 15 этно-мәдени бірлестіктің барын тілге тиек етіп, бұл қоғамдық ұйымдар жұмысының өңірдегі ырыс пен ынтымақты еселеп отырғандығын айтты.
Бұдан кейін өздерін жылы қабылдаған көкшеліктерге деген зор ықыласын білдірген Алматы облыстық Достық үйінің директоры Жанат Сәдеков болса, 103-тен астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті тұрып жатқан аймақтағы этно-саясаттың басым бағыттарына тоқталып өтті. Өңір халқы бейбітшілік пен келісімге, татулық пен тұрақтылыққа тәу етіп, осы  бейқам күнге тәубе дейді. Облыстың жер көлемінің біздікіне қарағанда үлкендігінен болар, онда бүгінде жемісті қызмет атқарып жатқан этно-мәдени саладағы бірлестіктердің саны жетпіске жуықтаған.
«Вайнах» Ақмола облысының шешен-ингуш қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиевтің де ассамблеяның рөлі жайлы айтары аз емес. Бүгінде «Қазақстан» деп аталған берекелі шаңырақты мекен етіп отырған олар шеттен қудаланып келген ата-бабаларына риясыз қамқорлық көрсеткен қазақтарға шексіз риза, олардың алдында бас иеді. Ал, бірлестік болса, осы халықтардың салт-дәстүр, мәдениетін сақтап, дамытумен ғана емес,  жас ұрпақты еліміздің тарихымен таныстырып, оларды қазақстандық патрио-тизмге, отаншылдыққа тәрбиелеумен де айналысады.
«Видергебурт» Ақмола облысының неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігінің де алға қойған басты мақсаты – осы. Бірлестік үйлестірушісі Любовь Ленёва Алматы облысының қазақтың басты мәдени ошақтарының бірі болғандығын, қазір де өркениеттің ордасы екендігін айтып, қонақтарға деген ерекше ілтипатын білдірді. Шығыс мәдениетіне деген құрметін сездірген шешен ғұлама Яссауидің хикметтерін оқып берді.
Аймақтардағы тұрақтылықты сақтаудағы қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі айрықша. Осы орайда, сөз алған «Алакөл. Социум. Диалог»  қоғамдық бірлестігінің төрайымы Клавдия Власенко Алматы облысының Алакөл ауданындағы ауылдық округтер арасында ең үздік қоғамдық келісім кеңесін анықтау бағытында өткізілген  байқау мен оның нәтижелерін баяндады. Оның
айтуынша, мұндай сайыстар жергілікті жердегі биліктің  қоғамдық келісім саласындағы жұмысын жандандыруға септеседі. Бұдан басқа, қоғамдық ұйым гендерлік саясат, нәзік жандыларды бизнеске тарту, мүмкіндігі шектеулі жандарға нақты көмек көрсету бойынша ауқымды шараларды жүзеге асырып келеді екен.
«Ахыска» түрік мәдени орталығы төрағасының орынбасары,  Еңбекші қазақ ауданындағы Бейімбет Майлин атындағы орта мектептің директоры Зульфия Раджапова да еліміздегі достық жайлы салмақты ойын ортаға салды. Орталық негізінен жас ұрпақты сатылмайтын құндылықтар – Отан, ата-ана мен дінді қастерлеуге баулу бағытында жұмыс істейді. Әсіресе, қыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін көрінеді.
Осы орайда, өңірдегі бірлікті нығайту бағытында «Ассамблея – бірлікке
бастар жол» атты ауқымды мега-жобаның өткізілгендігі белгілі. Шара барысында аталған жобаның белсенді қатысушыларының бірі – Ақмола облыстық телекоммуникациялар дирекциясының қоғаммен байланыс жөніндегі маманы Қабиба Бекмағамбетова 1600-ден астам өңір тұрғыны еңбек ететін аса ірі кәсіпорынның тынысы, ондағы өзара татулық мәселелеріне тоқталып өтті.
Делегация мүшелері Қазақстанның Швейцариясы, барша қазақтың мақтанышы, табиғаты тамылжыған суреттей Бурабай мен облыс орталығы Көкшетау қаласын  аралап, өлкеміздің сұлулығына  таңданыстарын жеткізіп жатты. Артынша, Алматы облысының белгілі өнерпаздары Достық үйінде концерт беріп, көкшелік көрерменнің қошеметіне бөленді.

 

Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар