Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі - АРҚА АЖАРЫ

Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

 Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова апайымыздың ұсынысымен ағымдағы жылдың ақпан айында «Сырғалым» қыздар клубын құрған болатынбыз.

  Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3  облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты – өңірдегі білім ошақтарының ішіндегі тарихы  терең, талай буынды тәрбиелеген іргелі оқу ордаларының бірі. Елге белгілі қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің тұлға ретінде қалыптасуына  әсер еткен мектеп қыз бала тәрбиесіне де айрықша көңіл бөледі. «Тәрбиесіз берілген білім адамзат баласының қас жауы» деп Әл-Фараби бабамыз айтпақшы, бағдарлы білімнен бұрын біз тәрбиені бірінші кезекке қоямыз.  Олай болатын себебі,  мектебімізде  300-ге  тарта  шәкірт оқитын болса,   оның  150-і  жатақханада   тұрады.  Облыстық  деңгейдегі  оқу  ордасы оқушыларының  интернатта тұратындарының тең жартысы қыз балалар. Клубты ашудағы басты мақсат соларға дұрыс бағыт-бағдар көрсету болатын.
Жалпы, қазақ үшін «қыз» – ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны, бүкіл адамзат анадан тарайды. Қыз – келін, келін – анаға айналады, ал ана – әже деген құрметті дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өрбіп, ұлтымыздың қатары көбейеді.
Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – оның тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін баласына, одан немере, шөбересіне жеткізуші, әрине, әйел – ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстардың татулығын сақтайтын да, оларды ұйыстыратын да сол ертеңгі аналар, бүгінгі бойжеткендер.  Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. Бір перзенттің ғана емес, бүкіл ұлттың анасына айналған Айша бибі, Жаған бегім, Домалақ ана, Нұрбике ханым, Айғаным, Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана әйелдердің өнегесін бүгінгі буынға жеткізуді клуб өз алдына басты бағдар етіп қойып отыр.
Өзім өзін-өзі тану пәнінен оқушыларға дәріс оқимын. Жалпы, психолог ретінде болсын, адам ретінде болсын, өкінішке орай, шашын дудыратып ұйыстырған, ұнамсыз, ерсі киім киіп, темекі түтінін құмарлана жұтатын сылқымдарды көп кездестіремін. Жас балалардың санасының орта ықпалына осыншалықты тез бейімделетіндігіне жаным ашиды. Қазіргі қоғамда ондай «бикештер» жетерлік қой. Ал, енді осыны көрген жас қыздарымыздың бұларға еліктемесіне кім кепіл? Сондықтан да, бүгінгідей жаһандану заманында ұлттық сана-сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан адами қасиеттерімізді жойып алмауымыз аса маңызды деп білемін.  Тек өз ұлтын, тілін сүйіп, қастерлейтін адам ғана сонау әлімсақтан мирас болып келе жатқан ата-ананы, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, мейірбандық, инабаттылық сияқты ізгі қасиеттердің иесі бола алады. Бүгінгі бойжеткендер осындай ұлтжандылығымен, өздеріне тән нәзіктігімен, сүйкімділігімен және рухани тазалығымен ерекшеленуі керек. Ар-намысын жоғары ұстай білген қыз ғана жұрт алдында әрдайым абыройлы, сыйлы болады. Біз клуб мүшелеріне ең алдымен, осы түйдекті мәселелерді айтып жеткізіп, қыздарымыздың сондай жат қылықтардан аулақ болуының қамын жасаймыз.
Жоғарыда атап өткенімдей, біз әсіресе, жатақханада тұратын, ата-анасынан жырақта бой жетіп жатқан қыздармен жұмысқа көп көңіл бөлеміз. Әлия Жахина, Қарлығаш Тұрқұлова сынды тәрбиеші апайлары олармен жеке әңгімелесулер өткізеді. Осы орайда, дәрігер, мейірбикелермен өтетін кездесулерге де тоқталып өтпеске болмас.  Онда оқушыларымыз өздерін қызықтырған сауалдарға жауап ала алады. Баланы шыңдайтын құрал – байқау десек, бізде тұрақты түрде өткізіліп тұратын «Бұрымды қыз», «Кішкентай ару», «Қыз жүрегі бір жұмбақ» сайыстарына дайындық барысында шәкірттеріміз ұлттық салт-дәстүр, таным-түсінікке қатысты дүниелермен танысады, ізденеді. Ұлттық тағам түрлерін насихаттауды, оның жасалу жолдарын көрсетуді де жұмысымыздың бір бағыты санаймыз.  Бастысы, мақсатымыз біреу. Келешегімізді кемел етер көрегенді де көркем, әдепті де ақылды, инабатты да ибалы аруларды тәрбиелеп, өсіру.

Майра ҚАЙЫРЖАНОВА,
«Сырғалым» қыздар клубының жетекшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар