Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Пікірлер тоғысқанда - АРҚА АЖАРЫ

Пікірлер тоғысқанда

Елордамызда өткен мерейлі мереке жайындағы пікірлерін білмек болып, елімізге танымал азаматтардың бірнешеуін сөзге тартқан едік.

Аманкелді АЙТАЛЫ, мемлекет және қоғам қайраткері:    Әлеуметтану ілімінде «Ұлттық жетімдік» деген түсінік бар. Яғни, тарихын білмеген халық – жетім халық. Тастанды баланың тегін білмейтіндігі сияқты, өз тарихын, салт-дәстүрін білмеген адам ешқашан патриот бола алмайды.
  Бүгінгі біздің Қазақ хандығының 550 жылдығын ел болып тойлауымыз, әлемге қазақ деген ұлттың, ата-бабаларымыздың жалпы адамзат өркениетіне қосқан үлесін көрсетуіміз мерейімізді асқақтата түседі.
    Бүгінгі ұрпақ – біз осы бай тарихтың мұрагеріміз, жалғасымыз. Осыны жастарымыздың сезіне білуі үлкен рухани күш. Сондықтан да, мұның тәрбиелік мәні өте зор.
  Кейінгі кезде жиі айтылып жүрген «Қазақ елі Алтын Орданың тікелей мұрагері» деген пікірге келетін болсақ, бұл да шындықтан алыс емес. Алдағы уақытта тарихшылар нақты ойларын дәйектеп, тарихи деректерді айқындап  ортақ мәмілеге келетін болар. Бүгінгі мерекенің өзі Қазақ мемлекеттілігінің төрт жарым ғасыр тарихы бар екендігін паш етіп отыр ғой. Сайып келгенде, мұншама бай тарихы бар мемлекеттер көп емес.
  Мәселен, Қазақ хандығы бір күнде пайда болған жоқ қой. Оның алғышарттары болды. Яғни, қазақ жерінде болған Алтын Орданың бізге тікелей қатысты екендігін біз ғана емес, шетелдік, оның ішінде тіпті мына іргедегі Ресейдің ғалымдары да мойындап отыр ғой. Сондықтан, ол мәселеге де келерміз.
Төлеген ҚАЖЫБАЙ, жазушы: Бүгінгі той Қазақстан үшін, жалпыхалық үшін ерекше мереке. Керей мен Жәнібек хандар құрған Қазақ хандығынан бастау алған дәуірде талай алмағайып заманды бас-тан кешкен қазақ халқының бүгінгі тойы тәуелсіз Қазақстанның әлемдік аренада өзіндік орны бар екендігін тағы бір дәлелдеп отыр.
 Әрине, 550 жылдан бұрын да бүгінгі Қазақстан жерінде талай мемлекет болған. Оны тарихшылар зерделей жатар. Ал, бүгінгі той мемлекетіміздің мәртебесін асыруға, елдігіміздің терең тарихы бар екендігін көрсетуге мүмкіндік береді. Халықаралық аренада ел беделін одан әрі асқақтата түседі деуге негіз бар. Тәуелсіз еліміз жасай берсін. Еліміздің дамуына әрбір азамат өзінің еңбегі, патриоттық сезімі арқылы үлесін қоса берсін!
Надежда ЛУШНИКОВА, ақын: Білектің күшімен, найзаның ұшымен мына дархан даланы иемденіп қалған Ұлы қазақ халқының, оның негізі – Қазақ хандығының 550 жылдығы құтты болсын! Тарих қойнауына тереңдей бойлаған дархан елімнің тойы күлшелі болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Аруақтарға бас иіп, Ұлы тойға қатысып отырған өзімді бақытты санаймын.
Ахмет МУРАДОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты: Бүгінгі той тек қазақ халқының ғана емес, осы тәуелсіз Қазақстанды Отаны санайтын барша этнос өкілдеріне ортақ мереке. Осы той барша қазақстандықтар мақтан ететін мереке. Бұл біздің бірлігімізді, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түсуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні әлемде орын алып отырған көптеген келеңсіз жағдайлар бірлігіне қылау түскен елдердің тағдырлары қиын болатындығын көрсетіп отыр. Сондықтан да, әрбір қазақстандықтың патриоттық сезімінің нығайып, елі үшін, жері үшін мақтана алатындай болуы үшін бүгінгі тойдың маңызы өте зор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар