«Бұлбұлым» әнін орындап едім!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен мен алғашқы рет 1995 жылы Алматы қаласында кездескен болатынмын. Тұңғыш Елбасы бір топ өнерпаздардың өнерін тамашалап болған соң, менің қолымдағы домбыраны алып, маған белгісіз бір ән айтты.

Ән шырқалып болған соң, бұл қандай ән деп сұрады. Мен білмейтінімді айттым. Сол кезде ол арқамнан қағып: Бұл – халық әні «Бұлбұлым». Есіңде болсын, ұмыт болып қалған халық әндері мен халық композиторларының әндерін жарыққа шығарып, қайта жаңғырту сендердің міндеттерің, – деді.
2015 жылы Көкшетауда Елбасымен тағы бір кездесудің сәті түсті. Мен ол кісінің алдында Ақмола облысының өнерпаздары атынан сөз сөйледім. Ол менің сөзімді бөліп, жиырма жыл бұрынғы екеуміздің алғашқы кездесуімізді еске алып, бір кезде өзі орындаған «Бұлбұлым» әнін айта аласың ба деді. Мен айтамын дедім. Содан маған берілген регламент пен жоспар бұзылып күтпеген жерден «Бұлбұлымды» орындап бердім. Тағы бірде Бурабайдағы кездесуімізде актер Ербай Дүнгененов екеуміз Елбасының алдында екі домбырамен екі дауыста қазақ әндерінен попурий орындадық. Алғашында сүйсініп тыңдап отырған ол, ән айтылып болған соң қайталап сұрады. Біз әндерді екінші мәрте айта бастағанда бізге қосыла айтып, жаңа ғана тыңдаған 7-8 әннің кезегінен де, сөзінен де жаңылмай шырқап шықты.
Елбасының бір таңқалдыратын әрі сүйсіндіретін қыры оның қай облыста қандай әнші, әртіс, ақын барын біліп, олармен болған арадағы әңгімелерді жадында сақтап, қанша уақыт өсте де жаңылмай еске түсіре алатыны. Қазақ өнерін құрметтемесе, ұлттық ән-күй, жыр-дастандарымыздан жаны ләззат алмаса, бұлай болмас еді.
Бұл күнде бүкіл әлем мойындаған саясаткер, Түркі әлемінің абызы атанған, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен кездескенімді мақтан тұтамын.

Жарас ҚАЛДАРОВ,
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
театр және кино актері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар