Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кілем тоқу – қол өнердің үздігі - АРҚА АЖАРЫ

Кілем тоқу – қол өнердің үздігі

Қазақстан – жүз отыздан астам ұлт өкілдері береке мен бірлікте өмір сүріп жатқан мемлекет. Мемлекетіміздің көп ұлтты бейнесінің қалыптасуына өзіндік үлес қосқан әрбір диаспораның қазақ жеріне тағдырдың тәлкегімен түрлі жағдайда қадам басқандығы бүгінде баршаға белгілі. Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі өзінің 100 жылдық мерейтойы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай, халық шығармашылығының үздік үлгілерінен «Сиқырлы кілем әлемі» атты көрме ұсынбақшы.

Кілем – әсемдік үшін, сондай-ақ, үйдің жылылығын сақтау, дыбысты бәсеңдету үшін пайдаланылатын, түрлі-түсті ою-өрнек салып тоқылған бұйым. Кілемнің үй тұрмысында ұзақ тұтынылуы, оның беріктігімен және төзімділігімен байланысты болса керек. Оны тұрмысымызда үйге жылу, сұлулық пен көрік беретін бұйым ретінде пайдаланған. Кілемнің халық арасында тараған түрлері өте көп. Олар жібек кілем, тақыр кілем, түсті кілем, терме кілем, алаша кілем, қалы кілем, тағы басқалары. «Үй жасауы – кілем» дейді атамыз қазақ. Кілем жайсаң төсеніш, ілсең сән. Осындай ел аузына ілінген асыл қасиетін әлі де сақтап келе жатқан бағалы зат. Дайындалу тәсіліне қарай кілемдердің қолдан және машинамен тоқылған түрлері болады.
Қолдан тоқылған кілем тоқыма станоктарында тоқылады. Ол өте берік келеді, күтіп ұстаса ондаған жылдар бойы, кейде жүз жылдан астам уақыт пайдалануға болады. Қолдан тоқылған түкті кілемді тоқуға қой, ешкі, түйе жүні, мақта-мата, жібек, зығыр, кендір жіптері пайдаланылады.
Кілем тоқу халықтың өте ертеден келе жатқан қол өнері. Қолдан тоқылған ең бағалы кілемдер  Иран, Франция, Үндістан,  Қытай, Болгария, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Польша, Ауғанстан, Түркияда шығарылады. Кешегі Кеңес Одағы да бұл жағынан алдыңғы орындардың бірінде болды. КСРО-да қолдан тоқылған ең жақсы кілемдер негізінен,  Дағыстан АССР-і, Түркіменстан, Әзірбайжан, Грузия, Армения және Қазақстанда шығарылды. Әр халықтың, әр елдің қалыптасқан дәстүр ерекшелігіне қарай кілемнің түр-түсі, ою-өрнегі, оны дайындау тәсілі әртүрлі болып келеді. Сондықтан да, кілемдер тоқылған жердің немесе халықтың, тайпаның атымен аталған.
Орыс мәдениетінде қолмен тоқу дәстүрі бар. Ертеде өте қарапайым геометриялық өрнектерді, көлбеу немесе зигзаг тәрізді жолақтарды пайдаланған. Сондай-ақ, XIX ғасырда қала мәдениетінің ықпалымен, үйдің интерьерінде гүл мотивтері үлкен рөлге ие болды.
Шеберлер жұмыстары аралық суретпен өрнектелген. Дәстүрлі жолақ кілемдерден басқа, «тор» түріндегісі де бар. Бұл экспонат музейдің ХІХ ғасыр залында орналасқан. Ал, екіншісі қызыл қара торлы түрі, музейдің қор бөлімінде сақтаулы.
Экспедиция барысында музей қызметкерлері Астрахан ауданының Зеленое ауылында тұратын Елена Бубичпен кездесті. 1923 жылы туған ол кісі әңгіме барысында өзінің қайғылы естеліктерімен бөлісті. Ұлы Отан соғысы кезінде Белоруссияны басып алған фашистер Елена Иосифовнаның ата-аналары мен апаларын атып тастаған. Олардың ең үлкені 21-де, ортаншысы 15-те, ал, кішісі 12-де екен. Ал, бұл кісінің өзі көрші ауылға азық-түлікке барғанда бір өлімнен қалған. Яғни, ол жерде ұзақ уақыт бойы тифпен ауырған. 1943 жылы фашистер тұтқынға алып, Виндау бағыты бойынша айдауға жаяу жіберген. 1959 жылы Е.Бубич Белоруссияның Люблин ауданынан Қазақстанға тыңға келеді. Ол сыйлаған төсеніш белоруссиялық тоқу техникасына тән.
Поляк және украин кілемдері (килимдер) тегіс тоқу немесе гобелендік өрім техникасында орындалған, түрлі түстердің үйлесімінде контрасты көптеген реңктері бар, жиектері өсімдік түрінде көмкерілген. Гүл мотивтері бар тегіс кілем, сондай-ақ, геометриялық кілемдер көп жағдайда көлденең тоқу станогында кенеп тоқу әдісімен орындалған. Осындай бір кілем көлемі 134х212 сантиметр. Оны 2005 жылы музей қорына бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданының Зеленый Гай ауылында дүниеге келген Николай Суховецкий тапсырған.
Кілем тоқу өнері – ғажайып өнер. Әлемнің көптеген халықтарында кілемдер қалың мал, елшілікке сый ретінде берілген ең құнды заттардың бірі болды. Кілем сол этностың символы болып саналды. Кілемдердің оюы арқылы осы ұлттың мәдениеті мен ерекшелігін көруге болады. Қолдан тоқылған кілем мен фабрикадан шыққан кілемдерді салыстыру арқылы да көп нәрсеге анық көз жеткізе аласыз. Қалай дегенмен де, табиғи зат өз ерекшелігімен, қанық бояуларымен, қиюы келіскен нақыштарымен өзіне тартып тұратыны сөзсіз.
Айым НҰРМАҚАНОВА,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар