Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшенің көркем перзенті - АРҚА АЖАРЫ

Көкшенің көркем перзенті

Көкшетау десе көз алдыңа көкпеңбек көгілдір мұнарға оранған көркемсуреттей келісті, кең көсілген даладағы көкжелекке қымтай оранған көгілдір таулар шоғыры келеді. Сипаттауға тіл жетпейтін Оқжетпестей биігі бір бөлек. Көкшетау десе көз алдыңа қасиетті даланың киесі мен иесіндей абыз ақсақал, аптал азаматтар оралады. Оның да ішінде тұлғасы бөлек, тұғыры биік, абыройы асқағы бар. Сол алдыңғы шоғырдың жуан ортасында, бәлкім, алдыңғы лекте әуел баста жаратқан ие тұла бойына сан алуан тамаша қасиет сыйлаған Рүстекең, Рүстем Шериязданов бар еді. Әттең дүние, артына асыл жарын, өзі жанындай жақсы көрген көгілдір Көкшесін, оның перзенттерін тастап, қайтпас сапарға аттанып жүре берді.

Саналы ғұмырын, сол ғұмырдағы әр күнгі табанды да тындырымды еңбегін көңілі құлай сүйген туған елінің бақыты мен болашағына арнаған Рүстем аға кәдімгі қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, жер қозғалса қозғалмайтын салмақты, сабырлы, әр ісін ақылмен безбендеп, зирек санамен салмақтап атқаратын пайымды парасат иесі еді.
Енді бір сәт қасиетті Көкшенің қазыналы қартының өсу, өркендеу жолына көз жүгіртіп қарайтын болсақ, мағыналы ғұмыр былайша өрнектеледі екен. Бұрынғы Көкшетау облысының Рузаев ауданына қарасты шоқ жұлдыздай шағын ғана Сарыбұлақ ауылы қолдың саласындай ақ қайыңдар көмкерген жып-жинақы, ауызбірлігі жарасқан елді мекен. Осы топыраққа кейіпкеріміздің кіндік қаны тамған. Ал, мектепті сол тұстағы Көкше өңіріндегі өзіндік білім тәжірибесі, саладағы соны істері, шырқау биікке шарықтап ұшқан түлектерімен аты шыққан әйгілі Шұқыркөлде бітірген екен. Алаштың айтулы азаматтарына білім нәрін сіңірген қара шаңырақ Рүстем Шериязданұлына да білім бесігі болған. Мектептен соң қызығы мен қиындығы таразы басын тең тартып, жалынды ісі жарқылдап жататын комсомол жұмысына араласқан. Әйтсе де, мектепте үздік оқыған, білімге құштар көңіл бір қызметтің үзеңгісіне аяқ салғанын місе тұтпай, білім қууға бекем бел байлаған. Сөйтіп, 1954-1959 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін тәмамдап, терең білім алған. Табиғатынан шым-шытырық есеп-қисапқа, кейбіреуге алынбас қамалдай болып көрінетін цифр тіліне жетік болғандықтан ба екен, әйтеуір, жас көңіл осы салаға құлаған. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Көкшетау облыстық жоспарлау комиссиясында аға экономист болып қызметін бастады. Міне, осы арада жас маманның табандылығы, бойындағы берік білімі, өзіне тапсырылған қай істі болмасын асқан жауапкершілікпен орындайтын қасиеті көзге ұрғандай көрініп тұрды. Сөйтіп, болашағы зор жас маманның қызмет сатысымен біртіндеп өсу жолдары басталды. Жетпісінші жылдардың бас кезінде Көкшетау облыстық партия комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі СОКП Орталық комитетінің Жоғары партия мектебін бітірді. Кеңес заманында бұл кез-келген жастың маңдайына жазыла бермейтін бақыт еді. Облыс басшылары Рүстем Шериязданұлына зор сенім артса, ол ең алдымен күні ертең сол сенімді адал ақтайтындығына көздері жеткендіктен болар. Партияның жоғары мектебін бітіргеннен кейін Щучье аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істеді. Аудандағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қарқыны құлаш жайып, қызу еңбек қайнап жатқан тұс. Атқару комитетінің мойнына артылған жүк те аз емес еді. Біршама тәжірибе жинақтаған, адамдармен тіл табыса білетін, іскер де тиянақты, тұла бойынан жалғыз тал кіршік табылмайтын адал жүректі, адал көңілді, алды кең Рүстем Шериязданұлы пешенесіне жазылған соқпақты сыннан мүдірмей өтті. Мұнан соң өмірінің ең бір толысқан, қажыр-қайраты кемеліне келген шағы Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет еткен 1980 жылдармен тұспа-тұс келеді.
– Атам қазақта «ел ағасы» дейтұғын қастерлі ұғым бар, – дейді Мағауия Рахымбергенов, – Рүстем Шериязданұлы қай қырынан алып қарасаң да, дәл осындай құрметті атауға лайық ел азаматы еді. Ертеректе Көкшетау ауданында қызмет істеген жылдары ағаның бар болмысын толайым танып білдік десек, еш артықтығы жоқ. Бір ауыз сөзбен түйіндесек, ең алдымен Рүстем Шериязданұлының бойындағы мол білімді, терең парасатты айтар едім. Ол кезде әркімнің қабілетіне қарай, істеген еңбегіне қарай лайықты бағасы берілетін. Міне, осындай жан дүниенің тазалығы, көңілдің кіршіксіздігі, ешкімді алаламайтын адалдығы кейінгі жастарға, өкшесін басып өсіп келе жатқан інілеріне үлгі болатын азамат – осы кісі-тұғын.
Көкшетау ауданындағы еңбек майданында әбден шыңдалған, пісіп-жетілген мол тәжірибенің ендігі толайым жұмсалған жері – Щучье ауданы. Осы ауданда Рүстем Шериязданұлы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеді. Мұнан соңғы еңбек соқпағы Көкшетау облыстық халықтың бақылау комитетінің төрағалығына жалғасты. Дәл осы жерде табаны күректей бес жыл тындырымды қызмет істеді. «Халықтың көзі қырағы – мініңді көріп тұрады» демекші, атқарылып жатқан шаруаның сапасын анықтау оңай-оспақ іс емес еді. Біреуге жақсаң, біреуге жақпайсың. Ал, талап баршаға бірдей. Комитет төрағасы болып қызмет істеп жүрген кезінде мемлекеттік жоспарлар мен міндеттемелердің уақытылы орындалуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, қызметтік тәртіптің бұзылмауына, ұрлық-қарлыққа жол бермеуге тікелей атсалысты. Дәл осы қызметте мызғымас жартастай мығым еді.
Көкшетау облыстық жоспарлау комитетінің төрағасы болып алты жыл қызмет істегенде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Облыстық жоспарлау комиссиясы облыстық атқару комитетінің басқармалары мен бөлімдерінің, сондай-ақ, ұйымдар мен мекемелердің талап-тілегін орайлас-
тырып, болашаққа жоспар жасайтын. Дайындаған жоспарды облыстық партия комитеті мен облыстық атқару комитеті мұқият талдап, жоғарғы органдардың назарына ұсынатын. Міне, осындай парасатты пайым, ел жайын ойлаған ыстық жүрек, салқын ақылдың арқасында облыс орталығы Көкшетау қаласы да өсіп-өркендеді. Көкшетау механикалық зауыты қайта жөндеуден өткізіліп, аспап жасау зауытына айналды. Оттегімен тыныстау аппаратуралары зауыты, тоқыма фабрикасы, фарфор зауыты, үй құрылысы комбинаты, элеватор, әуежай, арақ-шарап зауытының құрылыстары жүргізіліп, ет комбинаты кеңейтіліп, күрделі жөндеуден өткізілді. Қала көркі – теміржол вокзалы мен автобекет салынды. Қалалық баспахана, облыстық «Көкшетау правдасы» мен «Степной маяк» газеттері редакциялары отыратын мекен-жай пайдалануға берілді. Бірнеше орта мектеп, педагогика институтының жаңа ғимараты, қалалық аурухана, туберкулезге қарсы күрес диспансері, облыстық партия комитеті мен атқару комитетінің ғимараты салынды. Аз шаруа емес, әрине. Бүгінгі күні ел игілігіне айналып отырған осыншама құрылыс облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтің тікелей басшылығымен жүргізілсе, сол ұлан-ғайыр істің бүге-шігесіне дейін жоспарлау Рүстем Шериязданұлының міндетті ісі еді.
Әр адам дәл осындай жұмыс істесе, Көкшетау, жалғыз ғана Көкшетау емес, кез-келген елді мекен аққудай сыланып, қырандай қанаттанып кетпес пе? Бүгінгі күні өткен өмірдің қажыр-қайратқа, еселі еңбекке толы әр белесі аңыз іспетті. Кейіпкеріміздің кескінін сомдауда атқарған ісін тәптіштеп жазу себебіміз, кейінгі жастар ел үшін атқарылған еңбекті білсін дегендіктен.
–Тағдыр менің маңдайыма Алаштың жақсы-жайсаңдарымен жақын араласуды жазып қойғандай,–дейді еңбек ардагері Шияп Әлиев. – Сондай тау тұлғалы азаматтың бірі Рүстем Шериязданов Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Азнабай Әбілмәжінұлынан кейін келді. Мен ол кезде аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі едім. «Жақсыда жаттық жоқ» деген емес пе. Аз уақыттың ішінде тіл табысып кеттік. Жасының біршама үлкендігіне қарамай, мені жақын тартты. Ысылған, өмір мектебінен мол тәжірибе жинаған Рүстем Шериязданұлынан көп нәрсе үйрендім. Тумысынан еңбек үшін жаралған адамдар болады. Рүстем Шериязданұлы да шын мәніндегі табаны тастан таймайтын тарланбоз іспетті күнді түнге, түнді күнге ұластырып, қажымай, талмай еңбек ететін азаматтың сойынан. Сондай адамдардың жанында жүріп, шынайы қамқорлығын жан-жүрегімізбен ұғып еңбек еттік. Кейінгі өмір жолымда бір кезде Рүстем Шериязданұлы тәрізді азаматтардан алған сабағым бойыма құт, ісіме береке болды. Ақыл-парасат тұнған абыз кеудесінде ерен-еңбегін айғақтайтын екі бірдей «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» ордендері жарқыраған ағамыздың Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесіндегі ісін жалғастыру бізге бұйырыпты. Негізінде оқыған-тоқығаны мол, айрықша білімдар, барынша сабырлы, кәдімгі қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, қара жер қозғалса да қозғалмайтын орнықты, көшелі азамат бір болса, Рүстем Шериязданұлындай-ақ болар деуге тұратын қамқорымыз еді.
Иә, бір орманда көктеп өскен қарағайдың қарсы біткен бұтағы сияқты тіршіліктің жауындары мен дауылдарына бірге төтеп беретін азаматтар бар. Ел төресі, жер төресі көгілдір мұнарға көмкеріліп, көгінде мәңгі өлмес сұңқар әнін қалықтатқан, тұлпар жырын дауылдатқан Көкшенің көркем перзенттері-ай, шіркін!..

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар