Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қыз кейпіндегі шайтан - АРҚА АЖАРЫ

Қыз кейпіндегі шайтан

Бұрынғылардың көзiне жын-шайтандар көп көрiнген деседi. Мұны өз басым олардың жан дүниесiнiң тазалығымен, бес уақыт намазын қаза қылмай, имандылық жолын ұстанғанымен байланыстырамын. Қазiр дүние қуып кеткен, тiршiлiктiң қамымен кеткен заманда бiзбен қатар өмiр сүретiн тылсым әлемнiң көзге көрiне қоюы екiталай. Сондықтан, көненiң көзi – атамның жас кезiнде басынан өткен оқиғаны оқырмандарға баяндап берсем.

Менiң атам ауылда мал бағып өскен қазақтың қариясы. Әкесi екеуi ауылдың малын жайылымға шығарып, бағып күн көрген. Күндердiң күнiнде атам ержетiп, малды өз бетiнше бағатын болған. Сөйтiп, жаздыгүнi өрiске мал жаюға шыққан. Қойшының тiрлiгi белгiлi ғой, күнi бойы малдың соңында, кешке қарын аш. Айдаладағы елсiз жайлауда өзiңмен бiрге ала келген асың таусылса, тататын нәр таппайсың.
Бiр күнi атам өзi көтере келген азығын түс ауған мезгiлде-ақ тауысыпты. Кешке дейiн бiраз уақыт. Мал баққанда уақыт өтпей кететiнi тағы бар. Екiндiден кейiн әбден iш пысып, қарны ашады. Атам аш құрсақ болса да ымырт үйiрiлгенше шыдап, өрiстен малды қайырып, үйге қарай бет алған. Анадай жерде – өзiн күтiп тұрған қызды көзi шалады. Жанына таяй берген кезде сұлу бойжеткен: «Ағасы, күнi бойы жүрiп шаршаған шығарсыз? Бiздiң үйден дәм-тұз татыңыз» дедi күлiмсiреп.
Бағанадан берi iздегенi табылғанына қуанып кеткен атам бiрден келiседi. «Өзi шақырып тұрған соң, ас iшiп, ауқаттанып алғанда тұрған не бар?», – деп ойласа керек. Сөйтiп, бойжеткен ертiп әкелген киiз үйге кiрiп, төрге отырады. Жан-жағына қараса, бiр бұрышта көрпе жиылған, жерге киiз төселген. Қазан ошақта ас әзiрленiп жатыр. Кәдiмгi үй дерсiң. Көзге оғаш ештеңе түспеген соң атам әлгi қызбен әңгiме-дүкен құрып, емiн-еркiн отыра берген. Бiрер уақыттан кейiн төбеге қараса, киiз үйдiң шаңырағы жоқ болып шығыпты. Атам бұған дейiн үлкен кiсiлерден «шайтандардың үйлерiнiң шаңырағы болмайды» дегендi естiген. Қапелiмде не болғанын аңғармай қалған атам лезде қайда отырғанын түсiнiп, тiлiн кәлимаға келтiрiп, сүрелердi оқи жөнеледi. Сөйтсе, манадан берi отырған үй, көрпе-жастық, жайылған дастарқан iзiм-ғайым жоқ болып кеткен.
Содан берi атам шайтандар елсiз жерде кездеседi дегенге сенетiн болыпты. Сенбей қайтсiн, дәл осы тектес оқиға ол ен далада адасып кеткенде тағы қайталанған. Ол уақытта көршi ауылға бет алып, қараңғы түскенде адасып кеткен. Жолсызбен келе жатқанда, айдалада бiр жарықты көрген. Жақындаған сайын бiреулер от жағып, оның айналасында билеп жүр екен. Маңайына келiп, «о, тоба, елсiзде сауық сайран құрып жүрген кiм?» – деп ойлап болмайынша, әлгiлер қол бұлғап шақырған. Кенет ойына ертеректе бастан кешкен оқиға сап ете түсiп, әлгiлердiң адам емес, шайтандар екенiн түсiнiп, сүрелерiн оқи жөнеледi. От та, билеп жүргендер де сол мезетте жоғалған.
Мiне, қарап отырсаңыз, жын-шайтан туралы әңгiмелер өте көп. Халқымыз «түлен түрттi, жын қақты» деген сөздердi бекер айтпаса керек. Бiздiң көзге көрiнбесе де, қосалқы әлемде өмiр сүретiн тылсым дүние бар. Жын-шайтандар адамды азғыру үшiн төңiректi торуылдап, ыңғайлы сәттi iздейдi дейдi. Иманы әлсiз адамдар олардың ығына жығылып, азғыруына ерiп, күнә жасайды. Иманы мен салауаты мықты аталарымыз кезiнде оларды жолаттырмаған, бүгiнде адам түршiгетiн қылмыстың ол заманда аз болғанын өз басым осымен байланыстырамын.

Д.Алпысбаев.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар