Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үш мың жылдық тарих – бір қойылымда - АРҚА АЖАРЫ

Үш мың жылдық тарих – бір қойылымда

«Барыс» мұз айдынында Қазақ хандығының 550  жылдық мерейтойына арнап қойылған қойылымды Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі бесінші саммитінің қатысушылары – Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Алиев, Қырғыз  Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері Исмет Йылмаз, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Рамиль Гасанов және басқа да мәртебелі меймандар тамашалады.

Сәтті сахналанған қойылымда 2500-ден астам өнерпаз халқымыздың үш мың жылдық тарихы мен қазіргі тәуелсіз Қазақстанның даму келбетін  айдай әлемге паш етті. Жеті тараудан тұрған қойылымның әр бөлімінде  өлең-жыр, ән-терме, хореография арқылы  тарихымыз бедерленіп жатты. Әрине, Ұлы Даланың бар өткені айналасы бірер сағатқа созылған көрініске сыйып кетуі мүмкін емес дегенімізбен, бастан кешкен басты-басты оқиғаларымыздың ешбірі де ұмыт қалған жоқ. Ұлы Даланың ұлылығын сақтаған тұлғалы ұлдарымыз бен қылықты қыздарымыз назардан тыс қалмады. Ел театрларындағы балет группаларының өнерпаздары сахнаны өздерінің намыс, рух, қайратқа толы қимылдарымен билеп, көрерменнің  делебесін қоздырды, әр қазақтың  жігерін жаныды. Көкке ұмтылған Өмір ағашы, сол көкте еркін қалықтаған тәкәппар мінезді Қыран,  халқымыз Ана деп таныған – қасиетті Жер, Жер-Ана образдары арқылы қойылымның негізгі идеясы айшықтала түскендей. Осы орайда, талай тарихи тұлғаны сахнада сәтті бейнелей білген Асанәлі Әшімов Жұбан Молдағалиевтың «Қыран даласымен» шетсіз-шексіз атамекеніміздің бар құдіретін жеткізе білгендей болды. Джен-кин-сон есімді сазгер арнайы  жазған «Туған жер»  композициясы да үйлесімді хореографиялық қимылдар арқылы өскен өлкеміздің тағдырлы Орда екенін ұғындырғандай. Ал, «Сақтар» сазымен Үйғарақ, Берел, Қарғалы, Бесшатыр, Пазырақ Тасмоладан табылған еліміздің ғана емес, жаһандық тарихтың жауһарлары көрсетілді. Әдемілік пен шеберліктің ғажап үйлесімі зергерлік бұйымдарымыз десек, сахнадағы Алтын адам бейнесі сол қолданбалы өнердің биік бір шыңы іспеттес болып көрінді. Төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп, тарихта өшпес із қалдырған, өлімші халықты тірілткен, кедей жұртты бай, елді бейбіт жай еткен  көсем Күлтегін тұлғасы ұлт айбарының шынарындай болды десек, қателеспейміз. Қайсар баба рухы бүгінгі сарбаздар үнімен үндесе шырқалғанда, мәңгілік мемлекетіміздің кешегісі мен бүгінінің арасындағы арқауы үзілмес үндестік сезілді.  Өшпес, мұқалмас рух көрінді.
Қойылымда сол ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі саналған Түркістан, Сығанақ, Тараз, Отырар, Сауран, Сарайшық қалаларында қалыптаса бастаған өркениет те көрсетілді. Өзінің ешкімге ұқсамайтын біртуар болмысы, дара тұлғасымен ерекшеленген аса ірі қолбасшы, әрі билеуші  Шыңғыс ханға да қойылымда әділ баға берілген. Ал, үшінші тарау толығымен хандық дәуір тарихын паш етті. Мұнда Алтын Орда, Көк Орда, Ақ Орда тарихынан сыр шертіліп, ел өміріндегі тағдыршешті оқиға – Қазақ хандығының құрылуы айтылды. Қуандық Қыстақбаев пен Әділ Ахметов Керей мен Жәнібек образдарын сомдап, екі жүздей театр, цирк әртістері хан көтеру дәстүрін жасады. «Дала ренессансы» деп аталған тарауда Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәли «Көк түркілер» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Сүйінбайдың «Қарасай Батыр» дастанынан үзінді оқыды. Сондай-ақ, осы тұста паң даланың басқа да дара ұлдары айтылмай қалған жоқ.  Федор Достоевскийдің Шоқанға жазған хатының үзіндісінен сол кездің өзінде өзге жұрттың да  Шоқанды, сол арқылы қазақты мойындағаны айқын көрініп, ол хат авторының әрбір сөзімен бекітіліп, дәлелденіп отырды.  Данышпан Абайдың «Желсіз түнде жарық  айы»  шырқалғанда, оған қосылмаған, тебірене-толқымаған жанның қарасы аз болды.
Тарихи аласапыран жылдар да көріністе көрсетілмей қалмады. 1917 жылғы Қазан төңкерісі, одан кейін ел аумағында орын алған елеулі өзгерістер бейнеленді. Осы кезеңде тәлкекке түскен тағдырлар Сыдық Мұхамеджановтың «Ғасырлар үні», «Шаттық Ота-ны», Қуат Шілдебаевтың «Отан – Ана» туындылары арқылы көпшілікке жеткізілді. Оны  «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының өнерпаздары мен Қазақ ұлттық өнер университеті өрендері орындады. Күңірентті, құлазытты.  
Бұл көрініс әйгілі «Әлиямен» жалғасын тапты. Бәкір Тәжібаев пен Сейдолла Бәйтереков тудырған ерлік дастаны арқылы халқымыздың екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен қаһармандығы көрсетілді. Бұл бөлімде сұрапыл соғыста, майдан даласында жаудан тайсалмай, дұшпанға тура қадалар отты оқтай болған ұлт перзенттерінің, батырларымыздың аттары аталды.
Соғыстан кейінгі жылдар да байтақ өлкенің тамырын бүлкілдеткен кезең еді. Ғарышты бағындырудың екінің бірінің басына қонар бақ еместігі белгілі. Осы бақыт та қазаққа бұйырған екен. Тоқтар мен Талғатымыз Көкке ұшып, мерейімізді өсірген еді. Осы сәт, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жасалған сапар Олжас Сүлейменовтың «Адамға табын, Жер енді» жырымен өрілді.  Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері тақырыптық қойылымды сахналауға атсалысты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар