Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өсиетің ұрпағыңа аманат - АРҚА АЖАРЫ

Өсиетің ұрпағыңа аманат

Анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап апарсаң да, перзенттік парызыңды өтей алмайсың.
Халық даналығы.

Анамыз Мүслима Ахметжанқызын ел-жұрты, алыс-жақын туысқандары адал жар, ардақты ана, ел анасы ретінде біліп, танитын. Замандастары анамызбен қимас құрбысындай сырласып, құдағилары қадірлеп, сыйласатын. Тоқтаусыз зымыраған қайран уақыт… Әулетіміздің ұйытқысы болған асыл анамыздың өмірден озғанына міне, қырық күнге таяп қалды.
Анамыз Мүслима Ахметжанқызы 1937 жылы қазіргі Ақмола облысы, Бурабай ауданының Жаңатуған ауылында дүниеге келген екен. Анамыздың балалық шағы ел басына түскен аласапыран соғыс жылдарына келді. Ер азаматтар қан майданда жаумен арпалысқанда ауылда қалған аталар мен әжелер, аналар мен балалар күндіз-түні тыным таппай еңбектенген кез еді ол.
Біздің анамыз да тұлымшағы желбіреген жас шағында ауылдың үлкендеріне ілесіп, колхозда еңбек етті. Жеті жасынан ауыр еңбекке араласты. Ауылдың өзіндей ойын баласы ұл-қыздарымен бірігіп, масақ терді, соқамен жер жыртуға көмектесті. Апта бойы жинаған астықтарын өгіз жеккен арбамен 50-60 шақырым жердегі Зерендіге тасуға көмектесті. Анамыздың айтуынша, сол кездегі балалар, жастар бастарына түскен қиындыққа мойымаған. Керісінше, олар өмірге өте құштар болған, жарқын болашақтан үміттерін үзбеген.
Әкеміз Қуанышбекпен 16 жасында бас қосып, отбасын құрды, ана атанды. Бір-біріне деген шынайы махаббатпен, түсіністікпен, сыйластықпен көтерілген шаңырақ берекелі болды. Дүниеден өткеніне биыл 20 жыл болған әкемізді өмір бойы сыйлап, «отағасым» деп қадірлеп өтті. Әкеміз бен анамыз 42 жыл тату-тәтті жасасты, өнегелі отбасында 9 бала өсіріп, тәрбиеледі, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 22 немере мен 23 шөберенің ата-әжесі атанды.
Анамыз үлкен әулеттің түп қазығы еді, өзі қандай көрікті болса, көркіне сай ойшыл, ақылшы болды. Өзінің табиғатындағы мейірімділігінен болар, бізге көз жанарынан әлде бір нұр шашып тұрғандай көрінуші еді. Ұлдарынан қыздарын, келіндерінен күйеу балаларын ешқашан бөлмейтін, «құлындарым», «алтындарым», келіндерін «асылдарым» деп, немере, шөберелерінің тәтті қылықтарын айтып, баршамызды мейіріміне бөлеп отырушы еді.
«Әрқашан адал болыңдар, ала жіпті аттамаңдар, адал еңбектеріңмен күн көріңдер, сонда ғана абыройлы боласыңдар» деп өз ата-анасынан алған тәрбиесін, тектілігін, өмірге деген көзқарасын біздің санамызға сіңдірді.
Жан Ана! Жанымыздан кеткеніңізбен, жарқын бейнеңіз санамыздан ешқашан сөнбейді, жадымыздан өшпейді. Жаныңыз мәңгілік жәннаттың төрінде болсын.

Сая Қуанышбекқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар