Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күйеу бала - АРҚА АЖАРЫ

Күйеу бала

 Мұқтаж жандарға қашанда қол ұшын созуға даяр, айналасындағыларға жан-жүрегі елжіреп тұратын, сыпайы, ақкөңіл азамат, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшесі Камо Геворкянның өңірдегі татулық пен тұрақтылықты сақтауға қосып отырған үлесі салмақты.

  Осыдан ширек ғасыр бұрын  аудандық тұрмыстық комбинатқа етікшілер қажеттігін естіген Камо Әзірбайжаннан  қоныс аударды. Мұнда келісімен, қолы алтын маманды  комбинатқа бірден жұмысқа қабылдады. Ол осында етік цехын ашты. Жұмыс зор қарқынмен жүріп жатты.  Бірақ, қайта құру кезеңінде нарықты жаулап алған  Қытайдың арзанқол тауарлары отандық  өнімді жайлап ығыстыра бастады. Өндіріс жабылып, жаппай жұмыссыздық белең алды. Таршылық уақытта  таңдап-талғап жату қайда, тек аяқ киімді ғана  емес, сәнді бас киімді де биік  талғаммен тігетін шебер, кез-келген тағамды тіл үйірерліктей дәмді етіп әзірлейтін  аспаз ретінде әр салада бағын сынап көрді.
Бұл тірліктерден айтарлықтай нәтиже шыға қоймағандықтан, кейіпкеріміз мал басын көбейтуді қолға  алды.  Шаруаның жайын білгендіктен бе, әлде осы іс қызықтырды ма, қайдам, әйтеуір, ол  бұл кәсіпке тоқтаған жөн деп шешті.  «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, істің көзін тауып, жеке шаруа қожалығын ашты. Бүгінде сол мал басын көбейтумен айналысып келеді. Қожалық басшысы  өзінің тынымсыз  еңбегінің қазақстандық мол дастарханның ырысын еселей түсуге сеп болғанын қалайды.
Қазақстан ол үшін қасиетті Отан, тағдыры тоғысқан киелі мекен. Бастапқыда отбасы ата қонысында тұрғанымен, қазір олар да осында келген.  Камо Владимирович бізге әйелі Сарамен  көрші тұрғанын, бір-бірін алғаш көргеннен ұнатып, үйленгендіктерін айтты. Бүгінде  қыздары  бой жеткен.  Тіпті, жуырда қазақтың келіні атаныпты.
– Өзімнің әйелім де қазақ. Ата-анама Сараға үйленетіндігімді айтқан кезім әлі есімде.  Олар жақсы адам болса болды деп, еш  қарсылық  білдірген жоқ.  Қайын-жұртым сүйікті күйеу баласы ретінде сыйлайды. Маған мұнда бәрі ұнайды.  Бұл елдің адамдары  – мейірімді, қонақжай, адамгершілігі жоғары жандар.  Өз кезегімде мен де соған сай болуға, баршаға құрмет көрсетіп,  қазақтың меймандостық қасиетін бойыма барынша сіңіруге тырысамын. Қызымды да барлық салтты сақтай отырып, бар жөн-жоралғысымен ұзаттым, – деп өз естеліктерімен бөлісті кейіпкеріміз.
Камо Әзірбайжанда туып-өсті. Ержеткенше сол елдің тілі мен салт-дәстүрін
бойына сіңірді.  Қазақстанға келісімен, қазақ тілін үйрене бастады. Себебі, достарының бәрі қазақтар болатын. Кейін қазақтың қаракөз қызына үйленді.  «Меніңше, өзің өмір сүріп жатқан елдің тілі мен әдет-ғұрпын  білмесең, ол ешқашанда сенің жаныңа жақын бола алмайды. Ал, мен үшін нан тауып отырған жер де, ұрпағымда қаны ағып жатқан қазақ халқы да бәрінен жақын», – дейді  ол.
Біздің кейіпкеріміздің ата-анасы да  аз қиыншылық көрген жоқ. Олар армян-әзірбайжан қақтығысын бастан өткеріп, содан еріксіз шаңырақты тастап, босқын болып кетті.  Дәл үйлерінің алдында ешкім соғысып жатпағанымен, атыс-тартыстың ауылы алыс емес еді. Ертеңгі күні бұлардың дін аман қалатындығына кепілдік болған жоқ. Сондықтан да, оларға бәрін тастап кетуге  тура  келді.  Әке-шешесінің  айтқандары есті ұлдың әлі жадында.  
– Адамдардың ғасырлар бойы бір жерде тұрып,  бірге жұмыс істеп, жақындасып кетіп, қас-қағым сәтте-ақ  қас дұшпанға айналғандықтары қайбір жақсы дейсің.  Бірақ, армяндармен көрші тұрып,  
бауырласып кеткендердің оларға қиын сәтте қол ұшын созғандықтарын ата-анам үнемі айтып отыратын. Адамның бәрі бірдей ғой. Бәріміз де төбемізге  бейбіт күннің мәңгі тұрақтағанын қалаймыз, – деп сол бір ащы естеліктерді жадында жаңғыртты ассамблея мүшесі.
Осының бәрін естіп-білгендіктен бе, Камо  этностар арасында қақтығысы жоқ, тұрақты мемлекет Қазақстанда тұратындығын мақтан тұтады.  Ол мұның барлығының сарабдал саясаткер – Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы екендігін ұдайы еске салып отырады.  Иә, елімізді мекен еткен қандай ұлттың өкілі болмасын, өзін еркін сезінеді. Қазақстандық қоғамның бір бөлшегі екендігін біледі. Сірә, біздің басты жетістігіміз осы болса керек.

Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар