Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кәсіпкерлікті қолдау – ел дамуының кепілі - АРҚА АЖАРЫ

Кәсіпкерлікті қолдау – ел дамуының кепілі

 

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық филиалы республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері үшін «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында Астрахан, Бұланды және Бурабай аудандарындағы бірқатар кәсіпорындарға баспасөз турын ұйымдастырды.

 

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы кәсіпкерлердің бастамаларын жан-жақты қолдап, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік беретін таптырмас жоба. Сол себепті, облысымыздың әр ауданында кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар  белсенді жүргізіліп, мемлекет тарапынан өз ісін дамытамын деген іскер азаматтарға әрдайым көмек көрсетіледі.
– Аталмыш шара азаматтарға бағдарлама жөнінде ақпарат беріп,  елімізде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жобалардың қалай жұмыс істеп жатқанын нақты мысалдар арқылы көруге мүмкіндік береді, – дейді «Даму» қорының құзыреттілігін арттыру бағдарламасы бойынша бас менеджер Айсұлу Әубәкірова.
Жоба көмегімен кәсібін дөңгелетіп отырған жауапкершілігі шектеулі «Астраханская птица» серіктестігі – Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қамтамасыз ететін бірден-бір кәсіпорын. Ол жылына 1500 тонна бройлер етін шығарады. Алдағы уақытта  өнім көлемін 3000 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Серіктестік қордың көмегімен несие алып, ол қаржыны қазіргі заманға сай сағатына жеті тонна өнім шығаратын германдық құрама жем машинасын орнатуға жұмсаған. Кәсіпорынның директоры Иван Анцифировтың сөзіне жүгінсек, бүгінгі таңда Павлодар, Қарағанды облысы мен Петропавл қаласында бройлер еті үлкен сұранысқа ие. Тауық жұмыртқасы көрші Ресей елінен сатылып алынып, құстар  қоспасыз жемшөппен өсіріледі.  Таяу келешекте  серіктестік басшысы тағы да несие алып,  құс өсіруге арналған жеті база ашуды межелеуде.
Ал,  Макинск қаласындағы құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын  зауыт көбіктенген полистирон, қабырға аралық пенобетон блоктарын өндіреді. Сөйтіп, осыған дейін қаңырап бос тұрған ғимараттар кәдеге жаратылуда. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  жылу торабы өткізіліп жатыр. Зауыт өндіріске қажетті барлық құрал-жабдықтармен жасақталған. Серіктестік директоры Қайрат Құсайыновтың айтуынша, ендігі мақсат – бетон сақинасы мен блоктарын өндіруді қолға алу. Қазіргі таңда бұл құрылыс материалдарының тұрақты тұтынушылары  жауапкершілігі шектеулі «Темір-2001»,  «Трио Бик» және «НомадСтрой»  серіктестіктері болып табылады. Кәсіпорын директоры тілшілерге зауытты аралатып, оның жұмысы туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.
Сондай-ақ, журналистер Щучинск қаласында нан-тоқаш өнімдерін шығаратын «Козлова М.А.» жеке кәсіпкерлік нысанымен танысты. Бұл отбасылық кәсіп 2002 жылдан бастап жұмыс істеп тұр. Жеке кәсіпкер Марина Козлованы сөзге тартқанымызда, ол сол шақты ерекше тебіреніспен еске алды. Себебі, екі жыл бойы нанды өзі пісірген екен. Мамандығы есепші болған соң, есеп-қисаптарды да өзі қарапты. Уақыт өте келе, кәсіпкерлік бөлімі несие алуды ұсынып, жаңа кәсіпорынның бой көтеруіне түрткі болған. Алған несие жаңа нан пісіру пештерін сатып алуға бағытталды. Бүгінде наубайхана 10 түрлі нан-тоқаш өнімдерін шығарады. Басшы өз сөзінде тек қыста сұраныс біршама төмен екенін алға тартты. Ал, жаз мезгілінде туристердің есебінен  өнім сөреде жатып қалмайды. Ескере кететін жайт, наубайхана тұрмысы төмен отбасылар үшін нанды әлеуметтік баға бойынша ұсынуда. Нәтижесінде, нысан маңындағы дүңгіршікте сатып алушылардың қатары көп.
Баспасөз туры соңында БАҚ өкілдері техникалық байқау орталығын аралады.  Мұнда кәсіпорын басшысы Виктор Беленецпен бірге баласы Виктор мен қызы Евгения да жұмыс істейді. Бірі көмекшісі болса, бірі орталықтың есебін бақылайды. Өз кәсібін өркендету жолында іскер азамат көптеген кедергілерге тап болса да, ешқашан қиындыққа мойымаған. Керісінше, «Даму» қорының көмегімен 11 миллион теңге көлемінде жеңілдікпен берілген несиеге қол жеткізіп,  жеңіл және ауыр автокөліктерді техникалық бақылаудан өткізетін мобильдік станция сатып алыпты. Орталықта жыл сайын он мыңға жуық көлік тексерістен өткізіледі.Таяу келешекте  тағы бір несие алып, техникалық бақылау жүргізетін үлкен ғимараттың құрылысын бастамақшы. Бұл барлық көліктерге арналған әмбебап кешен болады деп күтілуде.
Осылайша, тур барысында журналистер Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының өңірімізде ойдағыдай жүзеге асырылып жатқандығына анық көз жеткізіп оралды.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар