Енді осыны айта отырып, ойланатын да болдық. Кейде Абай хакімнің «кеттің-ау ең болмаса мал баға алмай» дегенінің өзі шындық па деп қаламыз. Ауылда тұрып мал ұстамайтындар қарасы көбейіп барады. Мал өнімдерін іс қылудан да кем жатырмыз. Сол ойларымызды қағазға түсіруге және мал шаруашылығының өзіміз зерделеген біраз мәселелерінен ой толғап отырмыз.
I. Ақ мол болсын десек…
Азық-түлік белдеуіндегі облыс Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарын сүт және сүт өнімдерімен 30 пайыз қана қамтып отыр. Облыс шаруашылықтарында 502 052 бас қара мал болса, ауылдағы ағайынның қолындағысы 267 037 бас. Сауын сиыр да негізінен ауылдағы шаруаның қолында. Сүт өндіргені үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарына төленетін субсидия оларға бұйырмай отыр.
Нұр-Сұлтан қаласын сүт және сүт өнімдерімен қамтуға Целиноград ауданындағы «Родина», Ақкөл ауданындағы «Еңбек», Астрахан ауданындағы «Камышенка», Аршалы ауданындағы «Ижевск» тәрізді ірі тауарлы-сүт фермалары қомақты үлес қосып отыр. Оған қоса, облыста ұзын-ырғасы қырыққа жуық тауарлы-сүт фермалары бар. Бұл фермалардың ең шағыны елу-алпыс басқа дейін сиыр сауады. Мамандардың есептеуіне қарағанда, тауарлы-сүт фермасы сауын сиырдың саны 400-ден асқанда ғана өзін-өзі ақтап шығады екен. Әйтпесе, «сиырдың сүті тілінде» дегендей, мықты азық-түлік базасын қалыптастырып, қора салудан бастап сауын аппараттарын алуға дейінгі қыруар шығыны бар. Демек, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, шағын тауарлы-сүт фермаларын ірілендіру қажет. Есеп қарапайым ғана, шағын фермалар ірілендіру арқылы қаражат қуатын арттырса, есесіне сүт өнімі де молая түсер еді. Мал басын өз төлі есебінен көбейтуге толық мүмкіндік бар. Жайылым да жеткілікті. Негізінен, ауыл шаруашылығына бейімделген облыста мал азығы дақылдарын бүгінгі көлемнен әлдеқайда молайта алар еді.
Биыл облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың арнайы тапсырмасымен әр ауданда тауарлы-сүт фермалары ұйымдастырылмақ. Қаржы институттарында бұл саланы қолдауға қажетті қаражат та бар. Тек ынталы адамдардың сол қаражатты алуға кепілдігі жоқ. Бас-аяғы 18 жоба қарастырылғанымен, әзірге біреуі ғана Бурабай ауданындағы «Қоянды-Агро» шаруа қожалығында қолға алынып отыр. Шаруашылық 280 басқа дейін сауын сиыр ұстауды межелеген. Қазіргі күні 100 басы бар, оның 50-і Словакиядан әкелінген асыл тұқымды сауын сиырлар.
Біздің айтпағымыз, облыстың сүт және сүт өнімдерін өндірудегі бар қуаты толық кәдеге аспай жатқандығы. Мәселен, жаңа жылдан бері облыста барлығы 62,7 мың тонна сүт өндірілген. Мұның 20,2 мың тоннасы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен шаруа қожалықтарының еншісінде. Ал, енді мал сүмесімен күн көріп отырған халық 42 мың тоннаға жуық өнім өндірген. Шамалап айтқанда, барлық сүттің 68 пайызыхалықтың еншісі. Бірақ, бұл өндірілген сүт ішкі қажеттілікті толық қанағаттандырғанымен, малсақ қауым айтарлықтай табыс тауып отырған жоқ. Ірі шаруашылықтар болмаса, жекеменшік иелері бағымындағы малдың өнімін сатып, нәтижесін көре алмауда. Бас-ты себеп, ұйымдастыру жұмыстарының оралымсыздығынан. Мәселен, облыстың елді мекендерінде сүт жинау жұмысы дұрыс жолға қойылмаған.
Егер ауыл адамдарынан сүт сатылып алынса, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы көп-көрім жақсарып қалар еді. Мәселен, жұмыс жолға қойылған жерде халықтың қолындағы сүтті егер майлылығы 3,5 пайызды құрайтын болса, литрін 99-95 теңгеден сатып алады. Майлылығы одан жоғары болса, 120 теңгеден жоғары өткізе алар еді. Бұл арадағы бағаның қалыптасуы өнімнің тасымалдау қашықтығына тікелей тәуелді.
Сүт зауыттары үшін шалғайдағы ауылдардан сүт тасымалдау өзін-өзі ақтамайтын іс болып есептеледі. Олай болатындығы, жол шығыны қымбат. Сонда бірер малының сүмесімен күн көріп отырған қарапайым халық мал өнімдерінен табыс таппайтын болып шығады. Енді осы жайды қалай шешуге болады. Біздің мынадай ұсынысымыз бар. Мәселен, шалғайдағы ауылдық округте бес елді мекен бар делік. Халықтың қолындағы сүтті сатып алып, кәдеге жарату үшін округ орталығынан сүт жинайтын арнайы орын ашылса. Әрине, ол орын тоңазытқышпен қамтылуы қажет. Міне, осы тоңазытқышқа таңғы сауын мен кешкі сауынды қосып жинап, сүт зауытына бір-ақ тасымалдаса. Осы әдіс көп-көрім ұтымды болар еді. Екі сауынның сүтін бір қосқан соң тасымалдау шығыны арзандайды. Әйтпесе, ауыл тұрғындары сиыр сауып, табыс тауып отыр деп айту қиын. Оның үстіне жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен шаруа қожалықтарына төленетін субсидия жеке шаруашылыққа төленбейді. Таратып айтатұғын болсақ, егер тауарлы-сүт фермаларындағы сауын сиырдың басы 600-ден асса, онда бір келі сүтке 35 теңгеден, 400-ден асса 20 теңгеден, 50-ден асса 10 теңгеден субсидия төленеді. Айтпақшы, сүт жинайтын кооперативтер де бұл несібеден құр қалып отырған жоқ. Оларға да әр келісі үшін 10 теңгеден субсидия беріледі. Ал, облыста сүттің 70 пайызына жуығын өндіріп отырған ауыл тұрғындарына көк тиын төленбейді. Негізгі жүк мал иелерінде емес пе? Біздің солтүстік өңірде қара мал бағу қияпат шаруа. Мәселен, бір сауын сиырды қыстатып шығару үшін екі тіркеме шөп қажет. Былтыр әр тіркеме шөп сапасына байланысты 35-40 мың теңгеден сатылды. Оған күздің өзінде шарықтап кеткен жем бағасын қоссаңыз, малдың құнына жетіп қалады. Демек, мал баққан ауыл адамы қара малдың өзін етке өткізіп, жарытымды пайда таба алмайды. Жоғарыдағы біздің есеп бойынша қысы ұзақ өңірде мал өзінің өзіндік құнын алты ай қыста жеп бітіреді. Демек, табысты көзге айналу үшін сүтін де кәдеге асыру керек. Бұл орайда талпыныс та болды. Кооперативтер құру жөнінде бастама көтерілді. Кооператив демекші, 2016 жылы облыста 21 кооператив құрылған болатын. Қазір тек 12-сі ғана жұмыс істеп тұр.
– Бұл орайда адамдардың жұмыс істеуге талпынысы бар,–дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қайрат Көшенов,–кооперативтердің қолын байлаған жай, тіркету болды. Түсінікті болуы үшін таратып айтайын, шаруашылық жүргізуші нысан ретінде ол жылжымайтын ғимаратта болуы керек. Сонда ғана тіркеледі. Ал, бірқатар кооперативтерде олай болмай шықты. Әйтпесе, бастама көп-көрім жақсы еді. Мәселен, 2019 жылы бес мың тоннаға дейін сүт жинап, өңдеуші кәсіпорындарға жеткізді.
Қорыта айтқанда, сүт молшылығын жасауға ауыл тұрғындарының да ықпалы көп болар еді. Тек жап-жақсы бастама ретінде көтеріліп, алға ұмтылған шаруаның аяқасты қалып жатқандығы өкінішті-ақ.
II.Түлік төлінен өспеуші ме еді?!
Облыс шаруашылықтарында 502 052 бас қара мал бар. Оның 143 875-і ауыл шаруашылығы құрылымдарына тиесілі.
91 140-ын шаруа қожалықтары бағып отыр. Ал, ауылдағы ағайынның қолында 267037 бас бар. Биыл төл төгіні жаман емес. Өткен жылмен салыстырғанда біршама өсім бар. Қазірдің өзінде малсақ қауым ақ уызға жарып отыр. Тек мал тұқымын асылдандыру мәселесі олқы соғып тұр. Бағымдағы малдың тек 16,3 пайызы ғана асыл тұқымды.
Облыста төрт түлік мал өсіруге мүмкіндік көп. Облыстағы жер көлемі 13 миллион 199 мың гектар жерді құраса, оның 38 пайызы егін егуге жарамды жерлер, қалғаны мал жайы-
лымына әбден лайықты. Таяуда облыстық прокуратура тексеру жүргізген кезде 1 миллион 500 мың гектарға жуық жердің бос жатқандығы анықталды. Ғылыми есеп бойынша, жер құнарына байланысты бір қара малға 8 гектар жер қажет деп есептелінеді. Егер шаруаға мұқият болсақ, осы жерде қаншама мал басын өсірер едік.
Азық-түлік белдеуіндегі Ақмола облысының малсақ қауымы облыстың ішкі қажеттілігін өтеумен қатар, Нұр-Сұлтан қаласының тұтынушыларының аузынан ақ май ағызып қоюға әбден болады. Ол үшін ең алдымен қолда бар мал тұқымын асылдандыру қажет. Қазіргі бағымдағы малдың жұқалап айтқанда, 70 процентке жуығының өнімділігі төмен. Мәселен, ауыл тұрғындарының қолындағы 267037 бас қара малдың дені тұқымын жақсартуды қажет етеді. Ет өнімін еселеу үшін тұқымы белгісіз, өнімділігі төмен малды сіңіре будандастыруды қолға алған жөн. Сонда өзімізде тұқымы сіңіре будандастыру арқылы жақсарған мал құбылмалы ауа
райына, табиғаттың жағдайына біршама жақсы бейімделген әрі неше түрлі жұқпалы ауруларға бой алдырмайтын төзімді болмақ. Мұндай мал табиғи жайылымдарды да жақсы пайдаланып, тез қоң жинайды әрі өсімталдығы да жоғары болады.
Ауылдағы ағайынның еңбегінің зейнетін көре алмай отыруы да азын-аулақ малының тұқымын асылдандыруға қолының жетпей жүргендігінен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсовтың айтуына қарағанда, қазір мал тұқымын асылдандыруға аса қажетті сауатты техник-ұрықтандырушы саусақпен санарлықтай ғана екен. Жеке сектордағы ірі қара малдың басым көпшілігі табиғи және жақын туысқандық шағылыстан өткізілетіндіктен бағымдағы малдың өнімділігінің төмендеуіне және біртіндеп әрқилы ауруға шалдығуына соқтыруда. Бұл ең басты кемшілік. Қазір жеке шаруа қолындағы бірер қараның төлі етке тапсырарлық деңгейге жеткенше кемінде екі-екі жарым жыл бағады. Ал, асыл тұқымды мал бұл көлемді он рет орап алады. Мәселен, Бұланды ауданындағы «Запорожье-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қуантай Сұлтановтың айтуына қарағанда, шаруашылықтағы ақбас сиырдың төлінің тірідей салмағы 18-20 айдың ішінде 700 килограмға жетеді екен. Міне, асылдың еңбекті ақтайтын, ырысты молайтатын тұсы осы. Бұл шаруашылықта қазір 2100 бас ақбас сиыр бар. Күні бүгінге дейін аналық малдың 99 пайызы төлдеді. Шаруашылықтағы малдың асылдануына басшылық жасайтын Тимур Андаров мал тұқымын ғылыми негізде асылдандыруға қыруар еңбек сіңіріп жүр. Бағымдағы ішкі қажеттілік үшін ұстап отырған 400 бас жылқының үйірлеріндегі айғыр үш жыл сайын алмастырылады. Жақында шаруашылық Ақтөбеден 27 бас қошқар әкеліп, қой табынына қосыпты. Өйткені, бұл шаруашылықта асыл тұқымды малдан қомақты өнім алынатындығына әбден көздері жетіп отыр. Жемшөп қорын да өздері дайындайды. Мәселенің бір мәнісі, осы жем-шөп қорын дайындауда.
Мал шаруашылығын дамыту үшін аймақтық жемшөп қорын жасау, құрама жем тәрізді мал азығын пайдалану ең үлкен мәселенің бірі. Бізде бұл жағы әлі де сын көтермейді. Әлемдегі мал шаруашылығымен етене айналысатын дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне қарасаңыз, ет және ет өнімдерін молайту ең алдымен таза тұқымды, дені сау мал өсіріп, табиғи жайылымдарды кеңінен пайдалану арқылы жүзеге асырылады екен. Мәселен, АҚШ-та еттің 74 пайызы жемді мейлінше аз жұмсап, табиғи жайылымды молынан пайдалану арқылы өндіріледі.
–Бұл арада біз мынаны ескеруіміз керек,–дейді басқарма басшысының орынбасары Қасым Итқұсов,–мал шаруашылығы табысты салаға айналуы үшін ең алдымен тұқымын асылдандыру мәселесіне ден қою керек. Әрине, ірі шаруашылық құрылымдарының мүмкіндігі мол, ал, жеке шаруашылықтың қолы әлі жетпей жатқаны жасырын емес. Мәселен, техник-ұрықтандырушылардың жетіспеушілігі өте өткір күйінде. Біз бұл жұмыстың маусымдық қана жұмыс екендігін жақсы түсінеміз. Бірақ, мына бір жайды айта кетелік, техник-ұрықтандырушыға әр сиырды ұрықтандырғаны үшін 1500-2000 теңге төлемақы төленеді. Ол бір маусым ішінде 300 басқа дейін ұрықтандыра алады. Демек, тәп-тәуір қаражат тауып тұр ғой.
Бұл мәселенің бір жағы облыстағы ет және ет өнімдерін молайтуға ықпал етсе, екіншіден мал сүмесімен күн көрген ағайынның ахуалы көп-көрім жақсарып қалар еді. Үй шаруашылығындағы тұқымы азған, әйтпесе, тұқымы белгісіз сиырлар мен құнажындарды етті бағыттағы асыл тұқымды герефорд немесе сүтті бағыттағы алатау бұқасының ұрығымен ұрықтандыра алсақ, ет пен сүттің молшылығын жасар едік. Мына бір деректі еске сала кетелік. Герефорд тұқымының будандастырылған тобындағы бұқалақтардың тірідей салмағы 18 айдың ішінде 400 келіден асып кетсе, жергілікті малдың төлі осы уақыт ішінде небары 200 келі салмақта болады. Қайсысының тиімді екендігі айтқызбай-ақ көзге ұрып тұр.
–Ірі шаруашылық құрылымдары төл төгінін желтоқсан, қаңтар, ақпан айларына жоспарлайды,–дейді басқарма басшысының орынбасары Қасым Итқұсов,–Арқаның аязына пісіп, тез өсіп-жетілген жаңағы төл көктемдегі шөптің бар шырынын пайдалана алады. Көктемде бұл бұзаулардың салмағы 100-120 келіге жетіп қалады. Ал, ауыл тұрғындарының қолындағы тұқымы азған малдың төлі ақпан, наурыз айларында туады да, кеш жетіледі.
Біздің көзқарасымызда өзіндік құны арзан болуы үшін қазақтың ақбас сиырына жететін мал жоқ. Өйткені, асыл тұқымды бұл мал өз аяғымен жүріп оттайды. Демек, жоғарыда біз атап көрсеткендей АҚШ, Канада, Англия тәрізді табиғи жайылымдарды мүмкіндігінше көп пайдалана алады. Оларда селекциялық-асылдандыру жұмыстары жақсы жолға қойылған. Сондықтан, біз де дамыған елдердің деңгейінен табылу үшін қолбайлау кемшіліктен арылуымыз қажет. Бұл кемшіліктердің қатарына инфрақұрылымдардың қалыптаспауын, мал азығы қорының сапасыздығын, жеке шаруа қожалықтарының қанша алға ұмтылғанымен, мүмкіндігінің аздығын, сондай-ақ, тексерілмеген мал басының көбеюін, мал дәрігерлік-санитарлық ережелерді дұрыс сақтамайтындығымызды қосып қойыңыз.
Міне, осындай қолбайлау кемшілік алға аяқ бастырмай тұрған кезде қажетті мөлшерде өнім өндіру тіпті де мүмкін емес. Сондықтан, қолда бар малдың өнімділігін арттыру үшін тез арада мал тұқымын асылдандыруға мән беруіміз қажет. Санын көбейтіп, сапасын арттырсақ, өнім көрсеткіші де жақсарып қалар еді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.