Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елі ер Мәлігін еске алды - АРҚА АЖАРЫ

Елі ер Мәлігін еске алды

 Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері  Мəлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толуына орай,  туған жері – көрікті Зеренді өңірінде дүбірлі той болып өтті. Бұл игі шараға облыс əкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, батырдың қызы Майдан Мəлікқызы, аудан əкімі Асқар Мұратұлы, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, халқымыздың маңдайына біткен қайсар ұлдың рухына тағзым етті.

Халқымыз «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан шығады?» деген даналық сөзін текке айтпаса керек. Ел басына күн туған заманда білектің күшімен, найзаның ұшымен Отанын жаудан қорғап қалған, туған жерінің көркеюі үшін игі істер атқарған тұлғалар киелі қазақ топырағынан көптеп шыққаны белгілі. Сондай біртуар перзенттерін ұлтымыз қашанда ардақтап келеді. Кешегі Ұлы Отан соғысында жауды жер жастандырған батыр ұлы, жан-жақты білімді, парасатты азамат Мəлік Ғабдуллинді де халқы жадында мəңгі сақтауда. Батырдың туған жері Зеренді ауданында Ақмола облыстық əкімдігінің қолдауымен облыстық мəдениет басқармасы, аудандық əкімдік жəне Көкшетаудағы Мəлік Ғабдуллин мұражайы бірлесіп ұйымдастырған шара да осы сөзіміздің анық дəлелі іспеттес.
Той болған күні таңсəріден басталған жауын шара біткенше толастамады. Сірə, бұл Отанын жаудан қорғап қалған ержүрек ұлын табиғат ананың да жылап еске алғанын білдірсе керек. Жұртшылық қауым күннің салқын болғанына қарамастан, аудан орталығындағы басты алаңға көптеп жиналды. Батырдың 100 жылдығына арналған іс-шаралар легі Мəлік Ғабдуллин ескерткішіне гүл шоқтарын қою рəсімінен бастау алды. Жиналған көпшілік алдында облыс əкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, батырдың шәкірті Серік Негимов бір-бір ауыз сөз алып, еліне өшпес мұра қалдырып қана қоймай, сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін ерлік көрсеткен Мəлік Ғабдуллиндей даңқты бабаларын келер ұрпақ ешқашан да ұмытпайтындығын жеткізді. Ал, Алматыдан осы шараға арнайы келген Майдан Мəлікқызы əкесінің бір ғасырлық мерейтойын елеусіз қалдырмай, қолдарынан келгенше соны жақсы атап өтуге тырысып жатқан дүйім елге зор ризашылық сезімін білдірді.
Аудандық мəдениет үйінде «Ақын халықтың Батыр ұлы» деген тақырыппен өткен еске алу кешінде де бірқатар зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі. Жазушы Төлеген Қажыбаев Мәлік атамызбен кездескен сәттерін тебіреніп еске алса, ал, оның батырлығы, ержүректілігі жөніндегі Мәлік Ғабдуллин мұражайының директоры Құдайберлі Мырзабек ой толғады.
Жиында сөз алған Қазақстан
Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев ел тарихы қайтадан сарапталып жатқан заманда біздің тарихымызда шынымен де болған асыл, батыр тұлғаларымыздың есімдерін жоғалтып алмауымыз керектігін еске салды. Сенатор өз сөзінде:
– Мəлік Ғабдуллиннің есімі де, жасаған ерлігі де, шығармашылық еңбектері де, бәрі – ел тарихы. Бірақ, ол көмескіленіп қалмай,  келер ұрпақ көне тарих беттерін əрдайым ақтарып отыруы үшін біз бүгінгі күні осы бағытта көп еңбектенуіміз қажет, – дей келе, барша қауымды қуаныштарымен құттықтап, елімізге береке-бірлік, ырыс-ынтымақ тіледі.
Мəлік атамызға үстіміздегі жылы Көкшетауда еңселі ескерткіш орнатылса, биылдан қалдырмай Астана қаласында да осындай игі іс қолға алынбақшы екен. Сондай-ақ, Алматы облысындағы бір əскери бөлімше жерлесіміздің есімімен аталатынын естігенде залда отырған жамағаттың қуанышында шек болмады.
Еске алу кешінде, сондай-ақ, батыр бабамыздың отбасында қандай адам болғаны, әке ретіндегі бейнесі, оның адамгершілік қасиеттері туралы да айтылмай қалмады. Майдан апайдың өмірлік жары, Мәлік   Ғабдуллиннің күйеу баласы Алмазбек Үсенов батырдың көзі тірісінде ылғи үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткендігін, жоғары лауазымды қызметтерді атқарғанына қарамастан қарапайымдылығын ешқашан жоғалтпағанын ерекше атап өтті. Ал, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан  Нұркенов Мәлік атамыздың кішкентай шөбересі Дамирге облыс әкімінің арнайы ақшалай сыйлығын салтанатты жағдайда табыс етті. – Бір бойына ұстаздық, ғалымдық пен батырлық қабілеттер бірдей дарыған Мәлік Ғабдуллин келешек ұрпақ үлгі алуға әбден лайық тұлға. Сондықтан, қазіргі жастар шет елдің емес, өзіміздің тарихи кейіпкерлерімізге еліктеуі керек. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, осындай батыр бабаларымыздың есімдері әрдайым асқақтай берсін, – деді Нұрлан Нұркенов.
Шара аясында майдангер жазушының барлық шығармалары топтастырылған «Ғибраты мол ғұмыр» атты сандық форматтағы кітабы көпшілікке
таныстырылып, сахна төрінен әсем де, әуезді әндер шырқалды, домбырадан күмбірлете күй төгілді. Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар одан әрі оның туған ауылы Қойсалғанда жалғасты. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, жан-жақтан келген ағайын алдымен зират басына барып, батырдың әкесі Ғабдолланың рухына құран бағыштады.
Жалпы, бұл жерде де той жақсы өтті деуге болады. Мәлік атамыздың
мерейтойы атап өтіледі дегенді естіген зеренділіктердің  бірнеше күн бойы шын көңілмен дайындалғандықтары көрініп тұрды. Ауданға қарасты барлық ауылдардың Қойсалғанда бір-бір киіз үй тігіп, тойға келген қауымға ас беруі де қазақ ауылдары арасындағы ауызбіршілік пен татулықты білдіреді. Жауын жауып тұрса да, бір сәт қазан ошағының жанынан шықпай, қонақтарды күткен, осы тойда өнерлерін көрсеткен әнші, биші, спортшы жастарымыздың да еңбектерін ерекше атап өткеніміз жөн. Осы өлкедегі «Зеренді астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді жеке кәсіпорындар басшылары да тойға көмек-қолдауларын аямай, атжарысқа ақшалай демеушілік көрсетті.   
Иә, ауыл төрінде тігілген ақшаңқан киіз үйлер, алтыбақан тепкен қыз-жігіттер мен бәйгеге шапқан тұлпарлар, боз кілемде белдескен палуандар, мұның бәрі шараның маңыздылығын арттырып, сәнін аша түсті. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін күллі қауым концерттік бағдарламаны, спорттық жарыстарды бір кісідей тамашалап жатты. Қолайлы сәтті қалт жібермей, біз де тұрғындардан бүгінгі көңіл-күйлерін сұраған едік. Қанай би ауылының тумасы Гүлмира Бәкібаева тойға бірнеше күннен бері қамданғандарын айтып, барша жерлестерін мерекелерімен құттықтаса, Қойсалғанға бала-шағасымен бірге Ұялы ауылынан келген  Кенжебек Сейілбекұлы да осындай ізгі тілектерін жеткізді.
Тойға келген ағайынның назарына Ақмола облыстық филармониясының  әншілері мен жергілікті көркемөнерпаздар өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынып, осылайша бір күнге созылған батыр мерейтойы өз мәресіне жетті. Әрине, бұл биылдай даңқты атамызға арналған игі іс-шаралардың  бір парасы ғана деп есептейік. Жыл аяғына дейін осы орайда, әлі талай кездесулер, конференциялар ұйымдастырыла жатар. Алайда,  осы тойда орын алған кейбір кемшін тұстар келешекте қайталанбаса екен деген тілегіміз бар. Бұл кездесу жай шара емес, батырымызды еске алу, рухына дұға бағыштап,  жастарға атамыздың  ерлігі мен өзге де өнегелі істерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған той болғаннан кейін жалпақ тілмен «зиялы қауым өкілдері» деп жүрген кейбір ағаларымыздың киіз үйге кіріп алып, ішімдікпен әуестенушілігі  дұрыс болмады. Мұны Мәлік бабамыздың тойын  кемсіту мақсатында айтып отырған жоқпыз. Ең бастысы, батыр аруағы ұрпақтарының ісіне разы болса болғаны.     

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар