Аударыспақтан Жасұланымыз алдына жан салмады

 Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр  кентіндегі «Құлагер» атшабарында  көкпар, аударыспақ, теңге алу және жамбы атудан ел біріншілігінің жалауы көтерілді. Жарыс Кеңес Одағының Батыры, даңқты жерлесіміз  Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толуына арналып отыр.

Біріншілікке өз өңіріміздің спортшыларына қоса, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының құрамалары қатысуда.
Чемпионаттың ашылу салтанатына қатысқан Батырдың қызы Майдан Үсенова әкесінің туған мекенінде осындай ауқымды шараның өткізіліп отырғандығына  қуанышты екендігін жеткізіп, қатысушылардың барлығына зор денсаулық, елімізге мәңгі гүлдену тіледі.
Ал, ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының  жаттықтырушысы  Рамазан Сатыбаев бұл күннің қазақтың даласы мен баласы үшін айрықша күн, ұлт руханиятының   намысты оятып, рухты көтерер бір шоқтықты тұсы екендігін атап өтті.  Жау жағадан алғанда ел намысы үшін жан аямай күрескен ер тұлғалы Мәліктің ізін жалғастыру – бүгінгі ұрпақтың асыл парызы. Сондықтан да, біз осындай тағылымды шаралар арқылы ұлыларымызды барынша ұлықтауға тиіспіз.  
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының  басшысы Надежда Патюткина ұлтымыздың Мәлік Ғабдуллин сияқты  біртуар перзентінен бүгінгі жастардың үлгі алуға тиістігін тілге тиек етті.  Батыр бабамыздың  ізбасарлары егемен елдің тұғырлы Туын көкке көтертіп,  Әнұранымызды асқақтатар азаматтар болуы керек.
Чемпионат 22-інші тамызға дейін жалғасады.  Әзірге бізге белгілісі –  аударыспақтан өткен жарыстарда ерейментаулық Жасұлан Мағжановтың ел чемпионы атанғандығы. Осы орайда, аталған дүбірлі доданың «Kazsport»  және «Қазақстан» арналарынан көрсетілетіндігін айта кетейік. Жарыс барысы жайында біз де оқырмандарымызға хабарлап отырамыз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.  
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар