Көзі болып көненің, балбал тастар сөйлейді…

15 тамыз – Археолог күніне орай, Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы Зеренді ауданындағы Орманды Бұлақ қорымы мен Қошқарбай қонысына экспедиция ұйымдастырды.

Жылда маусым айы басталысымен университет студенттерін ертіп, археологиялық қазба жұмыстарына кірісетін тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мамандарына да биыл ел аумағында пандемияның таралуына байланысты бірқатар жоспарларын кейінге қалдыруға тура келді. Дегенмен, төл мерекелері – Археолог күні қарсаңында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Серік Ысқақов шағын құраммен болса да, экспедиция ұйымдастыруды жөн санапты.
–Біздің орталық жер бетінде жойылып бара жатқан археологиялық ескерткіштерді қорғау-құтқару, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып қана қоймай, сондай-ақ ғылыми-зерттеулер де жүргізеді. Бұзылу қаупі бар археология ескерткіштеріне қорғау-құтқару жұмыстарын жүргізуді 2003 жылы бастаған едік. 17 жылдың ішінде 200-ден астам археология ескерткіштері қалпына келтірілді, – деді Серік Базарбекұлы бізге жолда экспедицияның мақсаты мен бағытын түсіндіре отырып.
Бүгінгі таңда Ақмола облысында тас дәуірінен жаңа заманға дейінгі кезеңдерге жататын 976 археологиялық ескерткіштер бар. Олардың 229-ы Зеренді ауданында орналасқан. Солардың бірі қола дәуірі мен ерте темір дәуіріне жататын Орманды Бұлақ қорымы және өзінше экологиялық тауаша саналатын Қошқарбай қонысы. Экспедицияның құрамында бірге барған археолог Рауан Ержанов тілшілерге жол-жөнекей осы екі қорған жайында кеңінен әңгімелеп берді.
–Археолог ретінде мені, әсіресе, қорғандардың ғылыми сипаттамасы, қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер қызықтырады. Мәселен, Орманды Бұлақ қорымында ерте қола дәуірінен бастап орта ғасыр дәуіріне, яғни, түркі заманына дейінгі жерлеу орындары орналасқан. Бұл қорымның ерекшелігі, шағын ғана аумақта бір емес, бірнеше дәуір ескерткіштерінің орналасуында. Археологиямен алғаш айналыса бастаған 2009 жылы осы Орманды Бұлақ қорымында бірнеше қабатты жерлеу орындарын, сақ тайпаларына жататын жәдігерлерді, қоладан жасалған айна, әшекей бұйымдарды тапқан болатынбыз. Әлбетте, облысымызда әлі зерттелмеген жерлер бар. Жуырда Атбасар ауданында жүргізген барлау жұмыстары кезінде тарихи-мәдени мұраға жататын археологияның 22 жаңа нысанын анықтадық. Міне, археологтардың табаны тимеген мұндай жерлер өте көп деуге болады, – дейді Рауан Ержанов.
Көп ұзамай Зеренді ауданы Қарсақ елді мекенінің жанындағы Орманды Бұлақ қорымына келіп жеттік. Анадайда мен мұндалап тұрған балбал тастар көзімізге оттай басылды. Көненің көзіндей ескерткіштер тарих тұңғиығынан сыр шерткісі келетіндей көрінді бізге. Бұл қорым 2006 жылы археолог Виктор Зайберттің бастамасымен жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары кезінде табылып, белгілі болған екен. Серік Ысқақовтың айтуынша, 2006 жылы мұнда ерте кезеңдерге жататын 50 археологиялық ескерткіш табылыпты. 2011, 2012 жылдары тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы қорымда қорғау-құтқару жұмыстарын жүргізіп, түгел қоршаған екен. Алайда, ондағы ескерткіштер бұзыла бастаған соң, «Зеренді» орман шаруашылығы қоршауларды алып тастапты. Қазір мұнда ешқандай жазу болмаған соң, оның қола дәуіріне жататын қорым екенін көбісі біле бермейді. Сол себепті, Серік Базарбекұлы келер жылы қорым маңына ақпараттық тақтайша орнатуды жоспарлап қойғандарын айтты.
Орманды Бұлақ қорымында болғанымызда Сандықтау ауданында осыдан 4-5 жыл бұрын табылған түркі заманына жататын балбал тасты көрдік. Археологтардың айтуынша, ертедегі тайпалар жерлеу рәсімі кезінде зиратқа топырақ салудың орнына, тастарды тастаған екен. Аумағы шамамен үш гектарға созылып жатқан Орманды Бұлақ қорымында әлі ашылмаған қорғандар да бар. Алдағы жылдары барлау жұмыстары қолға алынбақшы.
Өкінішке орай, елімізде совхоздар салына бастаған кезде көптеген археологиялық ескерткіштер іргетас ретінде пайдаланылып кеткен екен. Бұдан бөлек, тың игеру жылдары көптеген қорғандар жыртылып кетіпті. Мұндай олқылықтар қазір де бар дейді орталық директоры. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңының 30-бабына сәйкес, шаруа қожалықтары жерді игерер алдында онда тарихи-мәдени мұра объектілерінің жоқ екені туралы анықтама алуы қажет. Алайда, кейбіреулер олай етпейтін көрінеді. Сондайлардың кесірінен, Атбасар ауданының өзінде отыздан астам ескерткіш жойылып кеткен екен.
Орманды Бұлақ қорымынан кейін экспедиция Кеңеткөл ауылының маңында орналасқан Қошқарбай қонысында жалғасын тапты. Бұл жердің де сұлулығы көз тартады. Қоныс жанында маңғазданып Қошқарбай тауы тұр, ал, жанында Шағалалы өзені ағып жатыр. Археологтардың айтуынша, бұл жерде қола дәуірінде өмір сүрген адамдар балық аулап, аңшылықпен және терімшілікпен айналысқан. Бұл жердің табиғи-экологиялық жағдайы адамдарға қолайлы болған. Айнала қоршаған таулар алқапты қатты желден қорғап тұрған. Адамдар үйлер тұрғызуға, от жағуға және адамды жерлеуге арналған имараттарды салуға төбешіктерде өскен орман ағаштарын пайдаланған. Қола дәуірінде адамдар тастарды өндіре білген және оларды қорымға қоршау ретінде қолданған.
–Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста көптеген киелі орындар зерттелді. Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» картасына Ақмола өңірінен 46 нысан енді. Оның 11-і жалпыұлттық, 35-і өңірлік маңызы бар нысандар. Қорғау-құтқару жұмыстары кезінде анықталған жәдігерлер акт бойынша Ақмола облысының тарихи-өлкетану музейіне тапсырылады. Ерейментау, Сандықтау, Атбасар, Зеренді аудандарында және Степногорск қаласында жүргізілген қорғау-құтқару жұмыстарының нәтижесінде облыстық өлкетану мұражайының қорына екі мыңға жуық жәдігер тапсырылды. Қазір олар көпшіліктің көзайымына айналып, төл тарихымыздан сыр шертуде, – дейді Серік Ысқақов. 2003 жылдан бері орталық археологтарымен бірге екі мыңға жуық студент археологиялық қазба жұмыстарына араласып, тәжірибе жинақтаған. Орталық оқушылар мен студенттерге ғылыми тұрғыда көп көмек көрсетуде.
Осылайша экспедициямыз Қошқарбай қонысында өз мәресіне жетті. Көліктің терезесінен балбал тастарға ұзақ қарадым. Біз алыстаған сайын олар да кішірейе берді. Тура, өздерінің әлдеқашан тарихтың қойнауында жатқанын аңғартқаны тәрізді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар