Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау әуежайы мен ауыл жайы назарда болады - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау әуежайы мен ауыл жайы назарда болады

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев ағымдағы жылдың күзінде Көкшетауда өтетін XVII өңіраралық Қазақстан мен Ресей ынтымақтастық форумына дайындық шеңберінде Көкшетау әуежайында жүргізіліп жатқан жөндеу және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты, сондай-ақ, Зеренді ауданындағы Ақкөл, Қызылтаң және Ортақ ауылдарында болып, шешімін күткен мәселелерге назар аударды.

Екі ел басшыларының қатысуымен облыс орталығында өткелі жатқан бұл ауқымды шараға қазіргі таңда дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Соның ішінде форум қонақтарын жеткізетін Көкшетау әуежайын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінген. Бұл туралы облыс әкіміне облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Руслан Әубәкіров баяндады. Оның айтуынша, «Петропавл – Нұр-Сұлтан» тас жолынан әуежайға дейінгі жолдың екі жағында төрт қатардан 4 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Төрт гектар аумақты алатын бұл жасыл желек ұзындығы 6 шақырым шарбақпен қоршалады. Бұдан бөлек, әуежайдан шыға берісте демалыс мүйісі қарастырылады. Гүлмен көмкерілген аллея да қалпына келтірілуде. Әуежай мен қала жолында билбордтар орнатылмақшы.
Сонымен қатар, облыс басшысы әуежайдың қонақ үйінде болып, мердігерлерден күрделі жөндеу жұмыстарының барысы туралы сұрап білді.
– Форум қонақтары ең алдымен осында аялдап, тіркеуден өтеді. Сондықтан, жөндеу жұмыстары тиянақты, әрі сапалы жүргізілсін, – деді әуежайды аралап көрген облыс әкімі.
Бұдан әрі облыс әкімінің жұмыс сапары Зеренді ауданында жалғасты. Елімізге танымал меценат Борис Козлов жетекшілік ететін «Береке-2020» серіктестігінің қырман басында шаруашылықтың көктемгі егіс науқанына дайындығын сұрап білді. Аталмыш серіктестік бүгінгі таңда аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірінен саналып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Алдыңғы жылдары кәсіпкер жеке қаражатына Уәлихан мазарында абаттандыру жұмыстарын жүргізген болатын. Қазақстан ауылы тұрғындарының біразы осы шаруашылықта еңбек етеді. Ылғал сақтағыш технология мен қазіргі заманғы озық тәжірибе, қуатты техниканы тиімді пайдаланудың арқасында жыл сайын егін бітік шығып, астық түсімі арта түсуде. Былтырғы жылы серіктестік диқандары әр гектардан 27 центнерден астық жинады. Серіктестік басшысы Борис Козловтың айтуынша, биылғы жылы барлығы 4600 гектар жерге дәнді және дәнді бұршақ дақылдарының тоғыз түрін себу жоспарланып отыр. Дені бидай мен майлы дақылдар. Қазіргі кезде ылғал жабу жұмыстары жүргізілуде.
Серіктестік қаржыландыру, жанар-жағар май мәселесін де алдын ала шешіп қойған. Сол себепті, дән егу жұмыстарын бас-аяғы екі аптаның ішінде аяқтамақшы. Бұған олардың мүмкіндіктері жеткілікті. Оны қырман басындағы «Кейс» және «Амазони кондор», «Флекси Коил» тәрізді қазіргі заманғы егіс кешендерінен-ақ, тануға болады.
– Жыл сайын қыстүгіні қар тоқтату жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізіп, агротехникалық шаралар мен озық технологияларды қолданып келеміз. Осының арқасында егін бітік шығып, мол астық жинаудамыз. Өткен жылдары астық қоймасы мен ауыл шаруашылығы техникаларын қоятын ангар салдық. Тағы астық қоймалары мен механикаландырылған қырман, кеңсе және астық зертханасын салу жоспарымызда бар, – деді Борис Козлов.
Ақкөл ауылының сыртынан тұрғын үйлер салу үшін жер учаскесіне инженерлік коммуникация жүйесі тартылуда. Аудан әкімі Бауыржан Ғайсаның айтуынша, ауданда жер теліміне кезекте тұрғандарға осы жерден жер берілмекші.
Жұмыс сапары барысында облыс басшысы Көкшетау қаласының іргесіндегі Ортақ ауылының әкімшілік үйіне арнайы барып, ағымдағы жылға жоспарланып отырған жөндеу жұмыстарын пысықтады. Жағдайды ауыл әкімі Мархабия Ерғалиева баяндады. Төрт жүзден астам тұрғыны бар ауылды клубтан бөлек жол, су және көше жарығы мәселесі толғандырып отыр. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев осы күні жергілікті мешіттің жөндеу жұмыстарын қолға алып жатқан бұл елді мекеннің мәселесі шешілетінін атап өтті.
– Ауыл тұрғындарының мәселелерін келіп, көзбен көрдік. Жол жөндеу жұмыстарына 50 миллион теңгеге жуық қаржы бөлетін болдық. Жобалық-сметалық құжаттары дайын болса, су, клуб мәселесін де шешеміз. Қызылтаң мен осы ауылда көшелерді жарықтандыруға да қосымша қаржы бөлінетін болады, – деді облыс әкімі.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар