Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мектептердегі санитарлық жағдай сын көтермейді - АРҚА АЖАРЫ

Мектептердегі санитарлық жағдай сын көтермейді

Ас адамның арқауы екені рас. Дегенмен де, таза жағдайда дайындалмаған немесе мерзімі өткен азық-түліктен қауіп барына соңғы кездері жиі куә болып жүрміз. Әсіресе, балалардың жазғы демалыс лагерьлері мен мектептердегі асханаларда санитарлық жағдайдың сақталмауы ата-аналарды алаңдатып отыр.

Осы жаз маусымында Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Қызылжар ауданындағы «Серебряный бор», Айыртау ауданындағы «Заря» лагерьлерінде тіркелген балалардың жаппай улануы көпшілікті елең еткізді. Бір жерде оқыс жағдай бола қалса ғана іске кірісетін әдетіміз бар ғой. Аталған жайттан кейін біздің облыстағылар да ес жиып, жаңа оқу жылына дейін санитарлық жағдайды қатаң қолға алуды бастады.
Осы орайда, облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің бізге жіберген мәліметтеріне сүйенсек, эпидемиологиялық жағдай туындамас үшін аталған мекеме мен облыстық білім басқармасы бірлесіп, 2015-2016 жаңа оқу жылына дайындық шараларын жүргізу жоспарын бекіткен.
– Білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен азық-түлік өндірісімен айналысатын кәсіпорындарға, демалыс орындарына аталған мәселе жайлы екі мыңнан астам хат жолдадық. Денсаулықты сақтауға байланысты гигиеналық ережелер мен техникалық регламенттердің дұрыс орындалуы біздің назарымызда, – деді   облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Юрий Михель.
Облыстық прокуратура да қарап қалмай, жаппай улану фактілерінің алдын алу мақсатында балалардың сауықтыру ұйымдарында  жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізуді бастап кетті. Мәселен, еліміздің «Халық денсаулығы және  денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің сақталуына қатысты жүргізілген тексерістер нәтижесінде Жақсы ауданында бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Аудан прокуроры Күнсая Балғожинаның айтуынша, өңірдегі №1 және №2 орта мектептері, Подгорнеский орта мектебі, Белағаш, Киев  ауылдарындағы мектеп-бала-
бақшаларында санитарлық жағдай мәз емес. Сондай-ақ, аудандағы «Дән», «Балауса», «Болашақ», «Құлыншақ» мектепке дейінгі білім беру мекемелері жайлы да осыны айтуға болады.
–Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу мен білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, жиектері сынған ыдыстарды пайдалануға, тәуліктік сынаманы термометрсіз сақтауға рұқсат етілмейді. Аталған мекемелерді  тексеру барысында аспазшыларда арнайы білімнің болмағаны анықталып, ас үй жабдықтарын микробиологиялық зерттеу кезінде ішек инфекциялары табылды, – деді Жақсы ауданының прокуроры бізбен әңгімесінде. Ол ауданның тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармасына аталған құқық бұзушылықтар туралы ұсыныс жолданғанын, ал, кінәлі тұлғаларға қатысты тиісті жаза қолданылып, олар 336 940 теңге көлемінде айыппұл төлейтінін де айтып берді. Заң қызметкері мұның барлығы да жергілікті білім беру мекемелері тарапынан тиісті қадағалау шараларының болмауы салдарынан орын алуда деген пікірде.
Жасалған заң бұзушылықтың күндердің күнінде ашылатыны белгілі. Кінәлілерді жазалауға да етіміз үйреніп алды. Алайда, тым құрығанда балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жаппай улануды мүлде болдырмауға қауқарымыз жетпей ме? Қызылжар ауданындағы «Серебряный бор» лагерінде уланған жеткіншектердің ата-аналарының тиісті орындарға да өкпесі бар. Солардың бірі көкшетаулық Диастың отбасы. Әке-шешесі алты жасар ұлдарын денсаулығын сауықтырып, демалып қайтсын деген ниетпен лагерьге жіберген еді. Алайда, Диастың демалмақ түгілі, ішек ауруына шалдығып, емханадан бірақ шыққаны өкінішті-ақ. Сол кезде жерлес бүлдіршінмен қатар, еліміздің түпкір-түпкірінен келген тағы жетпістен астам бала ем-дом қабылдаған еді.
Өткен іске сын айту оңай-ақ. Тек, осының бәрінен зардап шегетін жандар бейкүнә балғындар екенін ойласақ, жүрегіміз қарс айырылады. Мектептер, балабақша мен лагерьлердегі санитарлық ахуалдан әбден шошынған ата-аналар бауыр еті балаларын кімге сеніп тапсырмақ? Осыған жауапты кейбір мекемелерге хабарласқанымызда, олар «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегенге келтіріп, өздерінде мұндай фактілердің ешқашан қайталанбайтынын айтып сендірді. Құр сөзге ғана жығыла бермей, істі де қолға алатын кез баяғыда жетті. Басты тілегіміз, жаңа оқу жылында бармақ тістеп қалмасақ игі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар