Катардан жеткізілген гуманитарлық көмек Көкшетаудағы емдеу мекемелеріне таратылды. Арнайы құрылған мониторингтік топ мүшелері әрбір тауардың медицина мекемелеріне жеткізілуі қатаң бақылауда болғандығын айтуда.
Шетелден келген гуманитарлық көмек қораптарында бір реттік, медициналық, хирургиялық қорғаныс және пластикалық маскалар, арнайы костюмдер, бір рет қолданылатын медициналық киімдер мен қорғаныс көзілдіріктері бар. Әр тауарға және қораптарына «Гуманитарлық көмек. Тегін. Сатылуға тыйым салынған» деген арнайы мөр қойылыпты.
–Індеттің таралуы мен елдегі күрделі жағдайға байланысты қазіргі таңда Қазақстанға шет мемлекеттерден гуманитарлық көмек көптеп келіп жатыр. Алайда, бұл тауарлардың «тістегеннің ауызында, ұстағанның уысында» кетіп қалмауы үшін, сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі қоғам белсенділерімен бірлесіп, арнайы мониторингтік топ құрды. «Ақмола – адалдық алаңы» кеңсесімен бірігіп, осы жүктің діттеген жеріне аман-есен жетуін, тегін келген тауардың ертең дәріханаларда сатылмауын қадағалаймыз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті «тегін, сатылуға болмайды» деген жазуы бар арнайы мөр жасатты. Сол мөр тауарларға басылады, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин
Катардан келген гуманитарлық көмек Көкшетаудың 6 медицина мекемесіне жөнелтілді. Атап айтқанда, облыстық жедел жәрдем станциясына, қалалық емханаға, №1 емханаға, Красный Яр ауылындағы медицина мекемесіне, облыстық және қалалық ауруханаларға жіберілді. Сонымен бірге, басқа да мемлекеттерден келетін гуманитарлық көмектер облыс аумағындағы медициналық мекемелерге мониторингтік топтың бақылауы негізінде таратылады.
Ы.ШАМШИЕВА.