Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Өңірдегі өрт қауіпсіздігі шаралары» сондай-ақ, ыстық күндердегі қоғамдық қауіпсіздік шаралары» тақырыбында брифинг болып өтті.
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы міндетін атқарушы Қанат Доспаевтың айтуынша, тамыз айының орта шеніне дейін аптап ыстық болады. Осыған байланысты туристік аймақтарда дем алушылар саны артады деген болжам бар. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарды суда шомылу кезінде барынша абай болуға шақырады. Әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Ағымдағы жаз маусымы басталғалы өңіріміздің 17 тұрғыны қайғылы оқиғаға душар болған, оның 4-еуі балалар болса, 10-ы дем алуға келген өзге өңірдің тұрғындары екен.
–Қазіргі таңда 50 адамнан тұратын 15 мобильді топ құрып, түсіндіру жұмыстарын қолға алдық. Ал, қауіпсіздік шараларын сақтамаған 28 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 23-і ескерту алса, 5-еуі 200 мың теңгеден аса айыппұл төледі, – дейді Қанат Доспаев.
Биыл өңіріміздегі 48 мың гектардан астам алқапта 34 орман өрті тіркелген. Басым бөлігі Бурабай ауданына тиесілі. Мұндай жағдайлар Біржан сал ауданы мен Ақкөл ауданында да көптеп кездеседі. Өртті дер кезінде сөндіруге шалғай елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерінің жоқтығы кері әсерін тигізіп отыр дейді мамандар. Сондықтан, өрт сөндіру бекеттерін ашуға жергілікті билік органдары мен кәсіпкерлер тартылуда. Олардың көмегімен өңірде 30 бекет ашылған. Сонымен қатар, құрамында 1 мыңнан аса еріктілер бар 208 жасақ құрылған. Арнайы мамандар өрттің алдын алу мақсатында рейдтер ұйымдастыруда.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.