Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Атбасар ауданында болып, өңірдің өндірістік әлеуетімен танысты және көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жаңа салынған көп қабатты үйден пәтерлердің кілтін тапсырды.
Облыс әкімі алдымен «Atbasar Technopark» серіктестігіне ат басын бұрды. Бүгін таңда кәсіпорын түрлі металл өнімдері мен сәулелі иодтты жарық шамдарын құрастыруды қолға алған. Өнім негізінен еліміздің өзге өңірлерімен қатар, шет мемлекеттерге де экспортталады екен. Сондай-ақ, пештің де түр-түрі шығарылуда. Мұндағы бір пештің құны 200 мың теңгеден асып отыр. Кәсіпорында 104 адам жұмыспен қамтылған. Жақында тағы 35 жаңа жұмыс орны ашылмақшы көрінеді.
Бұдан кейін облыс басшысы Атбасар қаласы ішіндегі көктемгі су тасқынынан зардап шеккен үш су таратқыш нысанын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Қазіргі кезде де мұнда атқарылар шаруалар жетерлік екен. Сондықтан, облыс әкімі Сергей
Кулагин қала басшылығына ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, жұмысты көпке созбай аяқтауды шегелеп тұрып тапсырды. Сонымен қатар, Жабай өзені бойындағы күрделі жөндеуді қажет ететін су бөгетінің қазіргі жағдайына да назар аударды. Осы ретте, облыс басшысы алдағы уақытта биылғы жылғыдай табиғат апатын болдырмас үшін алдын алу жұмыстарын осы бастан қолға алу қажеттігін ескертті.
– Су бөгетін жөндеп немесе жаңадан тұрғызбас бұрын оны алдымен жан-жақты зерттеп алуымыз керек. Өйтпеген жағдайда, барлық қаржы желге ұшып, істеген еңбегіміз зая кетеді,–деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, сапар барысында өңір басшысы Сергей Кулагин осында көктемде үйлерін су шәйіп кеткен тұрғындарға арналып салынған 45 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру рәсіміне қатысып, жаңа пәтердің кілттерін өз қолымен тапсырды.
– Табиғат апатынан зардап шеккендерге көмек көрсету бұл үлкен маңыздағы шаруа. Сондықтан, мұндағы барлық іс-әрекет Елбасының бақылауында тұр. Осынау қиын кезде қол ұшын созған Үкіметке ақмолалықтар атынан алғысымды білдіремін. Зардап шеккендердің барлығына әкімдік тарапынан тиісінше көмек көрсетілетін болады,– деді өз сөзінде облыс әкімі.
Облыс әкімі салтанатты шара барысында аталған үйлердің құрылысын жүргізген мердігер «АССМ-01» серіктестігінің бас директоры Ерлан Алшынбаевқа нысанды дер кезінде тапсырғаны үшін Алғыс хат тапсырды. Осы орайда, жаңадан салынған тұрғын үй атбасарлықтардың көңілінен шығып отыр дей аламыз.
– Қиын кезде қол ұшын созған барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Бүгін міне, 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмын. Пәтерлердің іші кең. Өзіме қатты ұнайды. Бүгінгі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, – деп ағынан жарылды жаңа пәтердің иесі Ғалия Мейрамова.
Сапар соңында ол аудан активімен кездесу өткізіп, онда кезек күттірмейтін кейбір жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта көктемгі су тасқынының қайталанбауы үшін алдын алу жұмыстарын қазірден бастау қажеттігін де атап өтті.
Еске сала кетсек, өткен көктемде Атбасарда болған көктемгі су тасқыны кезінде көптеген үйлерді су шайып, соның салдарынан тұрғындардың көбі зардап шеккен болатын. Сол кезде шығын көлемін есептеу мақсатында құрылған тәуелсіз сарапшылар су алып қалған 520 үйдің
209-ын жарамсыз, 352-не жөндеу жұмыстары қажет деп танылған еді. Бүгін, 45 пәтерлі екінші үй пайдалануға беріліп отыр. Жыл соңына дейін қалған 135 отбасына пәтер беру көзделген. Осы мақсатта, Атбасарға барлығы 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Құрылыс жұмыстарын «АССМ-01» және «Электросетьстрой» ЖШС қолға алған. Қазіргі кезде тағы да 45 пәтерлік екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл үйлерді ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ауданда су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына тиісті деңгейде көмек көрсетілетіні сөзсіз.
Атбасар ауданы.
Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.