Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Апақа деп жай атамапты - АРҚА АЖАРЫ

Апақа деп жай атамапты

Былтыр фәниден аяулы ана, Ел анасы болған Сәпия апа да озды. Ол кісі 1915 жылы 2 тамызда Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Ортағаш ауылында дүниеге келген еді.

Өмірінде бәрін де көрді: бәлшебектік өкіметтік кәмпескені де, халықтың малын тартып алып тәркілеуді де, ашаршылықты да, туыстарын қудалап соттағанын да, қанқұйлы соғыстың зардаптарын да, соғыстан кейінгі ауыртпашылықты да, тың жерді тыңайтамыз деп орыс-нойыс қылмыскерлерінің  сайын даламызға сайран салғанын да, бәрін де бәрін…
Тумысынан зерек те алғыр Сәпия қоғамдық жұмысқа ерте араласқан. Күйеуі Көшек Шынқожаұлы екеуі кезінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Бәйкен Әшімовпен, Баян Жанғаловпен Зеренді орталығында көршілес әрі қызметтес болған жандар. 1946 жылы өздерінің атақты жерлесі, академик, Кеңестер Одағының Батыры, апаның түйдей құрдасы Мәлік Ғабдуллинді алғашқылардың бірі болып қарсы алып, үйлерінде күткен. Сәпия апа өз құрсағынан 8 бала – 3 ұл, 5 қыз көрген, ал жалпы 11 бала – 4 ұл, 7 қызды өсіріп жеткізген. Күйеуі Көшек 1971 жылы ерте қайтыс болып кетіп, осы балалардың бәрін апаның өзі қамқорлыққа алып, бәріне жоғары білім әперіп, үйлендіріп аяқтандырған. Өзіне тән ер мінезі мен кеңпейілдігі үшін елі Сәпия апамызды құрметтеп, ол Апақа деген есімге ие болды.
Апақаның Қайрат есімді үлкен ұлы аға прораб ретінде Зеренді мен аудандағы ауылдарда түрлі құрылыстардың басы-қасында жүріп, сан алуан ғимараттар мен мектептер, бала бақшалар, мал қораларын салдырған, сөйтіп, жас та болса зор беделге ие болған. Бірақ, ол жастай, 35 жасында өмірден озған. Оның ұлы  Жасұлан өзінің жолын қуып, қазір Қарағанды қаласында құрылысшы болып істейді. Қызы Дина Қарағанды қалалық әкімдігінде кеңсе басшысы. Ал, тұңғышы Жанболат Қайратұлы апаның бауырында өсіп тәрбиеленіп, Алматы энергетика институтын бітірген соң Зерендіде бас энергетик қызметін атқарған, қазір Көкшетау қаласында кәсіпкер.
Сәпия апаның ортаншы ұлы Жолан Әсенов – самбо күресі бойынша қазақтан шыққан бірінші КСРО спорт шебері, Қазақстан мен Орта Азияның чемпионы, оның атында жыл сайын Бурабайда панкротеоннан халықаралық турнир өтеді. Кіші ұлы Қайыргелді Зерендінің орта мектебінде мұғалім болып, дене шынықтыру пәнінен сабақ берген, өзі үздік волейболист еді. Оның қызы Гүлнәр (бұл да апаның бауырында болған) Алматыда кәсіпкерлікпен шұғылданады.
Апамыздың тұңғыш қызы – Хиуа. Ол кісі де көп балалы болды, осыдан 10 жыл бұрын дүниеден озған. Екінші қызы Майра Алматыда педагог болып қызмет атқарды, ал, Бақыт деген қызы (есімі кезінде Зерендіде Бәйкен ағалармен Мир көшесі, 93-үйде көрші тұрғанда ол кісінің жан жары Бақыт Әспетқызының атына құрметтеп қойылған) Алматыда қайырымдылық қорында жұмыста. Сәпияның дүниеден тағы бір жастау кеткен аяулы қызы – Майкен. Ол  да педагог, Зерендіде және Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында мектептердің оқу ісін басқарған, жастық шағында Зеренді аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Көкшетау облыстық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болған еді. Кенже қызы Айман Қарағанды кооперативтік институтын тәмамдағаннан кейін Зерендіде, Көкшетауда тұтынушылар одағында, сауда мекемелерінде жұмыс жасап, содан соң Алматыда Қазақ КСР Сауда министрлігінде бөлім басшысы қызметін атқарған. Сәпия апа сонымен бірге, ба-уырлас башқұрт қызы Зәйтунаны асырап жеткізіп, жасау-жабдығымен тұрмысқа берген. Ол қазір Щучинск қаласында зейнеткер, ұл-қыздары өсіп жетілген.
Апақа еңбегі еленіп, облыс, республика тарапынан марапаттарға ие болған жан. 1992 жылы  бүкіл дүние жүзі қазақтарының Алматы шаһарындағы І құрылтайында Республика сарайының сахнасынан төралқаға, бүкіл әлемнен жиналған алаш жұртына шашу шашқан. 2005 жылы 90 жылдығына орай Елбасымыз Н.Назарбаевтан Алғыс хат алған. Сол жылы Ортағаш ауылында мешіт салдырған, ол әлі күнге дейін халыққа қызмет етуде.
–Елге тек жақсылық жасауды ойлау-шы едім, соны жүзеге асырдым, арманым жоқ, бәрін де көрдім ғой, – деп отырушы еді жарықтық.
Өзі жұбайы Көшекеңмен көпшіл, қонақжай, берекелі, дастарханы мол болған адамдар. Қонақ шақырған сәтте «көршілерді қалдырмаңдар» деуші еді абыз анамыз. Ілгеріде жаймашуақ жаздың ішінде Зерендіге көрнекті драматург Шахмет Хұсайынов және оның күйеу баласы, аса дарынды ақын Әбділда Тәжібаев дем алуға келіп, олар да осы үйден дәм татады. Бұл кісілер халқымыздың ардақты ұлы Шәмші Қалдаяқовты да Зерендіде болғанында аялап күтіп, қонақ етіп жіберген.
Апақа сымбатты, аққұбаның әдемісі еді, ал, жас шағында асқан сұлу болған дейді көзін көргендер. Өзі әзіл-қалжыңға да сұңғыла болатын. Алматыда тұрған кезінде  алматылықтарды өзінің тектілігі, кескін-келбеті, салмақты да салиқалы сөзімен тәнті еткен. Осы тұста (1999-2000-шы жылдары 80-85 жас шағында) «Хабар» телеарнасында халқымыздың ұлықты мерекесі – Наурыз күндері ұлттық киімімен, сән-салтанатымен экранға шығып, Наурыз мейрамының мән-мағынасын да түсіндіргені есте. Бес уақ намазын қаза жібермеген, әрдайым оразасын ұстады. Қолы ашық, жомарт, қолда барын аямайтын, сұраған мұқтаж адамға бере салатын.
Жалпы, көзі ашық, көкірегі даңғыл Апақа әлемде, дүниеде болып жатқан оқиғаларға сын көзімен қарайтын. Бірде ол кісіден:
–Апа, Сіз ғой, бір ғасыр – жүз жасадыңыз, үш заманды (формация) – феодализмді, социализмді көрдіңіз және енді осы күнгі капитализмді көріп отырсыз, осылардың қайсысы жақсы деп есептейсіз?  – деп сұрадық. Сонда ол кісі:
–Е, қарақтарым, егер бай болсаң феодализм жақсы, кедей болсаң социализм, ал, ұры болсаң капитализм жақсы, –деп әрі күлдіріп, әрі ойландырып тастағаны бар.
Қадірлі Ел анасы Сәпия апаның сүйегі өзінің туған жері Зерендіде осы жылдың 14 қаңтарында, сәрсенбіде жер қойнына тапсырылып, жасы 103 деп жерленді. Жаназасы өзі соңғы жылдары тұрған Мир көшесі, 135-үйдің (бұл үйді 2005 жылы сол тұстағы аудан әкімі Ербол Болатұлы Сағдиев бергізген еді) алдында шығарылды. Апақасын халқы ұзын саны жарты мыңдай қара құрым ел болып шығарып салды. Ол кісі бұл дүнияда жиырма екі немере, жиырма тоғыз шөбере және он бес  шөпшек көрген еді…            Еліне болған қазық егелердей,
Кезінде өрге жүрген кемелердей.
Апақа атын ол иеленген,
Нұриладай-Домалақ енелердей.

Жүрекке сыр ұяла, Жыр ұяла,
Жинаған ұрпақтарын бір ұяға.
Тербелер өзі  тіккен қарағайлар,
Жан-жақта,
Жер-жаһанда, қыр-қияда.

…Батасы – қаумалаған жәмиғатқа,
Ризамыз тағдырына, табиғатқа.
Бір ғасыр жасаған кейуананың,
Жазылар Сәпия аты тарихатқа!
                                Бақытжан ТОБАЯҚОВ,
ақын, Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі, Ә. Бөкейханов атындағы сыйлықтың лауреаты.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар