Үкімет резерві арқылы отандық және шетелдік тауар өндірушілерден тағы 1,2 млн ПТР-тест жүйесі сатып алынады.
«Осы жылдың наурыз айынан бері Қытайдан жалпы сомасы 3 млрд теңгеге 696 мың тест-жүйесі сатып алынды. Бүгінге дейін Қазақстан аумағында 1 млн 700 мың зерттеу жүргізілді (ПТР-тест). Оның 971 мың зерттеуі Ұлттық сараптама орталығында жасалды. Қалған тесттер жеке медициналық ұйымдар мен медициналық ұйымдардың зертханаларында алынды», – деді ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. Комитет төрағасы қазіргі уақытта отандық тауар өндірушілерден де, шетелден де тест-жүйелерін сатып алу көзделіп отырғанын атап өтті. «Ұлттық сараптама орталығының барлық филиалында отандық тауар өндірушілердің тест-жүйесін қолдану көзделуде. Үкіметтің резерві аясында 1,2 млн зерттеу жүргізу үшін тест-жүйелерін сатып алу жоспарланған. Отандық болсын, шетелдік болсын тест-жүйелеріне қойылатын техникалық талаптар бар. Осы талаптарға барынша сәйкес келетін тест-жүйелері ғана сатып алынады», – деді ол.