Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Этноауыл айшығы - АРҚА АЖАРЫ

Этноауыл айшығы

11 қыркүйек күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиыннан бастау алған мерекелік шаралар «Қазақ елі» алаңында өз жалғасын тапты.

Еліміздің барлық аймақтары өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған этноауыл шынымен-ақ, қазақ ауылдарының сән-салтанатын, өнері мен мәдениетін, қолөнері мен аңшылық, саятшылық дәстүрлерін, қазақ халқына ғана тән басқа да көптеген ерекшеліктерді паш ететін кең ауқымды көрмеге айналғандай әсер қалдырады екен. Жасақталуы мен безендірілуі көз тойдыратындай, әрқайсысы өзіндік салтанатымен ерекшеленетін ақшаңқан киіз үйлердің әсемдіктері бірінен-бірі өтеді десек, ақиқаттан алыс кетпегендігіміз.
  «Қазақ елі» алаңын толықтай алып жатқан этноауылды аралап шығу үшін біраз уақытыңыз кетеді. Ал, енді әр облыс құрған бірнеше киіз үйден тұратын кішігірім ауылда тап сол арада көз алдыңызда түрлі сақина мен білезік соғып жатқан зергерлердің жұмыстарын тамашалап, саятшылардың тазылары мен қаршығаларына, бүркіттері мен ителгілеріне көз салсаңыз, одан әрі ән мен күйге көңіл бөлетін болсаңыз, бір күнде құмарыңызды қандыра алмасыңыз хақ.
  Этноауылдың бір шетінен бастасаңыз Атырау мен Ақтөбе, Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстары тіккен үйлерге тап боласыз. Киіз үйлердің алдында отырған түрлі бұйымдар жасайтын шеберлер әп-сәтте-ақ қалаған затыңызды жасап береді. Бектас Кәрім, Руслан Яковлев сынды шеберлер мен зергерлер тері бұйымдары мен түрлі әшекейлер жасаса, Әділхан Қазыбековтың ет табақтары мен қымыз құятын кеселері, тағы да басқа бұйымдары әсемдігі тұрғысынан көпшілікті таңдандырса, ұлттық киім киген өнерпаздар да осы арада ән мен күйден шашу шашуда.
   Алаңдағы екі үлкен сахнада еліміздің әр облысынан келген өнерпаздар концерттік бағдарламалар ұсынуда. Қазақтың ел қорғаған батырларын да, сөз зергерлері ақындарын да, күйшілері мен әншілерін де, қысқасы, қазаққа тән өнердің де, батырлықтың да бейнелерін осы арадан тамашалай аласыз. Бір назар аударарлығы, мерекенің екінші-үшінші күндері ауа райы сәл мінез танытып, сібірлеп жауын жауып, жел тұра бастаса да, этноауылға қарай ағылған халық легі толастаған жоқ. Көшпенділер мәдениетінің мұрагері болып табылатын қазақ халқының бай мәдениеті мен өнерінің кереметтігіне осы арада көзіңіз жетеді. Сайып келгенде, мұның бәрі салт-дәстүрлеріміздің тереңдігіне үңіліп, халықтың тарихи санасын жаңғыртуға мүмкіндік береді.
  Жалпы, этноауылға өздерінің үлестерін қосқан еліміздің барлық облыстарының да өте тыңғылықты дайындалғандығы көзге ұрып тұрды. Оның айғағы ретінде мұндағы киіз үйлердің әсемдігі мен өте бай жабдықталғандығын, өнерпаздар мен қолөнер шеберлерінің туындыларының бірінен-бірі өтетіндігін айтуға болады. Осылайша Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып Астанада  өткен ұлы той береке-бірлігіміздің мығым, мемлекетіміздің іргесі бекем екендігін  паш етті. Әсіресе, шетелдерден арнайы келген  қонақтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің таңданыстарын жасыра алмағандығын көріп мерейіміз тіпті өсіп қалды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар