Адамзатқа ортақ ойшыл

Хакім Абай бұрыннан туған халқымен бірге жасап, бірге өмір сүріп келе жатқан ұлы тұлға. Сонау Ұлы Отан соғысы жаңа аяқталып жатқанда, заманның қиындығына қарамастан, 100 жылдығы атап өтілді. Ал, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары 150 жылдығы тойланды. Енді міне, туғанына 175 жыл толуына да аса зор мән беріліп отыр.

Талай уақыт сынынан сүрінбей өткен ел-жұртымыз Абайдай ғұламаның данышпандығы мен ойшылдығына, арман-аңсарына барған сайын терең бойлауда. Бұл біздің ұлы Абайымыздың мына жарық дүниеге сирек келетін адамзат асылдарының бірі екенін түсінуіміз, оны рухани тұрғыдан өзімізге барынша қажет етуіміз.
Ұлттық әдебиетіміздің алыбы, ой жағынан ерекше жаратылыс иесін қашан болсын, туған халқымен тығыз байланыстыратын алтын арқау – ол әрине, өшпес, өміршең өлеңдері, аудармалары мен қара сөздері, сұлу да сырлы әндері. Абайдың кең дүние танымы, өмірді әр қырынан терең зерделеуі, «қалың жұртым, қазағым» деп өтуі оны туған халқының бүкіл замандардағы айрықша құбылысына айналдырды. Абайға қарап ой түзеген ұлтымыз бұдан былай да өзінің рухани даму көкжиегін осы бір бай мұрамен кеңейтіп, кемелдендіре берері сөзсіз. Өйткені, қазір елімізде Абайтануға бұрын-соңды болмаған ыждаһаттылықпен ерекше көңіл бөлінуде.
Мұны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел газеті – «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы «Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз» деген жүрекжарды сөзі де растай түседі.
Халқының қамын ойлап өткен ұлы бабамыздың қадір-қасиетінің көз алдымызда осылай жаңа сапалы биікке көтерілуі, аяулы есімінің ұлттық абырой-ұстынымыз ретінде айдай әлемге таныла бастауы тәуелсіз еліміз үшін үлкен жетістік. Абайды оқыған, Абайдың лағыл маржандай өлшеусіз мұрасына жүгінген адам одан өзін танып, ақиқаттың сырына бойлайды. Халқының мінін айтқан хакім ұлтына болашақтың нақты, тура жолын нұсқап тұр.
Абайдың тұңғыш шығармалар жинағы 1909 жылы жарық көріпті. Қазақтың кең сахарасына ол кітап аздық етіп, ақын туындылары бірден-бірге көбіне ауызша таралған. Ал, қазір Абай кітаптарының әр үйдің төрінде тұруына, үлкен-кішінің оның тұнығынан қапысыз сусындауына мүмкіндік мол.
Осыған біріншіден, мемлекет ықпал етуі керек десек, биыл ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы біздің елімізде ғана емес, одан тысқары жерлерде де кең көлемде аталып өтуде. Наурыз айынан бері оңай соқпай отырған коронавирус індетіне қарамастан, мерейтой аясында көптеген шаралар ұйымдастырылып, ақын шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Бұл – кемеңгер тұлғаны дүние жүзі де біле түседі деген сөз.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Қаулысымен бұдан былай ұлы ақынның туған күні – 10 тамыз елімізде Абай күні болып белгіленгені де ғұлама, ойшыл есімінің туған халқының жүрегінде мәңгі жасайтынының айғағы. Тек енді бұл күнді жыл сайын ұлы Абайдың бар қырын ашып, қасиетін тануға, сол арқылы ұлтымыздың рухани жан-дүниесін жаңғыртып, мінез-құлқын, өмірге бейімділігін ұштауға діттегендей пайдалана алсақ, жарады. Қазір білім беру жүйесінде қолға алынғалы жатқан Абайтану ілімі де кейінгі ұрпақты Абай ұлағатымен барынша жақындастыра отырып, оны жете білгізсе, тиісті тағылым алғызса құба-құп.
Өйткені, мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда елімізде тұңғыш рет аталып өткен Абай күніне орай, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абай – рухани реформатор» атты екінші еңбегінде де «Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет» деп текке айтпағаны түсінікті.
Замана көші қашанда осындай ұлыларға қарап бет түзеген. Ендеше, Абай да жылдан-жылға біздің ұлттық санамызға рухани жағынан өзінің мол игі ықпалын тигізе отырып, өзін әлі толық түсініп, біле қоймаған халық ұғымында нағыз рух көшбасшысына айналарына шүбә жоқ. Бұл үшін тек нақты іспен ойшыл ғұлама тағылымын көпшіліктің көкейіне сіңіре беруіміз керек.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар