Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Салт-дәстүрлеріміздің тозығынан арылайық - АРҚА АЖАРЫ

Салт-дәстүрлеріміздің тозығынан арылайық

«Арқа ажары» газетінің 2015 жылдың 20 тамызындағы Іңкәр Мұқанбетжанованың  «Той сияқты болып кетті»  мақаласындағы көтерілген мәселе бірінші рет емес.

Осыған ұқсас мақалалар әртүрлі газеттерде көтеріліп жүр, бірақ, баяғы жартас, бір жартас. Мен ойлаймын осындай мақалаларды көпшілігі оқиды да қояды.  Әр нәрсені іске асыруда бір бастаушысы болуы керек. Сол бастаушы болмай тұр.  Мақалада айтылғандарды қайталамай-ақ қояйын. Автор өте дұрыс жазған. Ал, осындай жағдай өлік жөнелтуде ғана ма?!
Тойлардың өзін алайықшы. Орташа 150-200 кісі  шақырылған тойға 5-6 миллион теңге қаржы кетеді.  Сол үйдің айлық табысы орташа  100 мың теңге болса, бұл 60 айда жиналатын қаржы. Жылға айналдырсақ, бес жылдың табысы. Сонда сол үй  бес жыл бойы қаржысын бір тойға ғана жинауы керек. Олар тамақ ішпей ме, киім кимей ме? Амалсыздан  қарызға батады. Тойға жылқы сойылып, дастарқанға неше түрлі тағамдар қойылып, бейне және жай суреттер түсірілуі керек. Басқа да шараларға қаржылар жұмсалады. Белгілі әншілер шақырылады. Олар дайындықсыз даяр әнін бірнеше минут айтқанына, сонша доллар деп қарап тұрады. Қазір әншілер бай дейміз. Әрине, бірнеше айтқан дайын әніне  мың долларлап алып жатса, олар байымағанда кім байиды?! Мен олардан қызғанып отырғаным жоқ, табыс еңбегіне қарай болса дұрыс болар еді. Асабаға үлкен ақы төленеді. Той иелері бір той өткіземін деп қаншама  шығынданады. Сол  тойға кемі бір-екі ай дайындалады, көп қаржы жұмсалады. Ал, ол небары  жеті-сегіз сағатта өтеді де кетеді. Қазақта мынадай сөз бар: «тойдың болғанынан болары қызық» деген. Мен айтар едім, той оны өткізушіге қызық емес, азап деп… Олай дейтінім, қаржыдан басқа, күні-түні  жақсы өтуін  ойлайды, отбасымен, туыстарымен түсініспеушілік те болып қалады.  Осының бәрі денсаулыққа кері әсер етеді.
Екінші айтпағым, қандай дастарқанда болсын, қойылған дәмді талапайға салу көп жерлерде  дәстүрге айналып барады. «Неге аласыздар?» десең, қонаққа арналған дейді. Дұрыс, қонаққа арналған, ұнатқандарын жесін  деп әр түрлісін қояды. Бірақ,  пакетке салып алу үшін емес. Қонақтан қалғанды  суытқышы  мен тоңазытқышына салып қойып, кейін өздері пайдалануына болады  ғой.  Менің байқауымша,  бұл сол үйдің дастарқанының құнын кетіру. Қазір әйтеуір бәрібір алады деп  үй иелері өздері салып беретін  болды.  Бұрын әйелдер  жағы ғана алушы еді, енді еркектер де алатын болып жүр.
Жоғарыда  айтқан мақаладағы және мен мысал ретінде келтіріп отырған келеңсіздіктерден басқа да тозығы жеткен дәстүрлерден  арылу қажет. Бұлар сол үйді тонаумен  пара-пар.  Онымен қоса, қазір қаржылық  дағдарыс  белең алып келе жатқанда, әркім өз қаржысын үнемдеп, қажетті жерлеріне жұмсаса, халықтың әл-ауқаты  төмендемес еді.
Қазір соңғы жағдайға байланысты әр деңгейдегі әкімдіктер халыққа қажет  тауарлар мен азық-түліктердің бағасын көтермеуді  бақылауға алып отыр. Сондықтан, дастарқан мәдениетіне көшкеніміз жөн болар еді. Менің түсінігімше, дастарқан мәдениеті дегеніміз, асты аста-төк жасамай, мәдениетті түрде әркім  қалағанынша дәм татып, ризашылығын білдіріп, үй иелеріне адал тілектерін айтып тарап жатса, қандай тамаша.  Бұл дастарқан мәдениеті өзінен-өзі келе қалмайды.  Мен жоғарыда айтқанымдай бір бастаушысы болу қажет.  
Олар кімдер? Меніңше  ел әкімі, имамдар мен молдалар, ауыл интеллигенциясы, ақсақалдар,  көзі ашық азаматтар, т.б. елінің қамын ойлайтындар. Ал, бұлардың қозғаушы  күші әкімдіктердегі ішкі саясат басқармалары  мен бөлімдері болуы керек.  Олар халықтың арасында дәстүрлеріміздің озығын дәріптейтін, тозығынан арылатындай жүйелі жұмыстар жүргізулері қажет. Бұл іске қоғамдық ұйымдарды, жекелеген белсенділерді ұйымдастырса, тіпті жақсы болар еді. Кейде қазақ қонақжай деген сөзге мәз боламыз.  Қонақжайлық барыңды шашу емес, қонағыңды сыйлап, дәм татқызу. Тоқетерін айтсам, қазіргідей аста-төк, дарақылықпен қазақ атымызға кір келтірмейік, тұрмысымызды да, жүйкемізді де жұқартпайық…
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер ұстаз.
 Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар