Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары қаралды.
Қазақстанда карантин шаралары күшіне енгізілген кезеңде эпидемиологиялық ахуал тұрақтандырылып, медициналық ұйымдардың жүктемесі айтарлықтай төмендетілді. Вирус-ты жұқтырудың тәуліктік өсімі 4 прайыздан 0,5 пайызға дейін төмендеді. Сауығып шыққан адамдар саны 76 пайызға жетті. Репродуктивтіліктің орташа көрсеткіші 0,78-ге дейін төмендеді, төсек орындарының жүктемесі 26 пайызды құрайды.
Мемлекеттік комиссия өңірлердің әкімдерінің ұсыныстарын, сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да ведомстволардың ұстанымын ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын бекітті және бірқатар шешім қабылдады. Атап айтқанда, 2020 жылғы 17 тамыздан бастап барлық өңірлерде жұмысын қайта бастайтын кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерінің тізбесі бекітілді. Олардың арасында сауда үйлері, сауда желілері, жабық базарлар, сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар, бассейні жоқ фитнес орталықтары, бассейні жоқ моншалар мен сауналар бар.
Сонымен бірге, бірқатар тыйымдар сақталады: ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сонымен қатар, үйде өткізуге, барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фудкорттардың, кинотеатрлардың және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына, мәдениет нысандарының, музейлердің қызметіне, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге, бассейндер, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктердің жұмысына, діни нысандардың жұмысына, қала маңындағы жолаушылар пойыздарының, қалааралық автобустардың жұмысына рұқсат жоқ.