Карантин кезіндегі қайырымдылық шараларынан тыс қалмауды ойлаған Бурабай ауданының іскер азаматтары жергілікті ауруханаға қол ұшын созды.
Тимур Нұрсайынов су жылыту қазандарын өндірумен айналысады. Бұл Қазақстан бойынша бу қазандықтарын шығаратын жалғыз кәсіпорын. Карантин кезінде кәсіпкер аудандық ауруханаға оттегі баллондары мен өкпені желдетуге арналған арнайы маскаларды сыйға тартты. Қайрат Бәйішевтің іскерлік салада жүргеніне 6 жыл. Оның компаниясы тұрмыстық химияны Бурабай ауданында ғана емес, еліміз бо-йынша сатады. Олар да ауруханаға қажетті өнімдерді жеткізіпті.
– «Covid-19» біздің салаға кері әсерін тигізді. Халықтың көп бөлігі жұмыссыз қалғандықтан, сатылым шамамен 50-70 пайызға төмендеді. Бірақ, бұған қарамастан, біздің компания жұмыс орындарын сақтап қалды. Біз аудандық ауруханаға, оның ішінде жұқпалы аурулар бөлімшесіне көмек көрсеттік. Гигиеналық құралдар әкелдік. Бизнес-қауымдастықты және халықты қолымыздан келгенше көмек көрсетуге шақырамын. Игілікті істен шет қалмайық. Бұл біздің ортақ мәселеміз. Бір-бірімізді қорғайық, қолдау көрсетейік,–дейді кәсіпкер Қайрат Бәйішев бізбен әңгімесінде.Облыстық «Бурабай» балаларды оңалту орталығында провизорлық бөлімшенің 70 және инфекциялық бөлімшенің 15 орны жабдықталған. Медицина мамандарының айтуынша, бүгінгі күні дәрі-дәрмек немесе орын жетіспеушілігі деген мәселе атымен жоқ. Дәрігерлер мен науқастарға барлық жағдай жасалған.
–Кәсіпкерлердің қолдауын ерекше айтқым келеді. Қиын сәтте қол ұшын созған жандар оттегі концентратын жеткізді. Волонтерлер қозғалысы медицина мамандарына маска, бұдан басқа 70 бөтелке ауыз су әкелді. «Шұғыла» қоғамдық қоры екі оттегі концентратын алып берді,–дейді облыстық «Бурабай» балаларды оңалту орталығы бас дәрігерінің орынбасары Жанар Әлниязова.Еске сала кетейік, Бурабай ауданында нау-рыз айынан бері 703 науқас ем қабылдап, оның 672-сі жазылып шыққан. «Covid-19» диагнозы қойылған науқастардың 90 пайызы жазылған. Бүгінгі күні Бурабай ауданында эпидахуал тұрақты. Ауруханаға қолдау жасауға талпынған жанашыр жандардың күн санап артуы көңіл қуантады.
Боранбай КӨМЕКЕЙ.
Бурабай ауданы.