17 тамыздан бастап Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Ақмола облысының аумағында карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңмен жеңілдету туралы қаулысы күшіне енді.
Қаулыға сәйкес, эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін облыс аумағында шектеу іс-шараларын жүргізу қамтамасыз етілуі тиіс. Облыс тұрғындары жеке қорғаныш құралдарын пайдаланып, кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтауға міндетті. Жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарының, жедел және шұғыл медициналық көмектің, мемлекеттік медициналық мекемелердің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, өрт сөндірудің, авариялық-құтқару және авариялық-техникалық қызметтердің қызметкерлерін, сондай-ақ стратегиялық объектілер мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің өндірістік процесін қамтамасыз ететін қызметкерлерді қоспағанда, сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін облыс елді мекендерінің аумағы бойынша тұрғындардың жүріп-тұруына шектеу қойылды.
Сондай-ақ, демалыс күндері 65 жастан асқан адамдарға көшеге шығуға рұқсат жоқ. Әлеуметтік қашықтықты және жеке қорғаныш құралдарын пайдалану мен кәдеге жаратуды сақтай отырып, ойын-сауық объектілері жоқ саябақтарға, алаңдарға, скверлерге және өзге де демалыс орындарына бір топта 3 адам немесе бір отбасы мүшелеріне баруға рұқсат етілді. Бірақ, үйлену тойлары, мерейтойлар, дұға секілді отбасылық шараларды және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге жол берілмеуі тиіс. Жерлеу іс-шараларын жүргізу кезінде кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, 30 адамға дейін ғана жиналуға рұқсат етілді.
Ойын-сауық мекемелерінің (караоке, бильярд, боулинг орталықтары, компьютерлік клубтар, түнгі клубтар, аттракциондар, балалар ойын алаңдары, батуттар және басқалар), кинотеатрлардың, букмекерлік кеңселердің және ересектер мен балаларға арналған өзге де ойын-сауық орындарының қызметі әлі тоқтатыла тұрады. Мәдениет объектілері – театрлар, мұражайлар, көрмелер, концерт залдары да әзірге ашылмайды. Жұмыс поездарын қоспағанда, қала маңындағы жолаушылар поездары, электричкалардың қозғалысы тоқтатылады.
Қаулыға сәйкес, мектепке дейінгі мекемелер әлі толық ашылмайды оларда кезекші топтардың қызметі сол күйі жалғасады. Демалыс күндері қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады. Мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің 80 пайыз үшін қашықтықтан жұмыс істеу режимі сақталады.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.