Өткен аптада Үкімет елімізде АИ-92/93 маркалы бензині тапшылығын болдырмау мақсатында оның бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартты.
Бұған отандық мұнай өнімдері рыногы қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ететін ресейлік отын бағасының қымбаттауы басты себеп болып отыр. Баспасөз мәслихатында жағдайды түсіндірген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев: «Бүгінгі таңда еліміздегі өндіріс орындары барлық қажеттілікті қамтамасыз етпейді. Сондықтан, жанар-жағармай негізінен, Ресейден тасымалданады. Ескі бағам кезінде бензин Ресейден 97 теңгеден сатып алынып, елімізде 108 теңгеден сатылатын. Бүгінгі таңда бензиннің литрі 120 теңгеден сатып алынады. Оны шығынға батып ешкім тасымалдамайды», – деді. Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде АИ-80 мен дизель отынының бағасы өзгермейтінін атап өтті.
«А-80 маркалы бензин мен дизель отынының бағасы сақталады. Біз оларды жеткілікті көлемде өндіреміз. Бұл бағытта мәселе туындамайды.
АИ-80 маркалы бензин 89 теңге, дизель отыны 99 теңге тұрады. Мұнда реттеу толық көлемде қалады», – деді вице-премьер. Бұл – ауыл шаруашылығы саласы егін орағы науқаны кезінде жанар — жағармайдан тапшылық көрмейді деген сөз. Егін орағын одан әрі жалғастыру үшін «солярка» біздің қоймаларда жеткілікті. Дизель отыны фермерлерге бұрынғыдай арзан бағамен жеткізіледі, – деді Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Владимир Школьник.
Көптеген жанар-жағармай құю станцияларында 128-130 теңгеден сатылатын АИ-92/93 маркалы бензинінен басқа бағасын рынок реттеген жоғары отандық отын АИ-95 бензині де қымбаттады.
Жанар-жағармай құю станциялары ірі жүйесінің иелерінен АИ-92/93 маркалы бензин бағасын белгілеу құрылымы мен АИ-95 бензин бағасы көтерілуінің себептері жөнінде ақпарат беруді сұрадық. Сондай-ақ, монополияға қарсы заңнаманы бұзу жауапкершілігі жөнінде де ескерттік. Нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы АИ-92/93 бензинінің бір литрінің бөлшек бағасын 125 теңгеге, АИ-95 – 136 теңгеге дейін түсіру жөнінде шешім қабылдады. Қазір осындай бағамен «ҚазМұнайГазӨнімдері» серіктестігінің жанар-жағармай құю станциялары жүргізушілерге жанар-жағармай босатуда. Мұнай өнімдері рыногында ірі ұлттық операторлар соңынан өзге компаниялар да ілесуі тиіс.
Кеше Ақмола облысының аумағындағы жанар-жағармай құю станцияларында АИ-92 мен АИ-95 бағасы былайша қалыптасты: «Эталон» литрі 124 және 140 теңге, «Юна» 128 және 140 теңге, «Есіл» 130 және 150 теңге. Барлық станцияларда АИ-92 бензинімен қатар, үлкен сұранысқа ие АИ-95 маркалы бензині де қымбаттап отыр. Табиғи монополия-ларды реттеу және бәскелестікті қорғау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мамандары қазір кейін әкелінген отынның көлемі мен бағасы, бөлшек сауда субъектілерінің қоры жөнінде ақпарат жинап жатқандарын айтты.
Дайындаған Рамазан ТІЛЕУОВ.