Ашамай
Карантин басталғалы әншейінде үй бетін көрмейтін бала-шаға төрт қабырғаның ішіне қамалған. Бестен жаңа асқан Айтуар қонақ бөлмедегі диванның жұмсақ жақтауын ат қып мініп, құйғытып шауып барады.
Қала баласына бәрі таңсық. Әуелі әлгі диванның жұмсақ жақтауына аттанар жағына мінгеніне таң қалдым. Ешкім үйретпеген, атқа осылай міну қажет екендігі жөнінде жөн нұсқамаған. Бәлкім ат үстінде өткен ата-бабамыздың қанындағы қасиет өз-өзінен даритын шығар. Қолындағы әншейін әдемілік үшін істеген кішкентай қамшымен диван-аттың сауырынынан салып-салып қалып, шу-шулеп қояды.
Осы сәтте ойыма шын атқа мінгізу түскен. Карантин біткен соң ауылға, үлкен ағайдың шаңырағына апармақпын. Ол үйде мініс, жуас аттар бар. Тек ертоқым қайдан табылар екен. Өткенде бір әңгімеден әңгіме туындап, қазақы ертоқымның қат екендігін айтып отырған.
–Біздікі шылдыр шүмектің жуандығындай темірмен қаусыра қапталған орыс ертоқымы ғой,–деген ағам,–бар болғырдың жайсыздығы сондай, аттың шоқтығын алып тастайды. Тоқымын қанша қалың салсаң да, темірдің аты темір емес пе? Қазақы жылқының тұрқын кішірейткен осы орыс ертоқымы ма деп ойлаймын кейде.
Кішкентай бала жап-жалпақ әрі ересен ебедейсіз орыс ертоқымына отыра алмауы мүмкін. Бойын билей алмай, құлап қалуы кәдік. Енді не істеу керек. Сол сәтте ашамайдың есіме түскені. Дәл қазір ашамайды біздің өңірде бала түгіл ата сақалы аузына шыққандар да біле бермейді. Іле індете іздедік, қырық жыл жылқы баққан Жетпіс ағатайым да білмейді екен. Тіпті естімеген:
–Ол не, ырым ба? – деп сұрайды.
Ашамай негізінде баланы атқа мінуге үйрету үшін пайдаланатын ертоқымның ең қарапайым түрі. Ер сияқты алдыңғы, артқы қастары, екі қапталы болады. Әдетте үзеңгінің орнына тебінгіге жапсырыла тігілген тепкішек тігіледі. Жұқа, жұмсақ болған соң баланың сирағын жараламайды. Әдемі болуы үшін беті көзтартарлықтай етіп кестеленеді. Аңғарымпаз баланың аңғал көңілін аулау үшін қажет шығар. Алдыңғы, артқы қасына баланың қолтығының астынан байлайтын ағаш бекітіледі. Құлап қалмауы үшін. Ілкі заманда үш жасқа толысымен атқа ашамай салып үйрете бастаған екен. Ал, біздікі бестен асып кетті. Әлі диванның жақтауын ат қып мініп ойнап отыр.
Осыдан карантин бітсін деп, іштей кіжіндім мен. Ағатайымның үйіне, яғни, атасына алып барамын. Ашамайлап атқа мінгіземін. Бәлкім, бәсіреге бір тай атар. Қиял көкжиегі бәсіреге жеткенде ұры ойдың қылаң бергені. Тай атаса, қысқы соғымның реті кеп қалар. Бірақ, есімді жиып, әлгі ойдан тез айныдым. Баланың бәсіресіне қиянат жасағаным ұят болар.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.