Ұлттық домбыра ұлықталатын шара

«Ұлттық домбыра» күніне орай облыс аумағында онлайн байқау ұйымдастырылуда. Аудандар мен қалалардан қатысып жатқан үміткерлерге үйде отырып дауыс беруге болады.

Бүгінде елімізде коронавирустың таралу аймағы кеңіп, жағдай күрделенуде. Осыған байланысты барлық мекемелер қашықтықтан жұмыс істеуге көшіп, мерекелік даталар шеңберінде өтетін жылдағы дәстүрлі байқаулар онлайн форматта өтіп жатыр. Солардың бірі облыстық ішкі саясат басқармасының арнайы жобасы негізінде «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан қазақтың ұлттық музыкалық аспабы – домбыра күніне арналған онлайн байқау шарасы. Оған 13 пен 35 жас аралығындағы кез-келген азамат қатыса алады. Оларға қойылатын басты талап – қазақтың ұлттық музыка аспабы – қасиетті домбырамен күй шертіп, ән орындап, арнау айту. «Ұлттық домбыра күніне орайластырылған бұл байқауға өңіріміздің аудандарынан да өнерпаздар белсенді қатысуда.
Байқау қазақ халқының ұлттық мұрасы болып табылатын қасиетті қара домбыраны ұлықтау, жастардың бойында ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті арттыру, қатысушы-өнерпаздардың шығармашылығын халыққа насихаттау мақсатында өткізіліп отыр.
Онлайн-байқау үш аталым бойынша өтуде. «Дәстүрлі ән» аталымында қатысушылар таңдап алған шығармасын домбыраның сүйемелдеуімен орындайды. «Айтыс ақындарының арнауы» аталымында ақындар домбыра жайлы ой-толғаныстарын ақ маржан жырларымен өрнектейтін болады. Ереже бойынша арнау он минуттан аспауы тиіс. «Күй» аталымында домбырашы өзі қалаған кез-келген күйді орындайды.
Қатысушылардың шығармалары бейнежазба арқылы маусым айының 26-сына дейін жинақталып үлгерді.
Онлайн байқау қатысушыларына дауыс беру ағымдағы жылдың 3 шілдесі күні сағат 18.00-де тоқтатылып, қорытындылары шығарылды. Марапаттау рәсімі Ұлттық домбыра күніне жоспарлануда. Байқаудың «Дәстүрлі ән» аталымы бойынша ең көп дауыс жинаған қатысушыға «Дәстүрлі әнші Қажыбай-Айбоз Жахин» атындағы бас жүлде табыс етіледі.
Осы күні жиырмаға жуық қатысушы өтініш берген байқауға Әлібек Серғалиев, ерейментаулық Дәулет Ерлан, көкшетаулық Мейірлан Сағындық, Дінислам Бекболат, Юрий Кочетыгов, Таңнұр Әлбосын, Біржан сал ауданынан Гауһар Балтабек, Жарас Әнес, Жоламан Рахимов, бұландылық Өмірзақ Шешханұлы сынды өнер майталмандары қатысуда.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар