Алға жылжып, асқақ міндеттерге ұмтылуда

«Бастауға» бара бергің келеді. Өйткені, бұл шаруашылық Қазақстан Тәуелсіздігінің құрдасы. Мәселе мұнда да емес. Негізгі тартылыс күш – Тәуелсіздік мұраттарына адалдық пен еселі жауапкершілікте болса керек. Отыз жылға аяқ басқан сындарлы шақта ұйымшыл ұжым табысқа бастар игі істерімен тәнті етуде. Ел ішін еңселендірер жақсы қасиеттер жұрт назарында.

«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, мұнда алтын ұя – ауылды аялау ең басты парыз саналатыны сүйіндіреді. Көкорайға малынған көшелер асфальтталған, түнгі жарық самаладай жарқырайды. Заманауи ғимараттардың жанындағы тың кезінде бой көтерген үйлердің өзі сырын бермеген. Мұндағы тұрғын үйлердің бағасы өзге аймақтарға қарағанда біршама жоғары. Ауылдың тартымдылығын әлеуметтік нысандарға жасалып жатқан қамқорлықтан да байқайсыз. Мәселен, серіктестік жергілікті мектепке жаңа асхана салып беріп, оқушылардың барлығын тегін тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Шаруашылықтың ыстық-суығын көтерген ардагерлерге құрмет өзгеше. Елдің қызығы, басқа да жағдайлар шаруашылықтың араласуымен өтеді. Тұрғындардың табыс-нәпақасы да жыл санап өсіп келеді. Жалпы, шаруашылық негізгі екі бағытты: егіншілік пен мал шаруашылығын озық технологияға мейлінше бағыттап отыр. Бұл «Бастаудың» берекелі жолда екендігін дәлелдейді.
Бас агрономдықты қатар алып жүретін ЖШС директорының орынбасары Қайыркелді Ербалин алғашында серіктестіктің қарауында 14 мың гектар егістік болса, қазір 36 мыңға жеткенін айтады. Әртараптандыру мақсатында 5 мың гектарға күнбағыс, 3 мың гектарға зығыр егіліпті. Екпе шөптің көлемі де сұранысқа сай. «Не ексең, соны орасың» дегендей, «бастаулықтар» тұқым шаруашылығына айрықша мән береді. Өзгеден сатып алмайды. Шортандыдағы егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен дәстүрлі байланыс диқаншылықтың орайын келтіріп тұрғандай. Оны Қ.Ербалин соңғы бес жылда гектар түсімділігі 16 центнерден төмен түспегенімен дәлелдеп отыр. Биыл да әбден өңделген алқапқа институт патентіндегі бидайдың «Ақмола-2», «Астана», «Шортанды-95», арпаның «Арна», «Бітік» аталатын тұқымдары себілген. Аталған тұқым қоры Германияның «Пенкус» фирмасынан алып келінген жабдықтармен сұрыпталып, жоғары өнгіштік деңгейге жеткізілгені компьютерлік базада рет-ретімен тіркелген. Түпкі нәтиженің салмақтылығы осыдан.
Биыл «Бастау» ЖШС көктемгі егіс науқанын ерте бастап, ерте аяқтады. Қазіргі күні 25484 гектар бидай, 2800 гектар арпа, 978 гектар сұлы, 638 гектар жүгері, 390 гектар бұршақ және 1440 гектар мал азығындық алқаптың шығымы көңілдегідей. Бұны бас маман үстіміздегі жылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты бағам деп түсіндірді. Барлық 6700 гектар парлы алқапқа ылғал жабылып, тұқым себу кезінде 15230 гектар егістік химиялық жолмен өңделгені айтарлықтай қайтарым беріп отырғанын біз де аңғарып тұрмыз. Бұл екі айға жуық жаңбыр болмай, күннің ыстығы 30 градустан асқан шақтағы көңіл-ауанын біршама жайландырғанынан дерек береді.
«Бастаудың» атын шығарып тұрған сала – мал шаруашылығы. Мұнда тек қана асыл тұқымды еттік бағыттағы төрт түліктің бәрі өсіріледі. Серіктестік бір мезетте 5000 бас ірі қараны бордақылауды көздейтін инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Оның тең жартысы аналық мал болмақ. Қазіргі күні қазақтың ақ бас сиыры мен Америкадан алып келінген «абердин-ангус» тұқымын қосқанда ірі қара саны 3000 басты, жылқы 1500 басты құрайды.
– Бізде сегіз бұзау қорасы, жаңа үлгідегі төрт қысқы қоражай бар. Қасапхана мен ет өңдеу цехын салып алдық. Фермада 10 маман, 50 малшы жұмыс істейді. Ендігі жерде өндірістік табыс жөнінде де ауыз толтырып айтатын жағдайға жеттік. Бұл түлік санының өсуімен байланыстырылады. Шаруашылық бұрнағы жылы 40 тонна өнімді Қазақстан аймағы мен Ресейге шығарған. Аталған жұмыс алдағы кезде де жалғасын таба бермек, – дейді Қайыргелді Ербалин.
Сондай-ақ, ол соңғы жылдары мемлекет тарапынан ауыл өндірісін дамыту бағытында тиімді қолдау көрсетіліп отырғанын айтады. «Бастау» бағдарламалар шеңберінде, асыл тұқымды селекция үшін әр бас аналық малға 20 мың теңге субсидия алады екен. Бұған қоса, ет комбинатына өткізілген бірінші санатты 1 кило өнімге 300 теңге қосымша берілуде. Осының арқасында жыл басынан бері өткізілген ірі қара үшін қомақты қаржы түскен. Мұны өндірісті ғылыми жүйеде ұйымдастырумен де байланыстыруға болады. Алматыдағы мал шаруашылығы және жемазық өндірісі ғылыми-зерттеу институтының және осында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан С.Сейфуллин атындағы ауыл шаруашылығы университетінің профессоры Рашид Қазихановтың ұсынысымен аталық малдарды таңдау, іріктеу, өсіруге арналған арнайы база жабдықталыпты. Студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуі дәстүрге айналған. Шаруашылық Қараөткел көрме-жәрмеңкесіне қатысып, жұрт назарын бірден өзіне аударғанын білеміз. Мұнда «Удав» атты қазақтың ақ бас бұқасы бірінші орын алды. Одан кейінгі жылдары да жүлдесіз қалған емес.
Мал шаруашылығы кешені қысқы науқанға әдеттегідей тыңғылықты дайындықпен кірісті. Қыстау басына жемшөптің бір жарым жылдық қоры, яғни, 3500 тонна өнім жеткізу жоспарланған. Мал азығын дайындаумен екі бригада айналысуда. Ауа райының ерекше мінез танытуына қарамастан екпе шөптің гектар түсімділігі 6-8 центнерден кем емес. Бұл істе Қадырбек Жатаев, Жанат Қалиев, Владимир Сит, Серік Айнабаев, Александр Клочик, Виктор Плескачев, Василий Кроквлюк, Қанат Қапышевтердің өнімді ісі атап өтілді. Мал азығын құнарландыратын жаңа цех тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.
Өндіріс учаскелерінде болғанымызда шаруашылық басшысы Темірхан Мұқышевтың коронавирус індетінен сақтанудың барлық шараларын өз бақылауында ұстап отырғанының куәсі болдық. Серіктестік кеңсесінен бастап ферма, техника паркі, әлеуметтік нысандарда дезинфекциялық дәліздер орнатылған. Жаңадан салынған емханада қажетті дәрі-дәрмек жеткілікті.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар