Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, Көкшетаудағы Абылай хан алаңында өткен салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеп, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспаналы болған тұрғындарға пәтер кілттері мен қалалық және аудандық ауруханалар мен емханалардың, медициналық-санитарлық қызметтердің өкілдеріне автокөлік кілттерін табыс етті.
– Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! 25 жыл ішінде Ата Заң саяси тұрақтылық пен ұлтаралық достықтың кепіліне айналды. Заң ережелері негізінде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – әр қазақстандықты баспанамен қамту. Біздің өңір тұрғын үй бағдарламаларын белсенді жүзеге асыруда, – деген Ермек Маржықпаев егемендік жылдары облыста 3 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтты. 13 мыңнан астам ақмолалық отбасы қоныс тойын тойлады. Үстіміздегі жылы 570 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Оның 242 мың шаршы метрі Көкшетау қаласында тұрғызылады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бас-паналы болған 65 отбасының 25-іне пәтер кілттері салтанатты жағдайда табыс етілді. Ұлық мереке қарсаңында қуанышқа кенелген тұрғындар облыс әкіміне ризашылықтарын жеткізіп жатты.
Сондай-ақ, бұл күні облыс әкімі Көкшетау қалалық емханасы, Аршалы аудандық ауруханасы, Атбасар көпбейінді ауданаралық ауруханасы, Зеренді аудандық ауруханасы мен Целиноград аудандық емханасына жедел жәрдем көліктерінің кілттерін, Бурабай, Атбасар, Жарқайың, Ерейментау, Бұланды аудандары мен Степногорск қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау басқармалары мен қызметкерлеріне «ПАЗ 2121» қызметтік автокөліктерінің кілттері мен Қазақстан Рес-публикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хаттарын табыс етті.
Салтанатты шара кезінде Ермек Маржықпаев арнайы көліктер медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен санитарлық қауіпсіздік деңгейін арттыратынына сенім білдіріп, алдағы қазан айында медициналық мекемелерге тағы 50 жедел жәрдем көліктерінің кілттері тапсырылатынын айтты.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.