Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ана құдіреті - АРҚА АЖАРЫ

Ана құдіреті

 Сағат тілі түнгі екі жарым. Тас қараңғы бөлме. Үстел үстінде жанып тұрған майшамның  дірілдеген әлсіз жарығы да мардымды емес. Тіпті, бөлменің бір бұрышында бесік тербеткен келіншектің бейнесі де анық көрінбейді. Тек  әндетіп отырған әйелдің дауысы  еміс-еміс естіліп тұр.

Ол үшін бесік жырының мән-маңызы зор. Әр сәбиін дүниеге әкелгенде  тәрбиелік тағылымы мол осы әнді айтудан жалыққан емес. Тілеулес Тәжбенова бірнеше балаға әлемнің жарығын сыйлаған алтын алқалы ана. Көпбалалы ана атануыңызға не себеп деп сөзге тартқанымызда, үйінде жалғыз бала болғанын алға тартты. Содан бір-екі баламен шектелмей, өрісін кеңейтуге бел буған. Қазақ қызына тән ибалылықты, қайсарлықпен қабаттас мейірімділікті бо-йына сіңіре білген Тілеулес апай мен  құдай қосқан жары Тұрар Тәжбенов екеуінің бауырынан тоғыз бала  өрді. Олар жұмыс бабымен   жиі қоныс аударып, тұрғылықты үйлері болмаса да, өмірінде еш қиындық көрмегенін айтады.
–Күйеуім элеваторда жұмыс істеді. Содан Қорғалжын, Бұланды аудандарында ұдайы көшіп-қонып жүрдік. Дегенмен, бала өсіруде еш ауыртпашылық болмады. Керісінше, ұл-қыздарым есейіп, қолқанаттарыма айналды. Қайын енем де бір жағына шығысып, бала бағудың қыр-сырын үйретті. Ол кісіге деген алғысым шексіз, – дейді Тілеулес Аппасқызы.
Тұңғышы Алма туған соң  Қайырбек, Динара, Әділхан атты балалары бірінен соң бірі өмірге келіпті. Соған қарамастан, ол үйінің шаруасын атқарумен қатар, қара суықтың өтінде, аптап ыстықта элеваторда әртүрлі жұмыстар істеген. Сонда ұлдары Ниязбек, Алмас анасына қиындық көрсетпей, кішілерін балабақшаға апарып, әжептәуір көмек көрсетіпті. Бір елді мекеннен екіншісіне көшіп-қонудың өзі отбасы үшін қызыққа толы оқиғамен пара-пар еді. Сол мезеттерді еске алғанда ол күлімсіреп, азырақ кідіріп қалды. Мінезі жарқын, өзі қайсар әрі болмысынан өте қарапайым батыр ана бір сәтке өткен өмір парақтарын қайта ақтарып шыққандай болды. Терең күрсінгені, екі баласының кенеттен дүниеден өтуі жанын  қатты жүдетті.  Ана үшін ұлдарының қайтыс болуы жүрегін жараласа да, немерелерінің маңдайынан иіскегенде  соның бәрі бір сәт ұмытылғандай, басынан  қайғы бұлты сейілгендей болады.
Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, он жеті немере көріп, шөберелерінің қолынан су ішкен әже жетпіс үштен асса да, көзі қарақты, қоғамдағы өзгеріс-жаңалықтардан хабардар. Әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болған балаларына әлі күнге жөн сілтеп, ақыл-кеңесін беріп, қажет жерінде «ұрсып та» алады. Көпбалалы шаңырақта ауызбіршілік, бауырмалдылық сынды ізгі қасиеттер қалыптасқан. Қазақтың  ата дәстүрін дәріптейтін Тілеулес Аппасқызы ұлы Уәлихан, келіні Гүлмирамен бірге тұрады. Бес уақыт намазын оқып, Алланы аузынан тастамайды. Көпбалалы ананың тәлімі бүгінде келіндеріне де үлгі-өнеге болып отыр. Алтын діңгекті бәйтерек тектес ана әр отбасында баланың риясыз күлкісі естіліп, бақыт пен татулық патшалық етсе деп тілейді. Қазақта «Ананың тілегі алты молданың дұғасынан да күшті» деген сөз бар. Олай болса, осы  ақжарма тілегі періштенің құлағына шалынғай!
Ырысгүл АШУОВА.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар