Алты ойында ақыры бір рет жеңді-ау!..

Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы коронавирус індетіне байланысты бір басталып, бір тоқтап келе жатқан Премьер-Лига ойындарын өте қауқарсыз бастады. Биылғы біріншілікте бес ойын бойы жеңістің не екенін білмей, қарсыластарынан бірде-бір ұпай ала алмаған Андрей Карповичтің аяқ допшылары кеше алтыншы турда ғана Алматыда «Тараз» командасын тартысты ойында әзер еңсеріп, жанкүйерлерді көп тостырып барып алғашқы үш ұпайға ие болды-ау.

Жаман ауруға келіп тірелген басқа салалар сияқты биыл футболдан ел біріншілігінің де жолы болмай тұр. Әуелде чемпионат жап-жақсы басталып, Премьер-Лигадағы 12 команда екі турдың ойындарын өткізген. Одан әрі біріншілікте үзіліс жарияланып, ол ұзаққа созылып кетті. Тек шілде айында ғана ойындардың жалғасқаны сол еді, бір тур өтісімен-ақ қайта карантин басталды. Сөйтіп, чемпио-нат араға тағы біраз уақыт салып барып, өткен аптада ғана жалғасты.
Мұның алдындағы соңғы турда Еуропа чемпиондар лигасының іріктеу сынында Минскінің «Динамосынан» 6:3 есебімен ойсырай ұтылып оралған «Астана» клубымен бақ сынасқан жерлестеріміз тағы да 2:0 есебімен жеңілістің ащы дәмін татқан еді. Сөйтіп, өз қақпасына 12 доп жіберіп, қарсыластарына бір-ақ гол соға алған, бірде-бір ұпайы жоқ «Оқжетпестің» халі «Таразбен» болған ойынға дейін мүлдем мүшкіл болатын. Тіпті, әлеуметтік желілерде бас бапкер Андрей Карповичтің жаттықтырушылық қызметінен ығыстырылуы мүмкін деген сөз де шыға бастаған. Сондықтан, айтты-айтпады, Алматыдағы тараздықтармен бұл ойын бас бапкерге де, одан қалды, ойыншыларға да жанкүйерлер алдында өздерін ақтап алу үшін соңғы бір мүмкіндіктердің бірі еді.
Бұл арада Алматыны жиі ауызға алып жатқанымыздың да мәнісі бар. Мүлдем уақытынан кеш қалған Премьер-Лиганың биылғы барлық ойындары ендігі арада коронавирусқа байланысты тек бір ғана қалада – Алматыда өтеді деп шешілді. Рас, чемпионат ойындары үшін осы мегаполис-ке іргелес жатқан Талғар қаласының стадионы да пайдаланылуда. Қайта жалғасқан биылғы біріншіліктің және бір ерекшелігі, барлық ойындар «Казспорт» телеарнасынан тікелей көрсетіліп отырылады. Бұл өз сүйікті командаларының ойындарынан уақытша көз жазған жанкүйерлер үшін өте қолайлы жағдай деп бағалауымыз керек.
Сонымен, ойынның өзіне оралайық. Бірінші таймда екі команда да бір-біріне дес бермей, кездесу өте тартысты өрбігені байқалды. Өткен чемпионатта екі ретте де ұтылып, «Оқжетпеске» кеткен еселері бар, жалғыз біздің футболшылар емес, тараздықтар да алаңға тек жеңіс үшін шыққаны байқала түсті. Оның үстіне қоржындарында 4 ұпайдың барын ескерсек, қарсыластарымыздың бізге қарағанда, биылғы жағдайларының тәуір екендігі де көзге шалынбай қоймаған. Сол ойымыз расталғандай, алғашқы болып есепті бірінші таймның соңғы минутында 11 метрлік айып добынан оңтүстіктіктер ашты.
Үнжырғамыз түскенімен, дестің берісі, ойынның екінші кезеңі енді бастала бергенде Санат Жұмаханов қақыратқан соққысымен қақпаны тура көздеді. Бұл Тараздың қақпашысы Сейсен үшін алынбайтын доп еді. Осы голмен жігерленген оқжетпестіктердің ойыны әжептәуір өңіне кіріп сала берді. Келесі гол да бізден болып, Мартинстің алыстан тепкен добын тағы да қақпа торынан көруіміз, жеңіс келгендей қуантқан. Бірақ, «Тараз» да оңай шағылатын жаңғақ еместігін танытып, 11 метрлік айып добын біздің қақпада тулатқан сол Бауыржан Тұрысбек айып алаңында шалт қимылымен қорғаушыларымызды тағы да қапы қалдырды. Есеп 2:2 болып теңесіп, енді тым болмаса тең тарассақ деп осыны да тілеудей тілеп отырғанда сербиялық легионер Обрадовичтің жарқ етпесі бар ма. Ойын бойы жан аянбай, біздің команданы алға сүйреумен болған жансебіл Стояновичтің алыстан көлбете берген дәл пасын дұрыс пайдаланып, салқынқандылықпен қақпашының жанынан допты торға салды да жіберді. Жеңіс! Биыл сәтсіздік шырмап алған «Оқжептестің» алғашқы жеңісі. Онымен соңғы орындарды бөлісіп тұрған Ақтаудың «Каспийі» де бұл турда мықтылар қатарындағы Қызылорданың «Қайсарынан» 1:0 есебімен бәсін асырып, алғашқы үш ұпайға қол жеткізді. Демек, жерлестерімізге алда да оңай болмайтын түрі бар. Әзірше көш басында – «Қайрат». Оның екінші орындағы «Астанадан» алты ұпайы артық. Енді қалған ойындарда осы бір жеңіс дем беріп, біздің «Оқжетпес» те турнир кестесіндегі жағдайын түзеп алса дейсің…
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар