Журналист тапсырма алды Қалыпты арнаға түсіп келеді

Біраз күннен бері халықтың санасында елімізде теңгенің таргеттелуіне байланысты «Енді азық-түлік, басқа да тауарлар қымбаттайды ғой» деген сауалдың туындап жүргені белгілі. Елдің бұлай алаңдауы да орынды. Өйткені, валюта бағамына қатысты аталған өзгеріс орын алғаннан бері көптеген сауда-саттық орындары есіктерін жауып алып, тауар бағасын қайта есептеп, қосатынын қосып жатқаны жасырын емес. «Анау дүкендегілер есіктерін ашпайды, ана жақтағы супермаркетке кісілерді кіргізбей жатыр» деген сөздерді талай құлағымыз шалды. Осы мәселеге қанығайық деп облыс орталығындағы бірнеше дүкендерді аралап қайтқанымызда біз де сондай жайтқа куә болдық. Алдымен орталықта орналасқан сауда орындарына барып көрдік. Өкінішке орай, «Арбат» сауда үйінің азық-түлік сататын жағы жабық болғандықтан, ол жерге кіре алмадық. Менеджерден шағын маркеттің не себепті тұтынушыларды қабылдамай жатқанын сұрағанымызда ол:  «Ревизия», – деп, бір-ақ ауыз сөзбен жауап берді.
Бір-екі адым аттап, осы жерге жақын маңдағы «Монитор» компьютер дүкеніне де кірдік. Техника та-уарларын жиі сатып алмағандықтан, олардың құны теңгенің таргеттелуінен бұрын қанша тұрғанын да білмейміз. Алайда, осындағы кеңесші қыз Әлияның айтуынша, теңгенің таргеттелуі тек кейбір тауарлардың бағасына ғана әсер еткен. Нақты ненің қымбаттағынын білу үшін кеңесшінің тамырын басып көргенімізбен, ол тауарлардың бағаларын ашып айта алмайтындығын, ондай ақпарат  коммерциялық құпия екенін түсіндірді.
Әйтеуір осы сөзді місе тұтып, «Шайба» базарына бет алдық. Алдымен, аяқ-киім сатып отырған бір әйел адам көзімізге түсіп, соның қасына қарай жақындадық. Теңге жайлы айта бергенімізде, сатушы Гүлсара Темірбекова сөзді өзі бастады. Оның:
– Мына тауарларды көктен тегін алып жатқан жоқпыз. Біз де оларды біреуден ақшаға алып, үстіне шамалап қосып қана сатамыз. Бағаны бірқалыпты ұстауға тырысқанымызбен, Алматыдағы сатушылар баяғыда-ақ бағаны аспанға шарықтатып жіберді. Енді қалай болатынын бір құдай біледі, – дегені бағаның бұрынғыдай болмайтынын аңғартып тұрғаны анық. Әркім өз пайдасын ойлайтын мына заманда сауда орындарында қалыптасқан жағдайға да көп ұзамай етіміз үйреніп кететін секілді. Қысқасы, бұл былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының кері ғой.
Десек те, билік бұған бейжай қарап отырған жоқ. Облыс әкімі Сергей Кулагин тұрғындар күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының көтерілуіне жол берілмеуін қатаң қадағалауда. Тіпті, осы мәселе жөнінде арнайы штаб құрылып, қарапайым халықтың қамын ойлаған уәкілетті органдар бағаны тұрақтандыруға тырысып жатыр. Ал, біздің қолымыздан келетіні – әліптің артын бағу. Сары уайымға салынбай, мұның бәрі уақытша құбылыс деп білейікші. Неге десеңіз, алғашқы күндердегідей емес, жағдай қалыпты арнаға түсіп келеді.

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар