Қазақстанда карантин қаншалықты жиі болады және қанша уақытқа созылуы мүмкін? Қандай өлшемдер негізге алынды? Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында БАҚ өкілдері бас санитарлық дәрігерге осындай сұрақтар қойды. Айжан Есмағамбетова бұл, бірінші кезекте, әрбір қазақстандыққа байланысты деп жауап берді.
–Карантиннің қанша уақытқа созылатыны, оның қаншалықты жеңілдетілетіні әрқайсымызға және іс-әрекеттерімізге байланысты. Біз өмірімізде коронавирустың бар екенін түсініп, ол ұзақ уақыт бойы сақталатынын ескеруіміз керек. Үйде, жұмыста, отбасында, таныстарымыздың арасында, объектілерде немесе дүкендерде жүрсек те, қызмет көрсетсек те, қызметті пайдалансақ та коронавирус инфекциясының алдын алудың негізгі шараларын ұстануымыз керек – деді Айжан Есмағамбетова.
Карантиндік шараларды алып тастау немесе жеңілдету өлшемдері туралы айтатын болсақ, Денсаулық сақтау министрлігі алғашқыда алдымен инфекция жұқтырғандардың күнделікті және апта сайынғы өсімін ескеретінін айтқан болатын. Енді репродуктивтік және төсек-орындардың қамтылу көрсеткіштері негізінде есептеледі.
–Біз мамыр айының соңында екі жаңа көрсеткішке көштік, бұл инфекция өнімділігінің көрсеткіші, яғни бір адамға есептегенде індетті жұқтырған адамдар саны және төсек-орын қорымен қамту көрсеткіші. Репродуктивтілік көрсеткіші бірден аз болуы керек. Ал, кереует қорымен қамтуға байланысты карантинді жеңілдетудің үш кезеңі қарастырылған. Бірінші кезең 70 пайыз, екінші кезең 50 пайыз, үшінші кезең 30 пайыз болуы тиіс. – деп атап өтті мемлекеттік бас санитарлық дәрігер.
Сонымен бірге, ол көрсеткіш ұлғаятын болса, карантиндік шаралар қайтадан күшейтілуі мүмкін екендігін ескертті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.