Ұлы Абайдың өсиеті нағыз тәлім-тәрбие мектебі

Қазір баспасөз беттерінде Ұлы Абайдың 175-жылдық мерейтойы қарсаңында көптеген мақалалар шығып жатыр. Сол еңбектерді, жалпы газеттерді оқитындар көп пе, оқымайтындар көп пе деген ой келеді. Менің байқауымша, соңғысы басым сияқты. Олай дейтінім, Кеңес дәуірінде сын айтылған немесе ұсыныс жасалған мақалаларға жауап беріліп, шара қолданылып жататын, ал, қазір жұмған ауыздарын ашпайды, себебі, оқымағандықтан шығар.

Қазір пандемияға байланысты біздей қарттарға үйден шықпаңдар, – деп отыр. Уақытты өткізу үшін телеэкранға үңілсең, мәнді де құнды ештеңе таппайсың. Соны басылымдарға беделді адамдар да жазып жатыр, түк өзгеріс жоқ. «Таңшолпан», «Дара жол», «Ниет» сияқты бағдарламаларды көруші едік, оларды да құртып жіберді. Бұлардың бәрін сөздің ретіне қарай айтып отырмын.
Негізгі қозғайын деп отырған тақырыбым, Абай атамыздың «Бес асыл ісінің» кейбіреулері. Менің алдымда журналист Мархабат Байғұттың 2013 жылдың 23 шілдесінде «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан өте көлемді мақаласы жатыр. Мархабат мырза әрқайсысын өте әдемі дәлелді жолдармен талдаған. Ал осыны оқып, өзінің өмірлік жолында бағдарлама ретінде ұстанып жүргендер бар ма? Әй, некен саяқ-ау, деймін.
Жалпы, менің пайымдауымша осы бес асыл іс қазақ идеологиясының өзегі болуы керек. Балалар мекемелерінің тәрбие жұмыстары осы қағидаларға негізделіп, жасөспірімді азамат ретінде қалыптастырса, ұстаз өз міндетін толық атқарды деуге болар еді.
Бірінші, ұлы Абайдың талап деген сөзін алайық. Меніңше талапсыз адам болмайды. Бұл менің ойым, ешкім қол қусырып отырмайды. Біреу жақсылық жаққа талаптанса, енді біреуі жамандық жаққа ұмтылады. Жақсылыққа талаптанғандар өзіне, халқына пайдалы істер атқарса, ал, жамандыққа талпынғандар бірінші өзіне зиян келтірсе, екінші, жүрген ортасына жамандық жасайды. Осы балалардың бәрі бір мектепте, бір мұғалімдерден тәрбие алған. Неге әртүрлі?..
Балалар мекемелерінде тәрбие жұмысы көбіне жалпылама түрде жүргізіледі. Оқушының ерекшелігі, мінез-құлқы, ата-аналарының жағдайы, жүрген ортасы, т.б. тыңғылықты ескерілмейді. Біз көбіне тыныш отырған баланы құрметтейміз, ал, мінезді, тыныш отыра алмайтындарды тәртіпсіздер қатарына жатқызамыз. Осындай балалардан бір өнер шығады. Ол жақсы болуы да мүмкін. Жаман болмауы үшін ол баланы терең зерттеу қажет. Қазір мектептерде штат ұлғайтылған, солардың ішінде директордың ғылым жөніндегі орынбасары, психолог, т.б. бар. Солар ғылыми негізде қызмет жасап, әрбір оқушыны терең зерттеп, ата-анамен, жүрген ортасымен бірігіп жұмыс атқарса, өз нәтижесін береді ғой деп ойлаймын. Бірақ, көпшілік жағдайда білім саласының басшылықтары оған мүмкіншілік бермейді. Бізде онша қажет емес, баланың өсіп дамуы-на пайдасы шамалы шараларды дайындап өткізу көп. Сонымен уақыттары өтіп жатады. Кейде мұғалімдерді аяймын. Басқа қызметкерлер кеңседен кеткен соң уақыттары бос, ал, ұстаздар үйіне келген соң да ертеңгі сабақтарға дайындалуы керек, оның үстіне балалар мекемелерінде істейтіндердің басым көпшілігі әйелдер. Үй шаруашылығы қоса бар. Жалпы оқытушылардың қатарында еркек қауымының көбірек болғаны дұрыс болар еді. Ол үшін еңбек ақылары жоғары болуы қажет. Жаңа заң қабылданды, ол да жартылай шешім бе деп ойлаймын. Байқап отырсам, медицина мен білім саласында басшылардың қатарында да еркектер сиреп бара жатқан сияқты. Бұл менің әйелдерді кемітіп отырғаным емес, ол кісілер мені кешірсін. Әйелдердің ішінде де еркектердің кейбіреуінен жақсы басқаратындар жеткілікті. Жалпы, еркек пен әйелдің басқару әдістерінде өзгешеліктер бар.
Ұлы Абай еңбек тақырыбына баса көңіл бөледі. Баланы сәби кезінен еңбекке бейімдесе, өсе келе еңбекқор болады. Мысалы екі-үш жастағы балаға үйде жиналған қалдықты шығарып кел десең, бала жүгіре жөнеледі. Осылай жасына қарай тапсырма беріп отырса, бала соған дағдыланады. Жалпы, менің байқауымша ауыл балалары қала балаларына қарағанда қол еңбегіне икемділеу келеді. Өйткені, олар дала жұмыстарында жас кезінен ата-аналарына көмекші болып өседі. Қала балаларына да жұмыс табуға болады. Біз үй жұмысы қыз балалардікі деп ойлаймыз. Негізінде осы жұмысқа ұл балаларды да тартуға болады. Бірде екі немерем Әліби мен Санжар келіп, үйді тазалап, шаңсорғышпен жұмыс істеп, атасы мен әжесіне көмектесіп кетті. Жұмыс істеулеріне қарап, бұл олардың күнделікті үйлеріндегі істері екендігін байқадым. Енді бір кішкентай немерелерім Ибраһим мен Әлихан біз үйде бақша суарып, ыдыс жуамыз дейді.
Абай атамыздың «… шошимын кейінгі жас балалардан; Терін сатпай, телміріп, көзін сатып, …», – дегені жастарымыздың еңбекке құлықсыз екендігін байқатады. Ондай жастар ортамызда біршама кездеседі. Ата-анасының зейнетақысына қарап отырған немесе жеңіл-желпі жұмыстарды атқарып жүрген ұл балалар баршылық. Менің байқағаным ұл балалардың біразы мейрамханаларда даяшы немесе жолаушылар көлігінде жолсерік қызметтерін атқарып жүрсе, қыз-келіншектеріміз қыстың аязында көшеде қар тазалап жүреді. Неге олай, керісінше болуы керек қой. Ауылда жұмыс жоқ дейміз. Жұмыс бар, соған мойын жар бермейді, халқымыздың «үш жылдығын ойламаған еркектен без …» деген сөзі бар. Менің есімде, ауылда жас кезімізде үлкендерге көмектесіп, қол шалғымен шөп шауып, ат арбамен сол шөпті үйге таситынбыз. Отын дайындайтынбыз. Үйдің жанына картоп отырғызатынбыз. Осындай әдіспен әкеміз бастап, бәріміз өзімізді асырайтынбыз. Мал өсіруге кім кедергі жасап отыр? Ауылға барғанда осыны кейбір тұрғындардан сұрасам, ол өзін-өзі ақтамайды, шөпті сатып алу керек деген сылтаулар айтады. Ештеңе де сатып алмай, өзің дайындауға болады. Әрине, оған біраз тер төгу керек. Ата-бабамыздың «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей…» деген қағидасы дұрыс айтылған.
Қазір Үкімет коронавирусқа байланыс-ты қолдау ретінде белгілі бір қаржы беріп жатыр. Меніңше, мұндай көмекті еңбекке жарамсыздарға беріп, он екі мүшесі сауларға балық емес, қармақ беру бағытын ұстаған жөн болар еді. Ойымды хакім Абайдың мына сөзімен аяқтауды жөн көрдім: «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, бәрі бай болады».
Мақтанғаным емес, алпыс жылға тарта адал еңбек еттім, міне бүгін, соның зейнетін көріп отырған жағдайым бар.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар