Әл-Фараби ғылым-білім туралы
Әл-Фараби – ортағасырлық ғылымдардың қай саласында да үздік білімнің иесі, энциклопедист ғалым ретінде даңқы шыққан ғұлама-ойшыл. Философия мен логика, математика мен физика, музыка мен поэзия, грамматика мен азаматтық саясат, медицина сияқты сол кезде дамыған барлық ғылым саласы бойынша білім алған және сол салалардың бәріне дерлік еңбектер жазып, соңында мол мұра қалдырған.
Өзінің өмір сүрген кезеңіндегі ғылымды Әл-Фараби басты-басты бес салаға бөлді, олар: тілтану, логика (ой жүйесі), математика, физика, азаматтық туралы ілім. Оның әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, математика, философияға арналған трактаттары осы күнге дейін өзінің ғылыми маңыздылығын жойған жоқ. Ол математиканы қолдану негізінде табиғат құбылыстарының сырын жазып шығуға болады деп тұжырымдаған. Фарабидің пікірінше, математика адамның білімін тереңдете түседі, әрі басқа ғылым салаларының дамуына да тікелей әсерін тигізеді. Оның математикалық трактаттары осы замандағы математика ілімінің негізі болып табылады.
Әл-Фараби логика ғылымын дамытуға да өлшеусіз зор үлес қосты. Фарабидің анықтауы бойынша логика – ойлаудың заңдары мен ережелері туралы ғылым. Осы ғылымның арқасында адам өзінің ойын анық та айқын, жүйелі түрге келтіреді, ойлау, ой қорыту, талқылау барысында логикалық қателер жіберуден аулақ болады.
Әл-Фараби философия, әлеуметтану, математика, физика, астрономия, ботаника, этика, эстетика, лингвистика, логика, денсаулық сақтау, музыка зерттеу салаларында терең білім алған. Ол ғылымның осы салаларында 160-қа тарта трактаттар жазған екен. Ғылымдар жүйесінде Әл-Фараби жаратылыстану – математика ғылымдарына зор көңіл бөледі. «Ғылымдардың шығуы» деген еңбегінде ол ғылымды нақты және абстрактылы, сондай-ақ, теориялық және практикалық деп бірнеше топтарға бөліп қарастырса, «Ғылымды классификациялау және анықтау» деген еңбегінде ғылымда тіл, логика және математика саласы деп жалпы үш түрге топтап, олардың әрқайсысын жеке-жеке бөліп көрсетеді.
Интернет материалдары бойынша дайындаған
Қалкөз ЖҮСІП.