Брифинг

Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі

Ақмола облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Бекназарова брифинг өткізіп, өңіріміздегі 700-ге жуық мәдениет ошақтарында үш мыңнан аса мәдениет қызметкерлері жемісті еңбек етіп жатқанына тоқталды.

Брифинг мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орайластырылды. Бүгінде мәдениет майталмандарының ішіндегі Қазақстанның Халық әртісі атағы мен «Парасат» орденінің иегері Жібек Бағысова өңіріміздің ғана емес, қазақ халқының мақтанышы. Сондай-ақ, ұзақ жылдар мәдениет саласын басқарып келген Базарбай Кәкенов, Нүрикамал Сейітжанова, Сәуле Бөрібаеваны да құрметпен атауға болады.
Биылғы кәсіби мерекеде облысымыздың 25 мәдениет қызметкеріне облыс әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің марапаттарын салтанатты жағдайда табыс етті. Министрліктің «Еңбек ардагері» медалімен белгілі жазушы, қоғам қайраткері Айдос Әбутәліпов, еліміздің тарихи-мәдени мұрасын дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ-музыкалық драма театрының режиссері Болат Әбдірахманов, облыстық орыс драма театрының актері Андрей Владимиров, облыстық филармонияның қазақ халық аспаптары оркестрінің концертмейстері Әбілсерік Камашев, симфониялық оркестрдің концертмейстері Жұмабике Омарова марапатталды.
Ақмола өңірі аграрлы облыс болуымен қатар, астананың іргесінде орналасқан мәдени, дәстүрлі өнерге бай өлке болып саналады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шығармашылық және мәдениет мекемелері қызметкерлерінің белсене қатысуларының арқасында табысты жүзеге асырылуда.
Облыста Щучинск-Бурабай курорттық аумағын дамыту мақсатында 20-дан астам мәдени маңызы бар іс-шара өткізілді. Қазақ эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен «Жұлдызды маусым» жобасы жүзеге асырылды. Алғаш рет облыс әкімінің қолдауымен Бурабайда тоғыз шет елден 20 суретшінің қатысуымен «Бурабай аңыздары» халықаралық форумы, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан театрларының қатысуымен «ТеART-Көкше» Халықаралық театр фестивалі өтті. Ақмола облысы әкімінің қолдауымен соңғы бес жыл ішінде мәдениет саласының әртістеріне 5 пәтер берілді.
Жалпы, төтенше жағдай кезеңінде мәдениет қызметкерлері өз жұмыстарын онлайн режимде өткізді. Олар көрермендерін ұлттық мәдениеттің қайнарымен сусындатып, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Осындай құлшынысты шығармашылық ахуалдың арқасында өңіріміздің мәдениеті жылдан-жылға дамып келеді.
Ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, қазір барлық жағдай жасалған. Ақмолалық өнерпаздар осы жолда жұмыла еңбек етуде.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар