Рухани құндылығымыздың ордасы
Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде Халықаралық музейлер күніне арналған онлайн брифинг болып өтті.
Атаулы күн 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. Мерекеге орай 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілді.
Халықаралық музейлер кеңесін (International Council of Museums — қысқаша ICOM ) дүниежүзінің музей ісі мамандары 1946 жылы құрған болатын. Ұйымның мақсаты – табиғи және мәдени жәдігерлерді сақтай отырып, өткен мен келешекті байланыстыру, халықтар арасында өткен заманның мұраларын танымал ету.
Онда Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұрәлі, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қуаныш Шақшақов, Көкшетау қалалық тарихи музейінің директоры Ботагөз Ғабдуллина хабарлама жасап, музейлердің атқарып жатқан жұмыстарына қысқаша тоқталып, алдағы жұмыстарын саралады.
Музей – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, басқа да мұраларды жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Дүниежүзі мәдени қауымдастығының Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні болып бекітілген. Бүгінде Мәскеу қаласынан бастау алған айтулы мереке 1977 жылдан Халықаралық музейлер күні ретінде аталып өтіп келеді.
1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» атты мәдени шара Берлин қаласында өткізілген. Бүгінгі таңда республикамыздың барлық өңірлеріндегі музейлерде «Ашық есік» күнін өткізумен қатар, өткен жылдары Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде жыл сайынғы дәстүрлі «Музейдегі түн» акциясы өткені белгілі. Акцияның басты мақсаты – тарихи-мәдени мұрамызбен байланыс-
ты ерекше бағдарламаларды жасау арқылы келушілердің назары мен қызығушылығын арттыру болатын.
Брифингте хабарлама жасаған облыстық әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұрәлінің айтуынша, бүгінгі таңда осы музейде 10 мыңнан астам құнды жәдігерлер сақталған. Бұл музей 1993 жылдан бастап, тұрғындардың рухани-мәдени игілігіне жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта музей қорында қазақтың салт-санасына, этнографиялық байырғы құндылықтарына, сал-серілік дәстүріне негізделген экспонаттар бар. Олардың қатарында Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Көкен Шәкеев, Сәкен Жүнісов сияқты көрнекті өнер және әдебиет қайраткерлерінің жеке заттары, қолжазбалары, әдеби-көркем шығармалары сақталған. Сонымен қатар, Қарауыл Қанай бидің саптаяғы мен Бөгенбай батырдың құтысы, Ақан серінің темір ұстасына тапсырыс беріп жасатқан адалбақаны, серінің сүйіктісі Ақтоқты сұлудың «Зингер» тігін іс мәшинесі мен айнасы мұражайдағы аса құнды жәдігерлер болып саналады. Қала халқының рухани-мәдени өмірін қалыптастыруда музей көптеген іс шараларды ұйымдастырып келеді.
Жыл сайын музей қызметкерлері қазақтың белгілі тұлғаларының мерейтойлары қарсаңында ғылыми-танымдық негізі бар конференциялар өткізуге атсалысуда. Дәстүрлі түрде Бурабай баурайында өтетін Ақмола суретшілерінің «Қылқалам жыры» атты пленэрін ұйымдастыруда да музейдің орны ерекше аталады. Ал, бүгінгідей карантин уақытында музей тыныс-тіршілігі Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған онлайн іс-шаралармен толығуда. Өңіріміздегі басқа музейлерде де жас ұрпаққа қазақстандық патриотизм рухында тәрбие беру үшін ауқымды шаралар өткізіліп келеді.
Музей қашанда рухани құндылықтарымызды танытуда, оны ғылыми тұрғыда зерттеп, нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына одан әрі де атсалыса беретін болады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.