Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халыққа жоспарлы медициналық көмекті 1 тамыздан бастап қалпына келтіретінін хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халыққа жоспарлы медициналық көмекті 1 тамыздан бастап қалпына келтіру жоспарлары жасалды. Бірінші кезекте коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі іс-шараларға қатыстырылмаған басқа стационарларды кезең-кезеңмен қоса отырып, республикалық деңгейдегі мамандандырылған клиникаларда, монопрофильді клиникаларда жоспарлы емдеуге жатқызу қалпына келтіріледі.
Пандемия кезеңінде көптеген жоспарлы қызметтер неғұрлым кеш мерзімге кейінге қалдырылғанын ескеріп, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халықтың қызметтерді тұтыну көрсеткіші айтарлықтай өседі деп болжап отыр. Осыған байланысты медициналық көмек көрсетуді қаржыландыру жоспарына түзетулер енгізіледі. Болжам бойынша, үш тоқсанда жоспарлы көмек көлемі МӘМС жүйесін енгізу кезінде жоспарланғандай жыл басындағы деңгейге дейін өседі.
Анықтама ретінде айта кетсек, биылғы жылдың бірінші тоқсанында тәуліктік стационарларда 827 мың пациентке (бұл 2019 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық) мамандандырылған медициналық көмек көрсетілді, жоспарлы емдеуге жатқызу 79 пайызға артты. Медициналық оңалту көлемі 35 пайызға ұлғайып, бұл ретте инсульттан кейін пациенттерді қамту 2,3 есеге өсті.
Жалпы алғанда, бірінші тоқсанда әрбір үшінші пациент МӘМС қаражаты есебінен емделді. «Біздің денсаулық сақтау жүйесі вирусты жеңе алады және қор пациенттер алдындағы өзінің іске асырылмаған міндеттемелеріне қайта орала алады деп үміттенеміз», – деді Б.Төкежанов.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.