Абай өлеңдеріндегі құзыреттілік мәселелері

Қоғамдық дамудың қазіргі үрдісі өзінің іс-әрекетін тиімді жоспарлай алатын, алынған білімді орынды пайдалана білетін, түпкі нәтижеге жету үшін түрлі топтардағы адамдармен қарым-қатынас диалогіне түсе алатын, білімді тұлғаны тәрбиелеу мәселесін қойып отыр. Олай болса, сапалы білім алған, танымы жоғары, құзыретті, бәсекелестіктің мықты тегеурініне төтеп бере алатын тұлғалар ғана болашақтың іргетасын берік қаласа алады.

«Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде» «құзыр» ұғымына «қайсыбір тапсырманы орындауға қабілеттілік немесе бір нəрсені жасау» деген анықтама берілсе, С.И.Ожегов сөздігінде «құзыреттілік – белгілі бір мəселені жан-жақты білу» екендігі айтылады.
Ұрпақ тәрбиесіне, баланың азамат болып қалыптасуына халқымыз үлкен мән берген. Ұлттық тәрбие, оқу білім, азаматтық іс, ел мүддесі талай ғасыр жасап келе жатқан әдеби мұраларымыздың өзегіне айналғаны шындық. Бүгінгі білім жүйесінде тұлға бойына қалыптастырылатын құзыреттіліктердің бәрі дана ойшылдардың нақыл сөздерінде, ақын-жыраулардың толғауларында айтылған, жазылған. Абайдың «Жастықтың оты жалындап» деген өлеңіндегі:
Уайым – аз, үміт – көп,
Ет ауырмас бейнетке.
Бүгін-ертең жетем деп,
Көңілге алған дәулетке.
Қайратпен кіріп, жалынбай,
Ақылмен тауып айласын,
«Мен қалайға?» салынбай,
Жылы жүзбен жайнасын, –
деген жолдарда жас азаматтың ойлаған мақсатына жету, қайрат пен ақылды қатар алып жүріп, қашанда алдында тұрған мәселені шешіп, өз ортасынан орнын таба білуі тілге тиек етілген. Бұл бүгінде біздің білім алушы бойына қалыптастырылуға тиіс құзыреттіліктің бірі – басқарушылық. Білім алушының өзіндік танымдық қызметке қабілеті немесе өмір бойы білім ала білу қағидасы жөнінде Абай Құнанбаев: «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңінде:
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға, –
дейді. Ақынның бұл өлең тармақтарында мінез бен білімді үйлестіре білу, әр нәрсенің байыбына барып әрекет ету – адамның танымдық қызметін ұйымдастыруына жол ашады деген ой айтылып отырғаны байқалады. Ұстаз өмір бойы оқиды, өмір бойы шәкіртіне білім береді. Өмір тәжірибесі мен білімін, ақпарат көздерін шәкірттің тиянақты білім алуына жұмсайтынын тіліне тиек етеді. Бұл білім алушының ақпараттық құзыреттілігін қалыптастыруға септігін тигізеді. Ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:
Осы жалған дүниеден,
Шешен де өткен не бұлбұл,
Көсем де өткен не дүлдүл.
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл – мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап, құлаққа іл.
Немесе «Интернатта оқып жүр» өлеңінде:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Қалай сабыр қыласың,
Жазықсыз күнде сөгуге? – деген жолдар азаматтық құзыреттілікті көрсетеді. Шәкірт бойына тек білім ғана емес, ертең еліме қызмет ете білуім керек деген игілікті ой ерте қалыптасуы керек. Сонда ғана елінің ертеңіне алаңдайтын ұрпақ қалыптасады. ХІХ ғасырда ақын өлеңінде көтерілген бұл мәселе бүгінгі білім беру жүйесінің алдында тұрғаны бәрімізге аян.
«Интернатта оқып жүр» өлеңінде ақын:
Интернатта оқып жүр,
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы,
Ойында жоқ олардың,
Шариғатқа шаласы.
Орыс тілі, жазуы –
Білсем деген таласы, –
деген жолдарда, қазақ орыс, шет тілдерінде ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасау қабілеті негізінде қалыптасатын коммуникативтік құзыреттілік танылады. Басқа елдің тілін білу дегеніміз – сол елдің мәдениетін игеру, түсіну. Бүгінгі күні жастардың бірнеше тілді игеруі – заман талабы. Бәсекелестік күшті қоғамда сапалы білім алған абзал. Дегенмен өзінің ана тілін қастерлеп, қадірлеген ұрпақтың еншісі зор болатыны шындық. Ендеше, ақын қазақ баласының орыс тілін игергені жөн, дегенмен өз елінің діні мен ділінен алыстамаса екен деген жүрек түкпіріндегі ойын да білдіреді.
Ұлы ақын «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде біз көтеріп отырған құзыреттілік мәселесіне орай жастарға:
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой,
Бес асыл іс көнсеңіз, –
деп, адам бойындағы әрдайым талаптану, білімге ұмтылу, ерінбей еңбектене білуді, терең ойлылық, білімге құштарлық, қанағатшылық, көпке мейірімділік, қамқорлық сияқты асыл қасиеттерді
насихаттаса,
Өсек өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ, –
деп жалқаулық, өсекшілдік, өркөкіректік, өзімшілдік, мақтаншақтыққа берілу, ысырапшылдық сияқты жаман мінездерден аулақ болуға шақырады. Осы Абай Құнанбаев поэзиясынан келтірілген мысалдар арқылы «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарында» көрсетілген басқарушылық, ақпараттық, коммуникативтік, әлеуметтік, тұлғалық, азаматтық, технологиялық сияқты 7 негізгі құзыреттілікті көреміз.
Бүгінгі білім беру жүйесі көптеген жаңалықтар мен өзгерістерді басынан кешіріп жатыр. Жаңалыққа құштар болу, өзгеріске икемделе білу керек екенін уақыт көрсетіп отыр. Дегенмен, әр халықтың рухани мұрасынан нәр алған, дәстүр жалғастығын сақтаған талап пен ізденістің қашанда ғұмырлы, баянды болары хақ. Ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай мұраларының бір парағын сараптай отыра, осындай ой түюге болады.
Айнаш ҚҰРМАНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар