«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің Целиноград ауданының Талапкер кентінде бюджет қаржысы есебінен салынған электр жүйесі мен 49 шағын станцияны қалпына келтіру және оны 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін «Ақмола РЭК» акционерлік қоғамының сенімді басқармасына кезеңмен тапсыру шарасын жүзеге асыру жөніндегі хаттамалық тапсырмасының орындалуы қаралды.
«Nur Otan» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында өткен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің жеке қабылдауына Талапкер кентін электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесі бойынша осы кенттің тұрғыны Күмісжан Метхатова келген болатын. Үкімет басшысы бұл мәселе жөнінде кеңес өткізуді және қажетті шара қабылдауды Ақмола облысының әкімдігіне тапсырды. Нәтижесінде Жол картасы жасалды. Осыған сәйкес, «Vita Construction» серіктестігі мен «Электромонтаж» акционерлік қоғамы тәрізді әлеуетті мердігерлермен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі принципінде келісім жасалды.
Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко өз сөзінде сметаға сәйкес, энергетика нысандарын қалпына келтірудің қажетті шығыны 125,8 миллион теңгені құрайтынын айтты. 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласының маңайын дамытудың кешенді жоспары аясында Талапкер кентін электр қуатымен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысы жөніндегі жоба жүзеге асырыла бастады. Сол кезде мердігер ұйымның жұмысы толық көлемде орындалса да, пайдалануға берілетін нысандар тапсырылмады. Бұдан кейін мердігер ұйым өзін банкрот деп жариялады. Осының салдарынан ұзақ уақыт иесіз тұрған нысандардың көптеген қондырғылары ұрланды.
Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбеков Үкімет басшысының тапсырмасы және «Vita Construction» серіктестігі мен «Электромонтаж» акционерлік қоғамының келісімі бойынша жасалған Жол картасына сәйкес, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында энергетиканың ұрланған нысандарын қалпына келтіру жұмысы басталғанын, алайда, еліміздегі төтенше жағдай салдарынан ол екі айдан артық тоқтап қалғанын айтты.
«Ақмола таратушы электр жүйесі компаниясы» акционерлік қоғамының бас директоры Александр Павловтың айтуынша, бүгінгі күні 49 шағын станцияның 12-сі жөнделіп, «Ақмола РЭК» акционерлік қоғамының сенімді басқаруына берілген. Кентте тұратын 461 тұтынушы энергия көзіне қосылыпты. 37 шағын станцияның жөндеу жұмысын аяқтап, оны тапсыру бұдан бұрын биылғы жылдың 1 шілдесіне белгілеген болатын. Нақты себепке байланысты енді бұл жұмыс 2020 жылдың желтоқсанында аяқталады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.