Қосшыны дамытудың бас жоспары елді мекеннің ертеңіне серпін береді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен Целиноград ауданындағы Қосшы ауылының Бас жоспары бойынша кеңес өткізіліп, астананың іргесіндегі елді мекенді одан әрі дамытудың жобасы қаралды.

Отырысқа облыс әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы, Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбеков, құрылыс саласының басшылары мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты. Кеңесте аудан басшысының ауылдың даму жоспары мен перспективалары туралы баяндамасымен басталды. Елордадан қол созым жерде орналасқан Қосшы ауылының тұрғындарының саны күннен-күнге артып келеді.
–Қолданыстағы Бас жоспар 2016 жылдың қазан айында Целиноград аудандық мәслихатында бекітілген болатын. Онда 2035 жылға қарай халықтың саны жобамен 50,2 мың адам болады деп қарастырылған. Даму перспективалары ескеріле отырып, қазіргі уақытта Қосшы ауылының бас жоспарына түзету жүргізілуде. Өйткені, 2035 жылға қарай ауылдағы халық саны 98 мың адамға дейін ұлғаюы мүмкін. Осы орайда, Бас жоспарға сәйкес ауылдың аумағына көлемі 513 гектар болатын екі жер телімін қосу көзделіп отыр, – деді аудан әкімі.
Қазіргі уақытта Қосшы ауылында жалпы сыйымдылығы 2236 орындық үш жалпы білім беретін мектеп бар. Тағы 1200 орындық екі мектеп салынуда. Осынша оқушыға арналған тағы бір мектептің құрылысы 2023 жылға дейінгі жоспарға енгізілген. Сонымен қатар, негізгі жоспарға сәйкес, жаңа әлеуметтік нысандар салынады. Атап айтсақ, ауылда 23 балабақша, емхана, дене шынықтыру-сауықтыру орталығы, стадион, музыка және спорт мектептері бой көтермек. Тұрғын үй саясатындағы негізгі бағыттардың бірі тұрғын үй құрылысының тұрақты қарқынын қамтамасыз ету болып табылады. Есепті мерзімге қарай жобада тұрғын үй қорын 2955,0 мың шаршы метрге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Болашақта Қосшы ауылында жаңа көшелер желісін салу мәселелері қарастырылуда.
Тағы бір ерекше екпін түсіре айта кететін жайт, 18 гектар алаңда жаңа әкімшілік орталығын құру жоспарланып отыр. Бұл құрылыс нысандары «Dalurus» серіктестігінің аумағында орналасады. Сонымен қатар, қосымша көлік магистральдарын құру, екі жаңа тұрғын үй ауданын салу жоспарға енгізілген. Бұл жаңа тұрғын үй аудандарының жалпы аумағы 230 және 283 гектар жерді қамтымақшы.
Дегенмен, шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Кеңесте аудан басшысы ауылдың аумағын кеңейту керектігін баса айтты. Себебі, бұл аймаққа кіретін жерлердің басым бөлігі жекеменшікте екен. Осы мәселеге байланыс-ты облыс әкімі тиісті сала басшыларына жекеменшік жер иелерімен ортақ келісімге келу керектігін айта келіп, нақты міндеттер жүктеді.
Аталмыш жоба қолданыстағы заңнамаға сәйкес аудандық және облыстық маңызы бар барлық мүдделі қызметтермен, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігімен келісуден өткен. Қазіргі уақытта ол Ақмола облысының сәулет және қала құрылысы басқармасында келісілуде. Кеңес соңында өңір басшысы аудан әкіміне, жоғарыда аталған басқарма басшыларына және басқа да жауапты тұлғаларға күн тәртібіндегі мәселе бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар