Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ спортының жарқыраған жұлдызы еді - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ спортының жарқыраған жұлдызы еді

Қазақ халқының біртуар азаматы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың бақилық болғанын естіп, баршамыздың қабырғамыз қайысуда. Ұлт мүддесі үшін боз кілемде талай жыл тер төгіп, намысты қолдан бермеген жігерлі жігіт, бүгінгі күні жігіт ағасы жетпіске қараған шағында дүниеден озды.

Өте өкінішті, ағамыздың әлі де еліне, жас ұрпаққа берер ақыл-кеңесі мен күнделікті өмірдегі үлгі-өнегесі көп еді. Өзінің қарапайымдылығы, кішіпейілдігі, үлкен жүректі азаматтылығымен ағамыз халқына жақын болды. Сондықтан да, халық Жақаңды шын көңілдерімен жақсы көрді! Жаны жайсаң ақ көңілді, үлкен жүректі, ұлтжанды, халқының сүйіктісі, өр рухты Жақаң аға елдің есінде мәңгілік сақталады.
Грек-рим күресінен әлем чемпионы, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіров туралы айтсақ, грек-рим күресінен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы 1951 жылы Жамбыл облысының Свердлов ауданындағы «Чапаев» совхозының Тегістік ауылында қазақтың қарапайым отбасында дүниеге келді.
Жақсылық Үшкемпіров ауылдағы қарапайым мектепте білім алған.1968 жылы Семей қаласының зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, институт қабырғасындағы күрес үйірмесіне қатысып, еркін күреспен жарты жылдай айналысқан соң республика чемпионы атанады. Кейін классикалық күреспен шұғылданады. 1970 жылдары республикалық жарыста жеңіске жетеді. Осы кезден бастап балуан Олимпиада чемпионы болуды армандай бастаған. 1976 жылы Жақсылық аға грек-рим күресінен Кеңес Одағының чемпионы атанады.
Жақсылық аға Олимпиада ойындарында қалай жеңіске жеткенін былайша есіне алады. «Бірінші кездесуімде үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы румыниялық Александрға қарсы күрестім. «Жеңіліп қалсам, не болады?» деген қорқыныш болды. Залда 15 мың халық отырды. Бүкілі «Жақсылық» деп айғайлады. Барлығы маған қазақ болып көрінді. «Жеңейін, болмаса өлейін» дедім. Соны ғана ойладым. 9 минут күресіп, 9:4 есебімен әрең жеңдім. Кейін боз кілемде жарты сағат жаттым», – дейді Жақсылық Үшкемпіров кезінде берген сұхбаттарында.
1981 жылы ол грек-рим күресінен әлем чемпионы, 1982 жылы әлем кубогында күміс жүлдеге ие болды. 1974-1984 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарды. 1984-1993 жылдары спорт мектебінің директоры, 1993 жылдан бері Алматы облысындағы «Жақсылық» спорт клубының директоры болып қызмет атқарды.
Кейін Жақсылық аға кәсіпкерлікпен шұғылданды. Жеке шаруашылығын ашып, 100 адамға жұмыс орнын берді. Сонымен қатар, Жақсылық ағамыз Алматы облысының Мыңбаев ауылында өз қаражатына спорт кешенін, 100 орындық балабақша салды.
Спорттағы және еңбектегі осы жетістіктері үшін 2017 жылы Жақсылық Үшкемпіров Қазақстанның Еңбек Ері жоғары атағын алды. Сонымен қатар, ағамыз «Құрмет», «Парасат», «Отан», «Барыс» ордендеріне және басқа да марапаттарға ие болды. Өткен жылдың маусым айында Жақсылық Әмірәліұлы Ақмола жеріне іссапармен келгенде Ақмола облыстық сотына сот ұжымымен кездесуге шақырғанымда қуана келісіп, бүгінгі күнге дейінгі өмір және спорт жолындағы жетістіктерімен бөлісіп еді.
«Адам қай салада қызмет істесе де ерлік жасауға болады» деген сөз Жақсылық ағамызға арналып айтылғандай екен. Ағамыздың спортта, өмірде жасаған ерліктеріне омырауындағы медальдары, сан алуан марапаттары және Қазақстанның Еңбек Ері атағы айғақ. Судьялар қауымдастығы және сот қызметкерлерімен кездесуде Жақсылық Үшкемпіров естеліктерімен бөлісіп, спорттық жолы, бапкерлік жұмысы және бүгінгі таңда немен айналысатындығы туралы айтып берді. Кездесуде батыр ағамыз жастарды еңбексүйгіштікке, адалдыққа шақырды. Қазақ спортының даңқты тұлғасымен бұл кездесу сот қызметкерлерін патриоттық сезімге, намысшылдық және спортқа деген қызығушылыққа тәрбиелеу мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында өткізілген еді. Ағамызға қарсы бой түзеп, тәрбие алатын жастар көп. Ол кісінің еңбек жолы, өмірлік ұстанымы мен адамгершілік қасиеттерінен көп үлгі алуға болады.
Мен даңқты палуан Жақаңмен бір топырақта туып, туыстығы жақын адам екеніме іштей қуанышта жүретінмін. Жалпының жақсысы, халқының айбары атанған Жақсылық Үшкемпіров Отанымыздың ең жоғары Еңбек Ері атағына ие болғанда қошеметтеп, қуанбаған қазақ жоқ шығар?! Олимпиада чемпионы, палуандық өнердің падишасы, Алаштың маңдайына біткен арысы Жақсылық ағамыздың бірде «еңбегімді бағалап халқым қаншама атақ, марапаттаулар жасап жатыр, бәріне ризамын» дегені бар еді.
Иә, аядай ауылдан шығып, алты құрлыққа танылған Жақсылық ағамыз шынында да атына заты сай, жақсы істердің жалауын көтерген ұлт қайраткері еді. Ажалға араша түсер кім бар?! Алла ісіне амал жоқ. Күллі халыққа қайғырып көңіл айтамын. Жақсылық ағамыздың иманы саламат болсын, жаны жәннатта, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Марқұм Жақсылық ағамыздың отбасына амандық тілеймін. Ел-жұртымыздың індет құрсауынан құтылып, амандықта ғұмыр кешуіне Алла нәсіп етсін.
Сөзімнің соңында бауырлас інісі Қасқырбай Нарбатырдың Жақсылық ағамызға «Қош бол, Аға!..» атты арнауын ұсынамын.

Састырды өмірдің мұң бұлт-наласы,
Асқынды көңілдің тым күрт жарасы.
Үшкемпіров Жақсылық кетті арадан,
Ұлт намысын көтерген ұлт баласы.

Еселеген елінің бақ-несібін,
Алаш білген ардақтап нақты есімін.
Қайран Жақаң қазақтың дарабозы,
Ойда-жоқта пәнидің жапты есігін.

Шуақ шашып жүретін жұртқа түрі,
Қарапайым әсерлі сыртқа қыры.
Бала сынды аяулы өскен Жақаң,
Ұлт айдары еді рас, ұлт Батыры.

Сейілер ме еңсені езген азап,
Тұлға еді көрінер көзге ғажап.
Жоқтау айтар қаралы кезең кеп тұр,
Жыла қазақ, ботадай бозда қазақ!

Орны енді асылдың бос қала ма,
Келе ме ер дәл сондай басқа жаңа?!
Алла берген Алашқа Жақсылық ең,
Алла ісіне амал жоқ, қош бол, Аға!..

Досжан ӘМІРОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар